Қарымды қаламгер Төлеген Жаңабайұлы хақында

DSC 0093 Жаңалықтар

Atr.kz/11 маусым, 2019 жыл. Халқымыздың ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда бұрын ұмыт қалған тарихи тұлғалар мен тәуелсіз Қазақстанның негізін қалыптастыруға өз үлестерін қосқан азаматтар туралы қалың оқырманға насихаттап, олардың есімдерін жаңғыртқан өлкетанушы ғалымдар аз емес. Солардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Төлеген Жаңабайұлы.

Алғаш кездескенде таң қалдырғаны оның жеке кітапханасы болды. Бұл өзін шығармашылық пен ғылымға арнағысы келетін қазіргі жас ізденушілерге үлгі бола алады.

Төлеген Жаңабайұлы ө л к е т а н у ш ы р е т і н д е алғашқылардың бірі болып, есімі ел есінде қалған ақын Ығылман Шөрекұлы, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедов және басқа да Батыс Қазақстандағы, оның ішінде Атырау өңірінен шыққан көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлер, ұлтымыздың зиялы қауымы туралы қалам тартып жүрген ғалым.

Бүгінде Төлеген аға – жастарға айтары мол, зерттеу тақырыбының аясы кең, нағыз өлкетанушы ғалымұстаз. Еңбектерімен танысу барысында байқағанымыз кәсіби тарихшы болмаса да, өзінің зерттеулерінде автордың тарихи салыстырмалы, сараптама функционалды зерттеу, контенттік сараптама әдістерін өте шебер пайдаланатындығын атап өтуді жөн көрдік. Мәселен, Ығылман Шөрекұлының дүниеге келген кезеңін былайша дәлелдейді: «Қай ақынның болса да, әсіресе, ауыз әдебиет өкілдерінің өткен өмір жолдары, ғұмырнамалары өлең-жырларында өрнектеліп, іздері сайрап жатады.

Түсініп болмайтын қилы кезеңнің перзенті, айтулы ақын Ығылман Шөрекұлы да өзінің ұзақ өмірбаяндық толғауын былай бастаған: Пендеге зор, дәреже ғылым, білім, Бір Алла дана қылар сүйген құлын. Болғанда мың сегіз жүз жетпіс алты, Сол екен дүниеге келген жылым. Дүниеге келген жылым тышқан екен, Сол жылдың жазға салым тұстары екен. Камалдан үш күн бұрын жерге түсіп, Доңыздан сол себепті тысқары екем… Өкінішке қарай, мен 1975 жылы Миялы селосында Сарман Ғапурин қарттан жазып алған осы жолдардың әрі қарайғы жалғасы ол кісінің жадында жөнді сақталмапты. «Көлемді толғау еді, әттең-ай, көп жыл үзеңгілес жүргенде дұрыстап зер салып, толықтай жаттап алмаппын ғой.

Білетінімнің өзін, жасымның ұлғайғандығы ма, ұмытып қалыппын», – деп қынжылып еді ол. Бірақ, қос шумақтың өзінде ақынның қай жылы туғаны, айы, күніне дейін айна қатесіз айқын жырланған. Демек, ЬІғылман Шөрекұлының дүниеге келген кезі – 1876 жыл. Оған талас жоқ. Ескіше жыл қайырғанда ол ақынның өзі айтқандай, тышқан жылына тұспа-тұс келеді. Ал, жерге шыр етіп түсіп, кіндігі кесілген мезгілі қамалдан үш күн бұрын екен. Тоғыс есебінде қамал қазіргі наурыздың 22-нен басталады. Одан үш күнді шегергенде наурыздың 19-на сәйкес келеді.

IMG 0439

Атырау аймағының Тайсойған-Бүйрек өңіріндегілер наурыздың 14-ін қазақша жыл басы деп, ерте бастан бері төс қағысып, көрісуді бастайды. Сонда ақынның туу сәтінің доңыз жылынан тысқары қалу себебі де анықталады. Сөйтіп, осы деректерге сүйеніп, қорытынды жасағанда Ығылман Шөрекұлы 1876 жылы наурыздың 19-ында туған..»

Ал, оның соңғы, сиясы әлі кеппеген «Халқымен етене Халел хакім» атты публицистикалық баянның бастарын құраған кітабында ұлтымыздың ұлы тұлғасы, Алашорда қозғалысының батыс бөлімшесі жетекшілерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, бірегей ғалым, профессор Халел Досмұхамедов туралы баяндалады. Автор баршаның құлағына жетіп үлгермеген, айтылғандары айтылған күйінде қалған тарамдарын, негізінен, оның туған өңіріне, өскен ортасына, ағайын-туыстарына қатысты бөліктерін қамтуды көздеген. Халел есімінің халқына қайта оралған шақтарындағы жарқын сәттер мен түйткілді тұстарды да Т.Жаңабайұлының қаламынан тысқары қалмаған.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, егемен ел болған кезеңде Елбасының қасынан табылған, оған кеңесші болған қоғамдық, мемлекеттік-саяси тұлғалардың ішінде Атырау топырағынан шыққан академик-заңгер Салық Зиманов пен жазушы Зейнолла Қабдолов екені даусыз. Қазіргі кезде осы екі арысымыздың Қазақстанның қазіргі заман тарихында алатын орны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен де, академик ғалымдарымыздың Тәуелсіз Қазақстандағы қоғамдық және тарихи санамызды қалыптастырудағы атқарған орны мен рөлі әлі де жан-жақты насихатталу керек деп есептеймін.

Осы орайда Т. Жаңабайұлының «Сырлы сөзбен сурет салған» (Жазушы-публицист Зейнолла Қабдолов көсемсөздің хас ұстасы) деген мақаласы мен академик Салық Зимановқа арнаған өлең жолдарының алатын орны ерекше, тағылымы мол. Автордың «…Әдебиет әлемінде қалдырған айшықты іздерімен ерекшеленген, атақтары ғылымның шырқау шыңына самғап шыққан, жоғары оқу орындарында ұстаздық ұлағатты мектептері қалыптасқан әмбебап тұлғалар кімдер? Алқалы бас қосуларда, қызықты сауық-сайрандарда, білік сайыстырғанда сахна төрлерінен осындай сұрақ қойыла қалса, оған жауап берушілердің қиналмасы хақ.

DSC 0149

Олар іркілместен екі арысты – алдымен Мұхтар Әуезовтің, оған жалғас Зейнолла Қабдоловтың аты-жөндерін айтарлары айдай шындық. Неге олай? Неге ұлы Мұхтарға ілесе Зейнолланың ныспысы аталады? Сөз жоқ, бұл көп қырлы Зейнолланың сан салалы еңбегін әбден мойындағандық болып табылады. Бір басқа жетіп артылатын жазушылыққа, ғалымдыққа, ұстаздыққа қоса қайраткерлігі және бар. «Адамзаттың Айтматовы» дегенмен пара-пар көзі тірісінде «Қазақтың Қабдоловы» атанған бірегей. Өзінің сүйікті сөзімен өрнектесек, бүтін бітім. Шын мәніндегі әмбебап тұлға!», – деген пікірі көп ойды қозғайды.

Ал, Төлеген Жаңабайұлының Салық Зимановқа арналған «Атағы аян ғаламға» атты ө л е ң і н д е г і ш у м а қ т а р академиктің ғаламдық тұлға екендігіне дәлел болғандай. Дара заңгер елді аузына қаратқан, Дана тұлға заң ілімін таратқан. Құдайға құлдық ғаламға аян ғалымды, Атыраудың ұлы қылып жаратқан.
Шындық үшін балақ түрсе арымас, Заңдылықтан жалтарғанмен жаны қас. Әділдіктің ақ жолында тура айтар, Тура би ол туғанын да танымас.

Бұлтартпайтын алға ұстап дәлелін, Ұштағандар бірі тергеу әлемін. Жемқорлармен жаластың ба ауызды, Хан болсаң да бермес саған сәлемін. Шаттанбайды осындайда қандай жан, Пірім аттың басын бұрса шалғайдан. Көпті жебеп аялаған алақан, Бізді келіп, сипап тұрса маңдайдан. Төлеген Жаңабайұлы үшін шығармашылық бүкіл өмірінің мән-мағынасына айналып отыр. Бүгінгі аймақтану мен өлкетану ғылымының дамуында жаңа оқулықтар пайда болып, жаңа теориялар мен әдістемелер қалыптасуда. Осы орайда Төлеген ағамыздың жазылғанынан, әлі жазылатыны көп өлкетанушы-ғалым ретінде орны ерекше дегіміз келеді.

Сайфолла САПАНОВ,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз