Ұлы Жібек жолы: «Рухани карта» нені қамтиды?

1349886170 istoria jibek Жаңалықтар

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсынды. Рухани лидердің пікірінше, бұл карта халықтар арасындағы үзілген рухани һәм мәдени байланыс жібін жалғайды.

«Өткенсіз болашақ жоқ. Біз өткеннен өнеге алған халықпыз. Осы ретте әріптестеріме Ұлы Жібек жолы елдерінің «Рухани картасын» жасауды ұсынамын. Рухани карта өскелең ұрпақтың тарих пен руханият саласына қатысты сұрақтарына жауап беретін бейнебір бағдаршам, шамшырақ болуы тиіс. Тарихынан тағылым алған, ал тарихи тұлғалардан тәлім көрген ұрпақ діні мен дәстүрін үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырмақ. Бұл бастама тарихшы ғалымдар мен дін ғұламаларының Жібек жолы тарихын ғибраттың көзімен қайта зерттеуін қажет етеді», – деп атап өтті Елордада өткен «Рухани Жібек жолы.

Ислам және жастар: қазіргі заман сынқатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференцияда баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы. Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының пікірінше, «Рухани карта» адами фактордың әсерінен дінді әлемдік деңгейде проблемаға айналдырып жіберген исламофобиямен күресте мықты механизм бола алады. Ұлы Жібек жолы елдерінің «Рухани картасы» дегеніміз не? Тарих қатпарларындағы нендей дүние ескерілуі керек? Осы сұрақтарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұровқа қойған едік.

«Ұлы Жібек жолының тарихы тереңде жатыр. Бұл жолдың негізі осыдан үш-төрт мың жыл бұрын болған. Тарихи деректерде Ұлы Жібек жолының Қытайдың Хан патшалығы кезінде ғана өркендей бастағандығы айтылады. Оған себеп – Хан патшалығының Хан Уди патшасы Жаң Чянды батыс өңірге екі мәрте жіберіп, Орталық Азиядағы елдермен достасуға пейілді болғандығы еді. Жаң Чян қазіргі Ферғана, Самарқан және Балқаш көлі сияқты жерлерге барған. Жаң Чянның сапары бұл жолды шығыс пен батыс үкіметтері арасындағы байланыс жолына айналдырды» дейді спикер.

Осылайша, Жаң Чян батыс өңірге және Орта Азияға Қытайдың жібек өнімдерін таратқан. Ал, елге қайтар жолында өзге жерлердің тауарлары және батыс өңірінің музыкасы сияқты алуан түрлі мәдениетті алып қайтқан. Осылайша, тарихи деректер Жаң Чянның сапары қытайлықтардың батыс өңір мен Орта Азия арасындағы байланыстың нығаюына мүмкіндік бергенін көрсетіп отыр. Спикердің пікірінше, Шығыс пен Батыс әлемінің аралығындағы дәнекерге айналған Ұлы Жібек Жолы өз дәуірінде өркениеттерді өзара тоғыстырды. Ендігі міндет – тарих тасасында қалған құндылықтарды аршып алу.

«Ұлы Жібек жолының көп бөлігі Орталық Азия мен Қазақстан жерін қамтыған еді. Бұл тарихи үрдіс халқымыздың мәдениетін, рухани мұрасын байыта түсті. Қазақ топырағында жазу, сәулет, қол өнерінің дамуына оң әсерін тигізді. Бұл процесс бабаларымыздың интеллектуалды өміріне өзгеріс әкелді. Орталық Азия мен Еуропа арасында алтын көпір болып, байланыс кеңістігін қалыптастырған осынау сауда жолының бойында ірі-ірі мешіттер мен кесенелер бой көтерді. Отырықшылық мәдениет нығайды. Мұның
барлығы тарихпен дәлелденген дүниелер. Осы кезеңде бой көтерген әлемге әйгілі Отырар, қазіргі Түркістан, Сауран, Сайрам, Тараз сынды ежелгі қалалар дүниежүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосты. Бұл тақырыптар әлі де зерттеуді қажет етеді» дейді Бас имам Батыржан Мансұров.

Алысқа бармай, Атырау атырабындағы қасиетті Сарайшықты мысалға алайық. Тарих қойнауында өркениет өзегі ретінде сақталып қалған Сарайшық қаласының іргесі XI ғасырда қаланған. Қала Еуропа мен Азияны жалғастыратын керуен жолы бойында орналасқан. Мұнда салтанатты сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер салынған. Қала Алтын Орда хандары жерленген қасиетті орынға айналған. Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров ислам дінінің кеңінен таралуында Сарайшықтың маңызы зор болғанын айтты.

«Кезінде қазақ даласынан атақты ишан, молда, хафиздар шықты. Олардың ислам дінін таратудағы жүріп өткен жолы өз алдына үлкен мектеп еді. Ұлы Жібек жолы елдерінің «Рухани картасын» жасақтау – қазақ даласындағы мұсылмандық мектепті дамытуға да үлес қосады деп сенемін» дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

Халықаралық конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Ресей мұсылмандары діни басқармасы және Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы, мүфти, шейх Равиль Гайнутдин, Өзбекстан мүфтиі Усмонхон Алимов, Қытай Ислам қауымдастығының төрағасы Хасан Фа Мин, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтомушев, Моңғолия мүфтиі Батырбек Хадыс, Финляндиядағы Ислам орталығының төрағасы Голтен Бедретдин, т.б. дін қайраткерлері, діни саладағы мемлекеттік органның басшылары, зиялы қауым өкілдері, жалпы саны 300 делегат қатысты.

P.S.

«Тарихынан тағылым алған, ал тарихи тұлғалардан тәлім көрген ұрпақ діні мен дәстүрін үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырмақ». Бұл Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сөзі. Ендігі жерде, Жібек жолы елдерінің Діни басқармалары осынау тарих жолдың өткенін ғибраттың көзімен қайта зерттеуі қажет.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз