ҚАНСОРҒЫШТЫҢ КӨБЕЮІ – ҒАЛАМДЫҚ ПРОБЛЕМА

prarararara Жаңалықтар

Atr.kz/23 тамыз, 2019 жыл. – Байырғы теңіздің орнында орналасқан Атырау жерінде маса мен шыбын жаз айларында көбейе түседі. Тіпті, жергілікті тұрғындар үшін бұл қалыпты жағдай саналатын.

Бірақ, соңғы жылдары маса күрт көбейіп кетіп, қалалықтардың қалыпты тірлігін бұза бастады. Күндізгі ыстықтан кейін кешкілік уақытта аулаға шығып таза ауамен тыныстаудың өзі мұңға айналды. Жыл сайын қансорғыштармен күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізілгенмен, нәтиже жұртшылық көңілін көншітпей отыр. Әлі де сол көрініс, жағалауда да, үйдің алдында да, көшеде де қаптаған маса маза бермейді, – деді қазіргі ахуалға қатысты пікірін білдірген қала тұрғыны Гүлайна Иманәлиева.

Биолог-энтомолог Айнагүл Дәулетиярованың айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда, биыл өңірде қансорғыштар шамадан тыс көбейіп кеткен. Сараптамалар мен зерттеулердің қорытындысына сәйкес, жағдайдың дәл бүгінгідей ушығуына үш негізгі себеп бар.

– Біріншіден, табиғи тепетеңдік бұзылды. Масаны дәрілеу жұмыстарының өз тәсілі бар. Мысалы, ең алдымен айналаны улап, «кедергі» жасаймыз. «Ақ Жайық» резерватының аумағында үлкен ну қамыс, оның арғы жағында теңіз бар екенін білеміз. Қазір келіп жатқан қансорғыштың «aedes caspins» деп аталатын түрі сол жақтан жеткендер. Оны болдырмас үшін көктем шығып, ыстық басталмай тұрып, ну қамысты дәрілеп тастаймыз. Бұл біз үшін «шекара» деп аталады.

Сол жерде жауын-шашын жауған кезде найзағайдың салдарынан 16 шілдеде өрт шығып, біздің «шекарамызды» «тілсіз жау» «құшағына» алды. Жел екпіні азайып, күн тымық болған кезде масаның барлығы қалаға келіп, шабуыл жасай бастады, – деді ол.

Оның айтуынша, ол облыс орталығындағы тұщы, лас сулар қансорғыштар көбеюінің екінші себебі деуге болады. Өйткені, бұл да масаның «ошағына» айналады. Қалада жеке үйлер қатары артқан сайын кәріз сулары да көбейіп, жерасты суларына жетеді. Сөйтіп, қансорғыштар жиналатын орта пайда болады. Канал мен дренаждағы судың шіруі де кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл – үшінші себеп.

– Бұрын күн сәуір айларынан бастап жылитын. Биыл мамырдың басында-ақ 27 градус ыстықты көрсетті. Бұл масаның пайда болуына «қолайлы» орта. Ал, күн салқындаған кезде оның «өмір сүру» ұзақтығы ұлғаяды. Негізі, мұндай жағдай біздің қалада ғана емес, табиғи тепе-теңдіктің жойылуы ғаламдық проблема. Қазір Алматы қаласында да, көршілес Астрахан облысы мен Индер ауданының Өрлік ауылында, Исатай ауданындағы Забурын ауылдық округінде де осындай жағдай қалыптасып отыр, – дейді ол.

КҮРЕС ЖҰМЫСЫ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Ал, қансорғыштармен күрес жұмыстары 30 сәуірде тендер өткізілгеннен кейін мамыр айынан басталған. Негізі, бұл шара жылылық түспес бұрын ауа температурасы 0 градусты құраған кезде, яғни, наурыз айының 15-16-сында қолға алынуы тиіс. Биолог-энтомолог Айнагүл Сайынқызының түсіндіруінше, қаланы бір күнде түгелдей қамту мүмкін емес. Сол себептен, жұмыс кезең
кезеңмен жүзеге асырылады.

Келісім-шарт бойынша қаланың 40 200 гектар аумағына улау жұмыстары жүргізілген. Таңертең екі бригада, кешке үш бригада жұмыс істеп тұрған көрінеді. Облыс орталығына қарасты алты селолық округ бар. Соңғы уақытта қалаға қосылған Геолог, Жұмыскер, Балықшы секілді елді мекендерде де улау шаралары жүргізіліп жатыр екен.

– Тұрғындар тарапынан масаға қарсы дәрінің құрамын үнемдеп, аздап қосады деген әңгімені жиі еститін болдық. Алайда, бұл қате пікір. Егер біз препараттардың құрамын көбейтсек, онда барлық жәндік атаулының өліміне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, тек масаны ғана жоюға арналған инсектицидтерді пайдаланамыз, – дейді ол.

ДЕЗИНФЕКЦИЯЛЫҚ ШАРАҒА – 130 млн. ТЕҢГЕ

Биыл «AG Disinfection Services» ЖШС компаниясы масамен күрес жұмыстары үшін мемлекеттік сатып алу конкурсынан 130 млн. теңгені ұтып алған. Қазіргі таңда серіктестікте 43 дезин
фектор еңбек етеді. Олардың барлығы да – жергілікті мамандар. Олар желдік генераторы бар бес автокөлікпен жұмыс істейді. Улау жұмыстары жүргізілгеннен кейін сегіз-он күнде нәтиже береді.

Мәселен, бір тоннаға бірінен төрт литр, тағы бір түрінен бір литр қосылады. Ал, қаншалықты мөлшерде құйылатыны коммерциялық құпия болып есептеледі екен. Айталық, мамыр айынан бері төрт дәрі ауыстырылыпты. Өйткені, жылдан-жылға масаның дәріге уланған ортаға бейімделгіштігі өте жоғары болып келе жатқан көрінеді.

Мысалы, бірінші «Алмафос» пайдаланылған, одан кейін «Синузан» деген дәрілер жақсы нәтиже берген болатын. Кейін бірте-бірте олардың да әсері азая бастаған. Сосын «Агран», «Циперметрин» қолданылған. Тіпті, «Сольфак» да пайдаланылыпты. Қазіргі таңда Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Қызыл Кремльді улап жатқан «Медилис ципер» деген дәрі қолданыла бастаған. Жалпы, дезинфекциялық құралдар әр жақтан алынады. Мысалы, «Сольфак» дәрісі – «Bayer» компаниясының өнімі, «Циперметринді» өндіруші ел – Үндістан, ал, «Медилис ципер» – ресейлік компания тауары.

Р.S.

Бүгінгі таңда Атырауда масаның үш түрі кездеседі. «Aedes Caspins», «Culex pipiens», «Culex modestus» деп аталатын қансорғыштар адам денсаулығына аса қауіпті емес. Алайда, дәрігерлер масаның шағуы аллергиялық аурулар тудыратынын айтып дабыл қағуда.

Қалай десек те, қансорғыштармен күрес жұмыстарын әбден күн ысығанда емес, ертерек бастауға дағдылану керек. Жертөлелерді уақытылы құрғату да ең алдымен өзімізге байланысты екенін ұмытпауымыз қажет. Себебі, алдағы жылдардың болжамы көңіл көншітпейді. Энтомолог маманның айтуынша, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан бес-алты жылда бізге масаның өзге түрлері де келуі мүмкін. Зика вирусын тарататын қансорғыштың лезде құрсақтағы шарананы құртып жіберетіндей қауқары болады екен. Сондықтан, ертеңімізді бүгіннен бастап қолға алғанымыз жөн болар еді.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Тилек

    Оданда дурыс кызмет аткармайтынынды мойындау керек коктем шагын ауданына 1рет кана шаштындар ондада кунде телефон согып азер келдиндер содан караларынд батырдындар жалган малммет бермендер