ҰБТ: биылғы өзгеріс қандай?

Білім Жаңалықтар Мәселе

Atr.kz/20 маусым, 2019 жыл. Бүгін мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ басталды. 26 маусымға дейін жалғасатын  бұл сынаққа аймақтағы 5225 түлектің 4124-і қатысады. Биылғы ҰБТ тапсыру форматында нендей өзгерістер бар? Түлектердің дайындығы қандай деңгейде?

Мектеп бітірушілер ҰБТ-ны төрт рет тапсырады. Қаңтар, наурыз, тамызда – ақылы түрде, ал маусымда тегін қатысады. Бұған дейінгі тест сұрақтарынан ойдағыдай өткендер жоғары оқу орнына тек ақылы түрде қабылданады. Ал, мемлекеттік білім грантын алу үшін ҰБТ-ны маусымда тапсыруы тиіс.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратованың сөзінше, биыл тест ережелеріне қатысты өзгерістер орын алмады. Талапкерлер бұрынғыдай 120 сұраққа жауап беруі керек. Тестілеудің жалпы  уақыты – 3 сағат 50 минут. Ең жоғары балл 140 болса, өту баллы – 50. «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» бағыттары бойынша қазақстандық  жоғары оқу орындарына түсу үшін 60 баллдан төмен жинамауы керек, ал қалған басқа мамандықтар бойынша балл 65-тен төмен болмауы  қажет.

Облыста 8 тестілеу орталығы құрылды. Жетеуі – аудандарда, біреуі облыс орталығында – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғимаратында қызмет етеді. 1224 оқушы тест өткізу пунктеріне тасымалданады. 318 бала үшін тамақтану ұйымдастырылады. Биыл бес түлек ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірді.

Ұлттық тестілеу орталығының филиал басшысы Айнагүл Дүйсекенованың хабарлауынша, ҰБТ аталған университетте 4 лекпен  өткізіледі.

«№717 пунктте Атырау қаласының 60 мектебінен 2037  түлек ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді.  Оның ішінде 1520-і – қазақ, 520-сы орыс тілінде  тапсырады. Мұнда 11 аудиториялық қор жасақталды. Негізінен оның тоғызы пайдаланылады, екеуі резервке сақталды. Барлық аудиториялар бейнебақылау құралдарымен, салқындату жүйелерімен және телефонды тұншықтыру құралдарымен жабдықталды. Бүгінде бұл құрал-жабдықтардың жұмыс жасау жағдайы қалыпты. Оқушыларды ауыз сумен қамтамасыз етуде 2500 бөтелке су санитарлық дәрігерлердің тексерісінен өтті. Сондай-ақ, құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен кезекшілік кестелері де дайын» дейді ол.

Тестілеу – грант үшін талпыныс

Айта кету керек, өткен жылы ҰБТ-ға қатысқан түлектердің орташа балы 74-ті құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екіге артық.  Былтыр аталған басқарма өкілдері ҰБТ қорытындысынан кейін төмен балл алған мектептерде дайындық жұмыстары күшейетінін айтқан еді. Ал, биыл Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өңір әкімдіктерінен ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингін жасамауды сұрады.

«ҰБТ кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, ҰБТ өткізу пунктерін медициналық персоналдармен қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, ҰБТ нәтижелері бойынша облыстардың, қалалар мен мектептердің рейтингтерін жасамауды сұраймыз. Қазіргі таңда ҰБТ – өз еркімен жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тапсыратын емтихан болғандықтан, осы нәтижелерді рейтинг жасауға пайдалану – біздің ойымызша, дұрыс емес», – деді министр Үкімет отырысында.

Бұл пікірді ҚР Білім беру  ісінің үздігі, үш тілде оқытатын дарыны балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназияның шебер-педагогы Айнұр Исағалиева да қолдайды.

«ҰБТ нәтижесі бойынша мектептің рейтингісін анықтау, әрине дұрыс емес. Сынақ кезінде түлектер әртүрлі себептермен төмен балл жинауы мүмкін. Мысалы, жан-жақты үлкен дайындықты қажет ететін бұл сында түлек қобалжу салдарынан да өз білімін жетік көрсете алмауы ықтимал. Бұл ретте бірер оқушының ҰБТ нәтижесіне қарап ол білім алған мектептің рейтингі төмен деу – өте қате пікір. Мектептегі жалпы білім сапасын бір ғана ҰБТ нәтижесімен өлшеуге болмайды. Жыл бойы атқарылған жұмысты бір-ақ күнде жоққа шығармаған жөн. Тестілеу – талапкерлердің тегін білім грантын алуы үшін талпынысы екенін ұмытпаған абзал» дейді Айнұр Шайжанқызы.

Шпаргалка – құтқарушы емес

«Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар» демекші, бұл сәтте емтиханға қатысушы түлектермен қатар, ата-аналардың да уайымы күшейеді. Осы әрекет баланың қобалжуына әсер етіп, сынақта төмен балл алуына да әкеліп соғады. Сондықтан, министрдің мұндай жағдайды алдын алу үшін артық әрекетке жол бермеу қажеттігін  баса айтуын  ескерген жөн.

Елімізде бұл емтиханның алғашқы кезеңдері қаңтар және наурыз айларында өтіп, оған 115 мың бала қатысты. Сол пунктілерге барды. Олар телефонды тұншықтыратын құрылғылардың барын біледі, аудиторияларды көрді. Жалпы, психологиялық дайындық деңгейі жаман емес деген ойдамын. Сондықтан, ата-аналар өз баласы үшін қобалжымай, оған керісінше көмектесіп, қолдау көрсетіп, жігерлендіргені абзал, – деді Асхат Аймағамбетов.

– Түлектер мен ата-аналарға айтарым: ең бастысы – уайымдамау керек. Адам өзімен бірге «шпаргалка» немесе ұялы телефон алып жүрсе, ең алдымен, өзінің мазасы кетеді. Ең біріншіден, «аудиторияға оны қалай кіргізем» деп басы қатады. Содан кейін «мені байқап қалмас үшін оны қалай пайдалансам болады?» деп миы ашиды. Бұл да уайым. Мұндай ойлар ешқашан сергуге көмектеспейді. Сол себепті, менің ойымша, өзіңе сенген дұрыс. Тест бойынша емес, бағдарламалық материалмен дайындалған абзал. Себебі, бұл өте маңызды. Өз тәжірибем бойынша білемін.

Министр мәлімдемесі

Биылғы басты жаңалықтың бірі – мектеп бітірушілерге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ беріледі.  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ақпараттық парақ арқылы мектеп түлектері өз мамандығы бойынша қанша грант барын, қандай шекті балмен грантқа түсуге болатынын біле алатынын айтады. Яғни, оқушылардың грантқа түсем дегендері маусым айында тестілеуге қатысып, өз білімін сынай алады. Бұдан басқа, колледж түлектеріне де жеңілдіктер бар.

«Олар бітірген мамандығы бойынша жоғарғы оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсем десе, ҰБТ-дан босатылып, тек емтихан тапсырады. Үшіншіден, «IELTS» халықаралық сертификаты бар түлектер «шет тілі» пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға пән бойынша максималды 40 балл автоматты түрде беріледі. ҰБТ-ға қатысушылардың арасында мұндай балалар саны – 708», – деді министр.

Бас педагогтың айтуынша, бұл талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс және алған балл деңгейіне сәйкес таңдауға мүмкіндік береді. Осы жылы грант білім бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. Яғни, грантқа құжат тапсырғанда талапкер білім бағдарламаларының тобы бойынша өтініш жазады. Грант жеңіп алғаннан кейін оқу орнын және сол топтың ішіндегі нақты бағдарламаны таңдайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ҰБТ-ны ең алғаш Индер, Исатай, Қызылқоға, Махамбет пен Мақат  аудандары және Атырау қаласындағы «облыстық» мәртебесі бар мектептер тапсырады. Бірінші кезеңде барлығы 1608 бала өз білімдерін сынайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *