Қандай үлескер қаржысы құрылысқа құйылмайды?

Baspana barsha a Жаңалықтар

Atr.kz/18 ақпан, 2020 жыл. Баспананы «үлеске қатысу» арқылы алуды жоспарлап жүрсеңіз, асығыс шешім жасаудан аулақ болыңыз. Мұндай қадамға барар алдында «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Атырау қаласының әкімдігі рұқсатсыз үлескерлердің қаржысын үй құрылысына тарта алмайтындығын ескертіп отыр.

Әлеуметтік желіде жарнамасы желдей ескен құрылыс компанияларының «ұрандары» бірі-бірінен асып түседі. Жайлылығына байланысты пәтерлердің бағасы да әртүрлі. Басты талап – тұрғын үй құрылысы басталмас бұрын үлескер болу. Сонда үйдің бәсі де нарықтағыдан төмен ұсынылады.

Алайда, мұндай құрылыс компанияларының барлығы бірдей уәдесіне тұрып, белгіленген мерзімінде пәтер тапсырмаған деректері жиі кездесіп жүр. Мұндай нысандар біздің шаһарда да жоқ емес. Сәулеті бір-бірінен асып түсетін жайлы пәтер құрылысын аяқтағанмен, газ да, жарық та жүргізілмей қалған жағдайдайлар кездескен. Сондықтан, баспана нарығына инвестиция салып, үлескер болмас бұрын заңдылыққа жүгіну қажет.  

– ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңына сәйкес (5-тарау, 18-бабы), құрылыс салушы мекеме жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) рұқсатынсыз үлескерлердің ақшасын тарта алмайды.Үлестік қатысу арқылы пәтер алуды жоспарлаған азаматтар тұрғын үй құрылысын жүргізетін мекеменің рұқсаты бар немесе жоқ екенін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен біле алады. Сондай-ақ, үлескерлерден ақша жинауға рұқсат алған компаниялардың тізімі қала әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында жарияланады, – дейді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Науаров.

Ал, үлескерлерден ақша жинауға рұқсат алған компаниялардың қатарында «Solar kz», «AS Parking», «New Capital Investment» және «Болашақ-Т» серіктестігі бар.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз