Жүзі жарқын жақсы адам

2019032115495748946 photo 179423 640x418 1 Жаңалықтар

Atr.kz/4 наурыз, 2020 жыл. Мемлекет басшысының Халықаралық әйелдер күні қарсаңында республиканың әр түкпірінен келген қыз-келіншектерді қабылдауы дәстүрге айналды.  Сондай кезекті басқосуға Жылыой мұнай-газ өндіру басқармасының темір жонушысы Майра Аманова да қатысқан-ды. Сол кездесуден құлсарылық қыз қандай әсер алды? Арнайы хабарласып, шағын сұхбат ұйымдастырғанбыз.

– Ашығын айтқанда, Астанадан шақыру келерін күттің бе?

– Еш күткенім жоқ. Әдеттегі жұмысымда жүргенмін. Жалпы, мен  кезінде кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, темір жонушы мамандығын алған аз ғана қыздың бірімін. Содан 1989 жылдан бері мұнайшылар сапында еңбек етіп келемін.

Ал, Елбасымен кездесуім тіпті күтпеген жай болды. Бір күні басшылар шақырғасын бардым. Олар біраз сауал қойды, бәріне жауап бердім. Сөйтіп, жұмысыма қайта оралдым. Содан екі-үш күннен кейін Астанадан Махаббат Сансызбаева есімді әйел қоңырау шалып, наурыздың үшінде Астанада болуым қажеттігін айтты. Аң-таңмын. Басқарма басшылары қайта шақырып, Елбасымен кездесуге баратынымды айтты. Сол сәттегі менің көңіл-күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Әрі қуандым, әрі қобалжыдым. Мұндай бақыт екінің бірінің басына қонбас. Мен секілді мұнайшы қыз-келіншектер аз ба? Олар да ерлермен бірге «қара алтын» селін тасытып жүрген жоқ па? Бірақ, қайткенде де, таңдау маған түсті.

Содан уәделі күні Астанаға ұштық. Елордада біздің аяғымызды жерге тигізбеді. Әуежайдан күтіп алған қыз-жігіттер кеткенше асты-үстімізге түсіп, барлық жағдайымызды жасады.

– Елбасымен кездескенде нендей күй кештің?

– Оны жеткізуге тілім де жетпейді ғой. Әттең, ақын болсам, сол сәттің өзіне жыр жолдарын арнар едім. Міне, содан бері де бір жыл өтті ғой. Бірақ, бәрі де жадымда жаңғырып тұр. Елбасы – жүзі жарқын жақсы адам екен.

Жалпы, Елбасымен кездесуім менің туған күніме тартылған сый секілді. Өйткені, мен 5 наурызда, яғни Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өмірге келгенмін. Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу сағат жарымға созылды. Мемлекет басшысының әр жұмыс уақыты есептеулі ғой. Соған қарамастан, бізге осынша мезгілін бөлді.

Әрине, кездесуді ұйымдастырушылар алдында өзімізді еркін ұстауымыз керектігін, еш нәрседен қысылмауымыз қажеттігін айтқан. Дегенмен, көңілдегі қобалжу қалай басылар? Бұрын теледидардан ғана көріп, сөзін тыңдап жүрген жанмен бетпе-бет кездесу, қолын алып, ашық әңгімелесу сәті туарын кім білген? Бірақ, Елбасы біз отырған бөлмеге кіріп келгенде бойымызға ерекше шуақ тарағандай болды. Бөлменің іші де нұрланып, айрықша арайланып кетті. Елбасымен бірге бір столдың басында сағат жарымдай отырдық. Бірақ, маған бәрі қас-қағым сәтте өткендей көрінді. Мүмкін, уақыттың осыншама шапшаңдығын бірінші рет сезінген шығармын. Әйтсе де, ғұмырыма жетерлік, балаларым мен немерелеріме айтарлық әсер алдым.

Мемлекет басшысы отбасылық тәрбиеге, демографиялық ахуалға қатысты тағлым аларлық әңгіме айтты. Жалпы, біздің елімізде әйелдер жан-жақты қамқорлыққа ие емес пе? Олардың білім алуына, қызметтік сатыда көтерілуіне, басшылық лауазымдарды иеленуіне ешқандай кедергі келтіріліп отырған жоқ. Сәби өмірге келгенінде төленетін бір реттік жәрдемақы көлемі жыл санап артуда. Көп балалы аналарға ұсынылып отырған көмек те жетерлік. Жас отбасыларына баспана берілуде. Соның бәрі демографиялық ахуалды сауықтыруға оң әсер етпей ме? Міне, Елбасы әйелдерге осындай қамқорлық жасауда.

– Кездесуге түрлі мамандық иелері барған шығар.

– Жалпы, Елбасымен жүздесетіндер жай адамдар емес қой. Бұл кісі түрлі мемлекеттер басшыларымен кездеседі. Ал, менімен бірге болған әйелдер әр мамандық иелері еді. Ғылым мен өнер, әдебиет пен кәсіпкерлік, т.б. салаларда ерен табысқа қол жеткізген, мемлекеттік марапаттарға ие болған қыз-келіншектер болды. Атыраудан бірге барған Гүлжан Лұқманова полиция қызметкері екен.

Бірақ, мен солардың арасында өзімді қатардағы жұмысшы сезінгенім жоқ. Мүмкін, бұл бала кезден қалыптасқан қайсарлығым шығар. Қарапайым ғана отбасынан шықтым ғой. Әкеміз өмірден ерте өтіп, төрт баланы анамыз жеткізді. Осы темір жонушы мамандығын таңдағанда да өжеттігім әсер еткен болар. Елбасымыз қазір жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру керектігін айтып жүр. Расында да, жұрттың бәрі заңгер немесе экономист болса, темірді кім жонады? Оны кім дәнекерлейді? Оның үстіне, бүгінде жұмысшылар да озат техника мен озық технология тілін білуі тиіс. Әйтпесе, жоғары талаптарға сай келетін өнімдерді дайындау мүмкін емес. Мемлекет басшысы да бізге осыны  тапсырып отыр. 

-Елбасымен кездесуге барғаныңа отбасың, ауылдастарың мен ұжымдастарың қуанған шығар?

– Әрине.  Жалпы, менің жолдасым Сыражан да мұнай өндірушілер сапында. Теңіз кенішінде аға электрик болып қызмет істейді. Екеуіміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлымыз Жалғас Атырау мұнай-газ институтын тәмамдады. Одан кейінгі қызымыз Гүлайна медициналық колледжде дәріс алады. Кіші қызымыз Сәбина мектеп оқушысы. Кенжеміз Бекет бес жаста.

Елбасымен кездесуім отбасының ғана емес, ағайын-туыстың, көршілердің, тіпті барлық таныстарымның қуанышына айналды. Көшеде кездескендер қолымды алады. Бәрі де құттықтап жатыр. Ал, мұнайшылар – өте тату халық. Ұжымдастарым бірінен соң екіншісі келіп, ақ тілектерін жаудырды. Өздері барғандай-ақ мәз-мәйрам. Қуаныш бөліссе, толысады ғой. Мен сол үшін оларға разымын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз