Құлсарылықтар да электронды билетке көшті

img 20200204 wa0004 Жаңалықтар

Atr.kz/4 ақпан, 2020 жыл. Әрісі Астана, Алматы, берісі Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерге енгізілген электрондық есеп айырысу жүйесі өзіміздің Құлсары шаһарына да келіп жетті. Ақпан айының алғашқы аптасынан бастап «Батыстехинвест» ЖШС-не қарасты қалаішілік маршруттар онлайн көліктік картасына көшірілді.

     Серіктестіктің бас директоры Әуез Әбіләкімовтің айтуынша, енді қала ішінде қоғамдық көлік қызметін пайдаланған жолаушы жолақысын көліктік карта арқылы төлейді. Бұл қолма-қол ақшаға қарағанда әлдеқайда тиімді. Карта, негізінен, төрт санатқа бөлінеді. Атап айтқанда: бірыңғай, жеңілдікті, әлеуметтік және оқушыға арналған түрі. Жеңілдікті түрі жолақыны 50 пайыз мөлшерінде төлейтін зейнеткерлерге арналса, автобуста тегін жүруге құқығы бар мүгедек, «Алтын алқа» иегерлері әлеуметтік картаны қолданады. Соңғысы ­– оқушыларға, яғни,  мектеп жасындағы балаларға арнап шығарылған карталар.

Бұл жергілікті әкімдікпен арада жасалған келісім шартқа сәйкес жүзеге асырылып жатқан жоба. Картаны мекеменің 8-учаске тұсындағы өндірістік аймағында орналасқан кеңсесінен немесе автобус жолсеріктерінен сатып алуға болады. Зейнеткер, мүгедек жандар, «Алтын алқа» иегерлері, басқа да топтағы азаматтар қоғамдық көлікте жүруге арналған жеңілдікті пайдалану құқығын растайтын құжаттарын өзімен бірге ала келгені жөн. Ал оқушыларға арналған түрін тұрғындарға жеңіл болу үшін мектептер арқылы таратудамыз. Ал карта ішіндегі ақшаны «Kaspi bank»-тің терминалдары, «Киви кошелёк» секілд мобильді і қосымша арқылы толықтыру қарастырылған. Бұл жөнінде банкпен арнайы келісім жасалған,-дейді қызмет көрсетуші кәсіпорын басшысы.

     Еске сала кетейік, осыған дейін «Батыстехинвест» ЖШС-нің қамтуындағы  қалаішілік маршруттар GPS жүйесіне көшірілген еді. Соның арқасында енді қала тұрғындары өздеріне қажетті қоғамдық көлік қозғалысын «Qulsary Bus» қосымшасы арқылы бақылап отыру мүмкіндігін иеленді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

Жылыой ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз