«ҚАЗАҚПЕН ҚАШАН ДА БІРГЕМІЗ!»

Жаңалықтар Сұхбат Қоғам

Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Бірлік – елдің берекесі, тұтқасы. Халқымызда «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Ынтымақ ырысқа бастайды. Ынтымақты ел озады. Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз – Атыраудағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариевпен әңгімеміз де осы тұрғыда өрбіді.

– Зелимхан Асабалиұлы, қазақ жеріне қашан, қалай келдіңіздер?

– Менің ата-бабаларым – 1940 жылдары қазақ жеріне күштеп көшірілген шешендердің бірі. Өзім Талдықорған өңіріндегі табиғаты тамаша жер – Алтын Емелде дүниеге келдім. Анамыз он үш құрсақ көтерген екен. Соның жетеуі Шешенстанда, алтауы қазақ жерінде туған. Өзім Қазақстанда туғанымды мақтан етемін. Кіндік қанымыз тамған жерде қазақ балаларымен бірге ойнап, өстік. Ауыл мектебінде білім алдық.

Осында ержетіп, есейдік. 1969 жылы 18 жасымда немере ағам Адаммен бірге Индер ауданының Зеленый (қазіргі Көктоғай) ауылына келіп, «Путь Ильича» кеңшарында еңбекке араластым. Тұрмыстық, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер құрылысын салуға, техника жөндеу жұмыстарына қатыстық. Менің ең үлкен бақытым – алдымнан ұдайы бір жақсы адамдар жолықты. Шаруашылықта жұмыс жасап жүргенімде Сатан Молдашев, Қуан Құлғалиев, Шәши Еділбаев, Зинел Өрбісінов, Мырзағали Егінбаев және басқа азаматтардың ағалық қамқорлығын көрдім.

– Аққыстау ауылына қашан қоныс аудардыңыз, осында тұрақтап қалуыңызға не себепші болды?

– Жайық бойында біраз жыл еңбек еткесін, жоғары білім мен мамандық алу мақсатында Алматы қаласындағы автокөлік жолдары институтына оқуға түстім. Оны жол құрылыс инженері мамандығы бойынша бітіріп, сол кезде қайтадан ашылып жатқан Новобогат ауданына табан тіредім. Аудан орталығы Аққыстау селосындағы №89 жол құрылысы учаскесіне цех шебері болып жұмысқа орналастым. Осындағы асфальтбетон шығару зауытына, кейіннен учаскеге басшылық жасадым.

Өмірлік серігім Әминамен екеуіміздің отбасымызда өмірге келген Лаура қызымыз бен Хизир ұлымыздың кіндік қаны осы жерде тамып, өсіп-өнді. Осындағы орта мектепте қазақ балаларымен бірге оқып, білім алды. Араласып-құраласып жүретін достары да қазақтар. Балаларымыздан өрбіген немере-жиендеріміз де бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Тіпті, бізді алғаш ата-әже атандырған тұңғыш немереміз Әлиханның есімін қойған да, кіндік әке-шешесі де – өзіміздің ағайын-туыстай сыйласатын қазақ достарымыз.

– Енді бір сәт саналы өміріңізде көңіліңіздің төрінен орын алған, жадыңызда жатталған сәттеріңізбен бөліссеңіз?

– Қасиетті Нарын өңірінде өткізген қырық жылдан астам уақытта осы жерге, осы елге бауыр басып қалдық. Жанымызға жүрегі ақ, ниеті таза, пейілі кең адамдарды жинадық, солармен жолдас, дос болдық. Отбасымызбен сыйласып, араласып жүретін, бүгінде Атырау қаласында тұратын Самат Мәдиев есімді дос-ағам, танымал композитор маған арнап «Зелимхан» атты күй де шығарған.

Осыдан екі жыл бұрын «Аманат» атты қысқа метражды деректі фильмге түстім. Облыстық дін істері басқармасының тапсырысымен дайындалған картинаның басты кейіпкері шешен ұлтының Аманат есімді ақсақалының өткен өмір жолы бейнеленген. Дүние есігін ашқан сәтінде анасынан айырылған сәбиді Доссордағы қазақ отбасы бауырына басып, асырап алады. Аман-есен өсіріп, тәрбиелеп, ел қатарына қосады.

Осының бәрі фильм ленталары арқылы көз алдыңнан өтеді. Сондағы басты кейіпкерді сомдау – маған бұйырған бақыт, тағдырдың сыйы деп түсінемін. Ал, қазақтың салтдәстүрі, дастарханына келсек, бұл жағынан да ешкімнен кем түспейміз. Арнайылап қонаққа шақырғанымыз өз алдына, шаңырағымызға бас сұққан адамға қымыз бен шұбатымыз, бауырсағымыз бен қаймағымыз, қазы-қарта, жал-жаямыз, ірімшік, құрт-майымыз – бәрі де әзір.

– Ел-жұртқа айтар тілегіңізді де біліп отырсақ, деп едік?

– Жалпы мен өзімді қаным басқа болғанмен жаным қазақ деп санаймын. Өйткені, жарық дүние есігін ашып, жер басып жүргелі бері көргеніміз, бірімізге біріміз бауыр басып, ағайын-туыстай болып кеткеніміз – қазақтар. Әлгінде айтқанымдай, балаларымның, қалаберді немерелерімнің мектепке, спорт секцияларына бірге баратын достары да қазақ балалары. Махамбет ауданында тұратын үлкен ағам Хамзат пен Алтын Емелде қалған апамыздың келіндері де – қазақ қыздары. Анда-санда барғанымызда алдымыздан шығып, сәлем салып тұрады. Өзің де ата атанып, жасың ұлғайған шақта осының бәріне көңілің өсіп, бір марқайып қаласың.

Ал, күні кешегі Қордайдағы оқиғаны естіп, көңіліміз алаң болғанын жасырмаймыз. Менің ойымша, біздің бұл фәниде жақсы болып жүргеніміз, қандай да бір жетістікке жеткеніміз алдымен бір Алланың, одан қалды кезінде еріксіз қоныс аударып келгенде ата-ана, туысқандарымызды өзегінен теппей, қолындағы барымен ортақтасып, бауырына басқан қазақтардың арқасы деп білемін және солай бағалаймын. Айтпақшы, менің анам да кезінде қатты науқастанып жатқан жерінен қымыз ішіп аман қалған. Сайып келгенде, біз қашан да қазақтармен біргеміз, ешқашан да ажырамасын іргеміз. Аспанымыз ашық, дұшпанымыз қашық болсын!

Әңгімелескен: Дәулетқали АРУЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *