ҰРПАҒЫМЫЗДЫ ТАТУЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕСЕК…

38f15565063b4bc69691b43161dc497d Жаңалықтар

Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Атырауда жиырма шақты этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Солардың бәрі де тілі басқа, тілегі бір, түрі басқа, жүрегі бір талай ұлт пен ұлыстың берекелі бірлігін үлгі етіп отыр.

Расымен де, бірлік бар жерде ғана тірлік пен тұрақтылық болады. Ал, кешегі Жамбыл облысында орын алған келеңсіз жағдайға келер болсақ, бұдан ащы сабақ алуымыз керек. Қай жердің асын асап, суын сіміріп отырған адам сол елдің тілі мен ділін, діні мен басқа да ұлттықмәдени салт-дәстүрін құрметтей білуі қажет. Біздер, аға буын өкілдері, аталар мен әжелер осыны кейінгі толқын іні-қарындастарымыз бен ұл-қыздарымызға, олардың балаларына айтып отыруымыз керек. Бұл іс тек мәденикөпшілік шаралармен шектелмеуі тиіс.

Күнделікті ортада, отбасында ұлт пен ұлыстың бірлігін, елдегі тыныштық пен татулық жайында үлкендер әңгіме айтып отырса, құба-құп. Міне, бізге осы жағы жетіспей жатыр. Мұны кешегі жағдай да айқын аңғартқандай болды. Жалпы, қазақ халқы қиын-қыстау шақта ешкімнің ұлты мен басқа да белгілеріне қарамастан барлығын бірдей бауырына басты. Ашаршылық жылдары да «өзге жерден келдің» деп ешкімді өзектен тепкен жоқ. Сонысымен де қазір әлемге үлгі болып отыр емес пе?!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау облыстық филиалының басшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз