«Қара алтын» құны құрықтала ма?

altynnyn» quny Жаңалықтар

Atr.kz/8 қазан, 2019 жыл. Жалпы, дүниежүзілік додада «қара алтын» құны түрлі жағдайларға байланысты құбылып тұрады. Оны қалыпты көрініс ретінде қабылдағанмен, мұндай ахуал мұнай өндіруші және тасымалдаушы елдердің экономикасына қалай әсер етеді? Баға не күрт көтеріледі, не құлдырап құлайды. Бұл жай – Қазақстанға да тән.

ЖАРЫЛЫС ЗАРДАБЫ

Мұнайды өндіруші және сыртқа тасымалдаушы мемлекеттердің көшін бастайтын Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл әлемдегі «қара алтын» құнының күрт өзгеруіне себеп болды. Ұшқышсыз ұшатын ұшақ ірі нысанды жарып жіберуі салдарынан көмірсутегі

шикізатын өндіру жөнінен әлемдегі үздік үштіктің алдында тұрған ел өнім шығаруды тәулігіне бұрынғы 9,8 млн. баррельден 5,7 миллионға дейін қысқартатынын мәлімдеді. Демек, екі есе дерлік аз. Бұл тұтынушылар көп қолданатын Брент маркалы мұнай бағасының әр барреліне 71,6 долларға бір-ақ секіруіне соқтырды. Өсім 19 пайызды құрады. Қайткенде де, халықаралық с а р а п ш ы л а р С а у д Арабиясындағы оқиғаға аса алаңдаушылық танытып отыр.

Біріншіден, «қара алтын» құнының қазіргі күрт қымбаттауы қысқа мерзімді ғана қамтуы ықтимал. Біраз уақыттан соң жағдай тұрақталып, мұнай бағасы әр барреліне 65 долларға оралуы мүмкін. Бірақ, әлемдегі ең ірі экспорттаушы елге мұндай шабуыл қайталанбасына кім кепілдік береді? Дүниежүзілік додада тізгінге ие болуға ұмтылушылар аз емес. Тіпті қарапайым лаңкестер кезекті жарылыс жасайды. Әлемдегі бай мемлекетке көз алартушылар әркезде табылады.

Екіншіден, Сауд Арабиясы мұнай өндіру мен экспорты бойынша дүние жүзінде бірінші орын алады. Өткен жылы мұнда тәулігіне 10,3 млн. баррель көмірсутегі шикізаты алынды.

Өзге мемлекеттерге бір-ақ күнде 7,4 млн. баррель «қара алтын» жөнелтілді. Бұл – орасан үлкен жетістік.

Мәселен, өнімді тысқа тасымалдау жөнінен екінші орында тұрған Ресейдің үлесі осы мерзімде бес-ақ миллион баррель болған екен.

Оның үстіне, Сауд Арабиясында жарылған зауыт – жай ғана мұнай өңдеуші кәсіпорын емес, елдің экспортқа арналған барлық «қара алтыны» жинақталатын орын. Осы жерде көмірсутегі шикізаты әбден тазаланып, құрамындағы барлық қоспалардан арылады. Содан соң ғана тысқа тасымалданады. Енді бұл зақымданған соң сыртқа шығарылатын өнім тәулігіне екі миллион баррель шамасында кемігелі тұр. Бұл – мұнай өндіру жөнінен әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін Кувейттің бір күндік көрсеткіші. Немесе тұтастай алғанда әлемдік нарық тәулігіне төрт миллион баррель төңірегінде «қара алтынды» кем алмақ. Ал, бұл – бастапқы бестіктің бел ортасындағы Ирактың тәуліктік деңгейі.

Міне, үшіншіден, мұның бәрі мұнай бағасының өсуіне әсер етеді. Ал, «қара алтын» құнының күрт көтерілуі кеніштерді тағылықпен игеріп, коммерциялық қордың кемуіне соқтырады. Көмірсутегі шикізатына ие елдер қазіргі қымбатшылықтан тезірек табыс табуға ұмтылып, нарықты өніммен молынан толтырады. Ұсыныс сұраныстан асып кетуі де ықтимал. Бұл кейін мұнай бағасының тағы да түсіп кетуіне ықпал етпек. Мұндай тұрақсыздық «қара алтын» өндіруші және экспорттаушы елдерді біріктіретін ОПЕК ұйымына мүше мемлекеттердің мүддесіне қайшы келеді.

ТЕҢГЕ ТҰРАҚТАЛА МА?

Мұнай бағасындағы күрт өзгеріс төл ақшамыздың долларға шаққанда азкем өсімін туғызды. Ресей рублі де сәл көтерілді. Рас, мамандар мұның уақытша құбылыс екенін, доллар өзінің басымдығына оралатынын айтады. Бірақ, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнайдың әр баррелі 60 долларлық меже ретінде белгіленгенін ескерсек, қазіргі ахуал бізді қанағаттандырады.

Оның үстіне, халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, баға 65 доллардан төмендемейді. Ал, мұнай 55 долларға дейін арзандаса, Ұлттық қорға 137,7 млрд. теңге кем түседі. Мемлекет басшысының Жолдауында осы қаржылық құрылымның қаражатын сақтау қажеттігі текке айтылған жоқ. Мұндағы миллиондаған теңге – елдің ертеңі, келешектің кілті.

Осы орайда 2016 жылы әлемдік нарықта мұнай бағасы әр барреліне 29 долларға дейін құлдырағаны бар.

Сондай сәтте тығырыққа тірелмес үшін қордағы қаражат қажет. Алайда, ОПЕК ұйымы «қара алтын» құнының күрт көтерілуін құптамайды. Бұл шикізат бағасының алдағы уақытта аса арзандауына соқтырады. Ол өз шығынын да ақтамайды.

Осы орайда Ирак пен Нигерия экспорт бойынша алған міндеттемесін орындамай келе жатқан-ды. Биылғы қазаннан бастап өнім өндіруді азайтуға көнді. Дегенмен, ОПЕК мүшелерінің бірі Сауд Арабиясындағы зауытқа шабуыл халықаралық ұйымды әлсіретуге бағытталуы да мүмкін. Соның салдарынан Үндістанға және өзге де Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сұйық отын жеткізу қиындайды. Өйткені, Сауд Арабиясы экспортының 70 пайызы осы бағытқа арналған.

Жарылыс салдарынан мұнай көлемінің кемуі, баға тіпті өсуі мүмкін. Бұл қалыптасқан сауда жүйесіне кері әсер етеді. Соңғы жылдары таспатас мұнайын саудаға шығарып, резервте тұрған кеніштерін ашқан АҚШ-тың жағдайы да жақсы емес. Мамандар алып мемлекеттің де қоры сарқыла бастағанын айтады. Мәселен, соңғы үш жылда жиырма миллион баррель шамасында кеміпті. Соның дені ішкі қажеттілікке жұмсалған.

Оның үстіне, Америка мұнайы сапасы жөнінен араб елдерімен бәсекелесе алмайды. Сондықтан, сыртқы саясаттағы кейбір кереғарлыққа қарамастан Сауд Арабиясынан «қара алтын» тасымалдауға мәжбүр. Ал, соңғы айларда оның көлемі тәулігіне 500-600 мың баррельге азайған.

Ал, Қазақстанға мұндай ахуал қалай әсер етпек? ОПЕК құрамына мүше болмаса да, біздің еліміз де мұнайы мол мемлекет ретінде оны өндіру мен сату жөнінде бірқатар міндеттемелер қабылдады.

  • Мәселен, өткен жылы республикада 90,3 млн. тонна мұнай өндірілсе, биылғы меже – 88 миллион.

Рас, бұған кейбір объективті себептер болғанымен, ОПЕК өтініші де қанағаттандырылды. Бірақ, келешекте қалай болмақ?

Қазақстан 2023 жылы мұнай өндіру көлемін 99 млн. тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Теңіз бен Қашаған кеніштерін одан әрі игеру нәтижесінде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Бұған біраз қаражат жұмсалмақ. Демек, инвесторлар соның қарымын күтеді. Олардың ешкімнің алдында міндеттемесі жоқ. Нарықтың заңы – табыс табу.

P.S.

Сонымен, Сауд Арабиясындағы зауытта болған жарылыс дүние жүзін дүр сілкіндірді. Әліптің артын баққан әлем іштей тынды. Өйткені, бұл тұтас Парсы шығанағындағы ахуалды асқындырды. «Қара алтын» саудасында алыпсатарлардың белсенділігі артты. Олар баға бағамын бұрмалап, жең ұшынан жалғасуға кірісті. Сондықтан, мұнай өндіруші және тасымалдаушы мемлекеттер алып елдегі жағдайдың тезірек жөнге келгенін қалайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

  • Қазақстан 2023 жылы 99 млн. тонна мұнай өндіруді межелеп отыр.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз