Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан

Жаңалықтар Саясат

Atr.kz/19 шілде, 2019 жыл. Мемлекет басшысының он маңызды міндет ретінде белгілеп берген бағытының бірі – өңірлердің дамытудың жаңа бағдары. Бұл орайда, облыста жүзеге асырылып жатқан өміршең жобалар, атқарылу үстіндегі ауқымды жұмыстар баршылық.

Атап айтқанда, «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» және «2011-2020 жылдарға арналған еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде Атырау қаласында 123 көппәтерлі үй терможаңғыртудан өткізілді. Оның 107-сі толықтай күрделі жөндеумен қамтылса, 15-сінің жеделсатылары ауыстырылды.

Бұл жұмыстарға қазынадан 4,222 млрд. теңге қаржы қаралып, толығымен игерілді. Соның ішінде, республикалық бюджеттен бөлінген 2,122 млрд. теңгеге 71 және жергілікті бюджеттен бағытталған 1,358 млрд. теңгеге 35 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 17 үйді терможаңғырту шаралары қайтарымды қаражат есебінен жүзеге асырылды.

Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Осы орайда, 13 көппәтерлі үйді терможаңғыртудан өткізу үшін жергілікті бюджеттен 217,4 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 9 үйде жөндеу жұмыстары аяқталып, алтауының жеделсатылары жаңартылды.

Сомасы 205,6 млн. теңгені құрайтын қайтарымды қаражатқа 4 үйді күрделі жөндеу межеленсе, оның да екеуінде жоспарланған жұмыстар аяқталып, қабылдауға дайын тұр. Бұдан басқа, қаржыландыру мүмкіндігіне қарай тағы да 20 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеумен қамту жоспарланып отыр.

Бүгінде бұлардың жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қорытындысында бұл үйлерді жөндеуге 984,55 млн. теңге көлемінде қаражат қажет екендігі анықталды. Биылғы 1 мамырға дейінгі мәліметтерге қарағанда, терможаңғыртудан өткен көппәтерлі үйлер бойынша 1,5 млрд. теңгенің 65% – ы кері қайтарылған.

Өңірлерді дамыту бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі – ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту. Осыған байланысты «Таза су» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың 7 ауданындағы тазартылған ауыз сумен жабдықталуға тиісті 153 ауылдық елді мекеннің 121-і немесе 79%-ы құбыр бойымен келетін су жүйесіне қосылды.

Бұл жұмысты одан әрі жалғастыру мақсатында жаңадан нысандар салу жоспарлануда. Биыл 8 нысан құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 532,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Олар Индер ауданының Қызылжар, Ақтан, Кетебай, Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы, Жұмекен, Дәулеткерей, Көнеу ауылдарындағы қайта жаңғыртылатын су тазарту имараттары.

Одан бөлек, Қызылқоға ауданының аумағындағы Қарасу кен орнындағы 2 су шығаратын ұңғыманы іске қосу жұмыстарын жалғастыру жоспарға енгізілді. Сондай-ақ, Құрманғазы мен Исатай өңірлеріндегі Асан, Үштаған, Амангелді елді мекендеріне ауылішілік су желісі тартылады.

Ал, Қызылжар мен Ақтан ауылдарына (Индер ауданы) жүргізілген су құбырының құрылысы пайдалануға берілді. Мұның сыртында Құрманғазы, Орлы, Нұржау, Кадырка, Жұмекен елді мекендеріндегі су тазарту қондырғыларын «ҚиғашМаңғышлақ» магистралды су құбырына қосу шарасы қолға алынуда.

Сонымен бірге, осы өңірдегі Сүйіндік, Асан, Үштаған ауылдарын байланыстыратын құбыр мен Жылыой ауданының Қарағай ауылына ауыз су жеткізетін желі құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді.

Осындай жұмыстарды Құрманғазы ауданының Алға, Қаракөл, Голбин, Көкарна, Котяев, Кудряшов, Қызылқоға ауданына қарасты Бүйрек, Айдын, Қосқұлақ және Кенбай елді мекендерінде жүргізу үшін дайындық шаралары қолға алынып, қаржыландыру мәселесі шешілуде. Мұрат ИҒАЛИЕВ, облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы

ЖЕТІНШІ БАҒЫТ:

Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары

Біздің қадамымыз баршаңызға мәлім. Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне

ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *