Қалам қуаты танылған күн

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Руханият Әдебиет

Atr.kz/29 қараша, 2019 жыл. Өткен сәрсенбінің сәтті күнінде «Ақжелкен» шығармашылық орталығында көпшілікке рухани нәр, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған керемет шырайлы шаралар өтті.

Бұл күні осы орталықтың жанынан құрылған «Елсана» руханият клубының ұйымдастыруымен Атырауда тұңғыш рет жазушылар мен журналистердің басын қосатын «Шабыт шандозы» атты қаламгерлер алаңы ашылды. Онда ардагер журналист, қарымды қаламгер, ұзақ жыл ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы болған Қилыбай Қуанышбаевтың мерейлі 80 жасқа толуы салтанатпен атап өтілді. Соңынан «Тегіңді білу – тектілік» деп аталған шежіре кітабының тұсауы кесіліп, жұртшылыққа таныстырылды.

«ШАБЫТ ШАНДОЗЫ» – ҚАЛАМГЕРЛЕР АЛАҢЫ

Алғашқы сөзді «Ақжелкен» шығармашылық орталығының басшысы Нұрберген Дәулетов алып, игі бастамаға сәттілік тіледі. Одан соң, алаң төріне облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов көтеріліп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жолдады. Осы жерде жаңадан тұсауы кесіліп отырған алаңның мүшелері таныстырылды.

– Жылына бір мәрте, маусым айында атап өтілетін кәсіби мерекеде болмаса, мерзімді басылымдар мен электронды ақпарат құралдарында тынымсыз жұмыстанып, елге қызмет қылып жүрген журналистердің, жалпы қаламгер қауымының еңбегі де, есімдері де елепескеріле бермейтіні ақиқат.

Бүгінгідей мынау арнайы алаңның ашылып, оған «Шабыт шандозы» атауының берілуі осы бір олқылықтың орнын толтырып, шығармашылық адамдарының қаламына шабыт, қиялына қанат бітіргендей. Ашығын айтсам, қаламгерлердің басын қосатын осындай бір орын керек екендігі көптен ойымда жүретін.

Алдағы уақытта мұнда талай тағылымды да мазмұнды шаралардың өтетіндігі жақсы бастаманың жалғасын табатындығы айқын, – деді Исатай Құндызбайұлы. «Шабыт шандозы» алаңының ашылуын жақсылыққа балаған ардагер журналист Сейілхан Қайыржанов та қалам киесінің құдіреті хақында толғанды.

АЛДЫҢДА АҒАҢ БОЛҒАН ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ!..

Қасиетті Нарын топырағында кіндік қаны тамған, осы өңірде ат жалын тартып азамат болған, журналистикадағы жүріп өткен жолы кейінгі толқын жастарға үлгі аға буын өкілдерінің бірі – Қилыбай Қуанышбаев. Бір кездері Форт-Шевченко аудандық «Колхоз жолы» газетінен басталған еңбек жолы кейіннен сол кездегі облыстық «Коммунистік еңбек» (бүгінгі «Атырау») газеті редакциясында жалғасты.

Осында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Оның қаламынан туындаған тұщымды дүниелер әр жылдары «Шағылдың шамшырақтары», «Шаруагер», «Газет пен уақыт», «Ескірмес есімдер», «Өмірбаяндық этюдтер», «Атырау» – газет тарихы» атты кітаптар болып басылып шықты.

Қилыбай Шахатұлы еңбек демалысында болса да, өлке баспасөзінің қарашаңырағы «Атырау» газеті редакциясы ұжы м ы м е н б і р г е т ы н ы с т а й д ы. Газеттің күнделікті нөмірлеріндегі үлкенді-кішілі мақалаларға өзінің ой-пікірлерін білдіріп отырудан жалыққан емес. Оның тәлімгерлік қыры кейінгі кезде кеңінен ашылуда. Шараның екінші бөлімінде осындай өнегелі еңбек жолын өткерген ардагер журналисті 80 жасқа толуына байланысты ұлығылауға арналды.

Мерейгерді әріптестері атынан облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов құттықтап, жылы лебізге толы тілек-хатын тапсырды. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Одан кейін «Елсана» руханият клубының атынан «Алтын адам» атаулы сыйлығын Аманғали Әміржанұлы табыс етті.

«ТЕКТІ БІЛУ – ТЕКТІЛІК»

Үшінші – қорытынды бөлімде «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасынан жарық көрген «Тегіңді білу – тектілік» атты кітаптың (авторы – білім беру саласының ардагері, «Елсана» руханият клубының үйлестірушісі Майра Жәнекешқызы Қожырақова) тұсауы кесілді.

Бұған дейін де әкесі туралы шағын естелік кітабын шығарған автор бұл жолғы туындысында өз руының шежіресін хаттап, ата-тегі жайында кеңірек жазып, жан-жақты тарқатуды мақсат тұтқан. Біздің қазыналы өңірде өткен тарихи тұлғалар туралы тың деректерді жинақтаған кітап өскелең ұрпақ үшін өте құнды. Майра тарихшы болса да, мына еңбегінің тілі жатық, ойы шұрайлы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухан жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбектерінің аясында жарық көрген кітапты жазуда оның көп еңбектенгені айқын көзге ұрады. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде сөз алғандар жаңа туынды жайында өзіндік ойпікірлерімен бөлісіп, ыстық лебіздері мен жүрекжарды пікірлерімен бөлісті. Шараға қонақ ретінде шақырылған ақсақалдардың атынан Ақмырза Батырқайыров игі бастамаларға сәттілік тілеп, бата берді.

Дәулетқали АРУЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *