Ұстаз құрметіне – «Күзгі кросс» (+ФОТО)

Жаңалықтар Спорт ФОТОГАЛЕРЕЯ

Atr.kz/7 қазан, 2019 жыл. Жуырда Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері және үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Бақтығали Орынбасаровтың 70 жас мерейтойына орай мектеп оқушылары және колледж студенттері арасында жеңіл атлетикадан «Күзгі кросс» өткізді.  

Ұстаздар күнімен тұспа-тұс келген бұл жарысқа қалалық оқушылардан бөлек Индер, Жылыой, Исатай, Қызылқоға аудандарының командалары да қатысты. Жайық жағасына алдымен 2005-2006 жылы туған ұлдар мен қыздар шығып, олар өзен бойын жағалай «Атырау-Ақпарат» ғимаратынан «Атырау» спорт кешеніне дейін жүгірді. Бұл сында ұлдар арасында бірінші болып индерлік Ізбасар Асқаров келсе, қыздар арасында атыраулық Кәмшат Қыдырқожа жеңімпаз атанды.  

Ал, 2003-2004 жылы туғандар осы межеге «Інжу-Маржан» шипажайынан шықты. Желаяқтардың бұл бәсекесінде ұлдар арасында атыраулық Шыңғысхан Күлмесханов  қарсыластарынан оқ бойы озық келсе, қыздардан  Дарья Затюпа (Атырау қаласы) бірінші болды.  

Жарыстың салтанатты жабылуында Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының директоры Сәдіржан Жекенов  мерейлі жасқа келген спорт ардагері Бақтығали Әмірұлына естелік сыйлық табыс етті. Ал,  саналы ғұмырының  50 жылын облысымыздағы спорттың дамуына жұмасаған ардагер ұстаз жарыста жеңімпаз атанған желаяқтардың әрқайсысына футбол добын сыйға тартты.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *