Үйдегі көңілді базардағы баға бұзар

Жаңалықтар

Atr.kz/23 қыркүйек, 2019 жыл. Ақшаң болса қалтаңда… Сауда сөрелерінде самсап тұрған азық-түліктің түр-түрін ал. Қат заман бұл күнде келмеске кетті.

Базарға бас сұқсаң, құстың сүтінен басқаның бәрін табасың. Тек… Бағасы аспандап тұр. Мәселе сонда. Дәлелді, дәлелсіз себептермен ырыққа көнбей шарықтаған баға кім-кімнің де көңілін түсірері анық.  Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер құнының қолжетімділігі – қазіргі күннің талабы. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында да бірқатар жоба, шаралар жасақталған. Десек те, баға бұйдаға бағынар, бір орында тұрақтар емес. Ал, арзан азық-түлік іздеген халық базар жағалап әлек. Ендеше, Атырау базарларындағы баға қандай? Саралап көрелік.

Атырау қаласындағы «Рахат» базарында жаз бойы жеміс-жидек пен көкөніс мол болды. Алдағысын ойлайтын әйелдердің банкілерге түрлі салат пен тосап,  компот жауып алатыны бар. Олар ала жаздай шие бағасының түсуін күтті. Бірақ, биыл шие азырақ болды ма, бағасы түсті-ау дегенде көзден ғайып болды. Таңдай мен Тайпақтың қарбыздарының бағалары аз да болса төмендеген. Қала базарларындағы олардың бүгінгі бағасы кейде 40-50, кейде 60-80 теңгенің аралығында болып тұр. Ал, «Көктем», «Сарайшық», «Мұрагер», «Дина» базарларындағы көкөніс пен жеміс-жидектің орташа бағалары мынадай: қауындар – 150-200, қияр – 300-450, қызанақ – 180-250, қара өрік (слива) – 400-500, жүзім – 600-800, картоп – 100-120, пияз – 80-100, қырыққабат – 150-200, алма – 400-500, мандарин – 10001200, шабдалы – 1000-1500 құрма – 650-700, тәтті бұрыш – 200-250, апельсин – 750-800, сәбіз 85100 теңгеден.   Қашан барсаңыз да басына шырақ жанып тұратын тағамның бірі – ет және ет өнімдері. «Көктем», «Дина», «Мұрагерде» қой, сиыр, жылқы, түйе еттерінің бағалары 17002000 теңге аралығы болса, «Сарайшықтағы» сиыр еті 1700-ден басталады. Мұнда сатып алушылар тым аз екен. Мұны сауда жасап тұрғандардың өздері де мойындады. – Рас, аптаның басында келушілер азырақ, сенбі-жексенбіде көп болады. Әсіресе, қариялар зейнетақы алғаннан кейін бізге келеді. Олар, көбіне, сүт өнімдерін сатып алады. Сосын жекеменшік көлігі барлар мен шетелдіктер келеді. Мұнда тағамдар сақтайтын тоңазытқыштар бар. Тұтынушылар үшін «Бақылау таразысы» орнатылған, – дейді олар.     «Сарайшық» базарында «Долгий» және «Амангелді» ЖШС-нің балық өнімдері үлкен сұранысқа ие екен.

М ә с е л е н , сазанның килосы – 600, көксерке – 1000, кефаль – 450-550, мөңке (карась) 200 теңгеден сатылуда. Тұтынушының өтінішіне қарай қажет балығын аршып, тазалап беретін арнайы бөлмеде дайын тұр. Сондайақ, мұнда  шұжықтардың да түр-түрі бар: ең арзанының килосы 700 теңге болса, ең қымбаты – 4500-5000 теңге. Ресейде өндірілетін «Пармезан» ірімшігінің (сыр) бір килосы 4800-5000 теңге болса, астрахандық сүзбенің килосы 600-700 теңге. Қымыздың бір литрі – 1000, шұбат – 800, оралдық қаймақ – 2000, селедка – 900-1000, тауық аяғы (голень) – 1100-1200, 5кг қант – 1200, печенье – 550-700, жұмыртқа (1данасы) – 23-25, ұн (1кг) – 190-200, 5л күнбағыс майы – 20502200, 1л күнбағыс майы 400500 теңге тұрады. Бірақ, бұл тұрақты баға емес. Сауда жасаушылардың айтуынша, бағалар жеткізуші фирма әкімшілігінің нұсқауына сәйкес өзгере береді. Расында да, «Сарайшық» коммуналдық базарына бару қиын. Мен де көпшілікпен бірге «30А» бағытындағы автобуспен жетіп, базарға бару үшін біраз тұрып қалдым. Себебі, ерсілі-қарсылы ағылған автокөліктер жаяу жүргіншіге жол берер емес. Бәрі жетер жеріне асығуда. Менің жанымда жасы сексенге таяп қалған үлкен апай тұр. Ол да базарға келеді. Сол кісімен жетектесіп, көліктің сәл сиреген кезінде жолдан жүгіріп өттік. Бұл маңда жолдан өту белгісі («пешеходный переход») қойылмағандықтан, біз секілді талай адам осындай қиындық көріп жүрген болар.

– Базарымыздағы 200-ге жуық орынның 140-ы жалға берілген. Солардың 21-і өз өнімдерін сатады, өзгелері халық тұтынатын тауарды «Дина» базарынан көтеріп әкеледі. Бірақ, біз әкелетін тауар құнына 15 пайыздан артық үстеме қосылмауын, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тағам бағасының белгіленген нормадан артып кетпеуін жіті қадағалап отырамыз. Орынақы бағасын екі жылдан бері көтерген жоқпыз. Қатынастың қиындығынан бірнеше қоймамыз жалға алынбай, бос тұр. Базарға келетін көліктерден ақы алмаймыз, – дейді «Сарайшық» коммуналдық базарының директоры Қадырғали Тұрғанов.         

  Шынында, атыраулықтар жиі баратын «Көктем», «Рахат», «Дина», «Сарайшық», «Мұрагер» базарларының нарқында айтарлықтай айырмашылық шамалы. Біреу бір базардан жеміс-жидекті төмен бағаға, енді бірі ет өнімдерін арзандауға алады. Ертең барсаңыз, тіпті басқаша болуы мүмкін. Өйткені, бағада тоқтау жоқ, күнде құбылады.

Лиза СЕЙТІМОВА


Серік СӘРСЕКЕНОВ,

Атырау облысы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
 – Азық-түлік өнімін өндіруші кәсіпкерлерге «Сарайшық», «Көктем», тағы басқа базарлардан арнайы орындар берілді. Ал, «Дина» базарының көлемі мен аумағы үлкею үстінде. Мұнда өз өнімін өндіруші кәсіпкерлерге орындар жеңілдікпен берілетін болады. «Сарайшық» базарында өз өнімін сатушы кәсіпкерлер орташа есеппен күн сайын 500 кг ет, 200 л сүт өнімін, 50 кг шұжық, 3 тонна көкөніс өткізе алады.



Қалима НҰРҒАЛИЕВА, денсаулық сақтау саласының ардагері:
– Адам үлкейгенде тағамның неғұрлым жеңілін, жұғымдысын пайдаланғысы келеді. Маған «Сарайшық» базарының сүт өнімдері, әсіресе, қаймағы ұнайды. Шұбаты бастапқыда тәуір болатын. Соңғы кездері табиғилығын жойып алған сияқты. Әлде маған сондайы кезікті ме екен?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *