Құрманғазының мылтығы: АҢЫЗ бен АҚИҚАТ

Kurmangazy Жаңалықтар

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Қара домбыра шанағына қазақ елінің тарихын сыйғызып, кейінгі ұрпаққа күйлерін мұраға қалдырған ұлы күйші, сазгер Құрманғазы Сағырбайұлы туралы ғылыми зерттеу жүргізу – еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі музей қолға алған жұмыстардың бірі.

Осы бағытта тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында музейдің ғылыми қызметкері, Республика Жаратылыстану Ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Мақсот Жолжанов Астрахан облыстық мемлекеттік архивінде болып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сарапшылық комиссиясы 1996 жылғы 13 маусымдағы қорытындысы бойынша мұрағат деректері мен зерттеушілер М.Жолжановтың, Қ.Жұмалиевтің, И.Кенжалиевтің, Ұ.Рахматуллиннің пікірлері сарапталып, Құрманғазы Сағырбайұлының 1823 жылы туып, 1896 жылы дүние салғандығы нақты дәлелденді. Нәтижесінде, 1996 жылы қазан айында Астрахан облысы, Володар ауданы, Алтынжар селосында ұлы күйшінің қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай мүрдесі жатқан жерде кесене тұрғызылып, 1998 жылы Қ.Сағырбайұлының 175 жылдық мерейтойы жаңа деректер бойынша (бұдан бұрын 1981, 1993 жылдары тойланған) үшінші рет аталып өтті.

Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында музей қоры құндылықтармен толыға түсті. Соның бірі – Құрманғазы бабамыздың ұзын ұңғылы м ы л т ы ғ ы . Б ұ л к ү й ш і бабамыздың тек биік өнер иесі ғана емес, бұрынғы атабабаларымыздың ежелгі палеолит дәуірінен бері қалыптасқан дәстүрлі аңшылық өнерімен де айналысқандығынан сыр шертеді.

Құнды жәдігерді белгілі күйші Қаршыға Ахмедьяровтың әкесі Ұлы Отан соғысы тұсынан бастап өзі пайдаланып, кейіннен өмірден озған соң оның жанұясында атадан-балаға жалғасып сақталған. Құрманғазының қаруын Атырау облысы, Махамбет ауданында тұратын Ахмедьяр қарттың баласы Қырғи Ахмедьяров 2000 жылы қараша айында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне өз қолымен табыстады.

Қарудың астыңғы бетіндегі клеймо жазуы мен ПМСТ 186210 таңбалары негізінде 1849 жылы Ресейдегі Тула қару-жарақ зауытында жасалғандығы туралы ғылыми-сараптамалық болжам жасалды. Бұл зауыт Петр І жарлығы бойынша 1712 жылы негізі қаланып, 1714 жылдан бастап қару-жарақ шығарды. ХVІІІ-ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің Тула қаласынан шығарылған мылтықтардың клеймосындағы жазулары мен таңбалары Құрманғазы Сағырбайұлы мылтығының таңбаларымен сәйкес келеді.

Бұл қаруға 2009 жылы этнограф, Қазақстан Республикасы суретшілер Академиясының мүшесі, тарих ғылымдарының к а н д и д а т ы , қ а з а қ т ы ң дәстүрлі қару-жарағының тарихын зерттеуші Қалиолла Ахметжанның көмегімен де төмендегідей ғылыми сараптамалық қорытынды жасалды.

Құжатта: «Бұл – капсюльді шүріппелі мылтық. Мұндай қарудың ішіне сынап пен селитрадан жасалған жарылғыш қолданылған. Мыстан жасалған қалпақша түріндегі капсюль (кейде оны пистон деп те атайды) 1818 жылы Англияда ойлап шығарылды. Мылтық оқпанындағы оқдәріні тұтатып ату үшін 18301840 жылдан бастап Еуропада мылтықтарға капсюль қолданылып, Ресей армиясында 1840 жылы қолданысқа енді. Күй бабасы Құрманғазы қаруының элементтері–мылтыққа от беретін шүріппе жүйесі, шүріппесінің жезден жасалған доғасы, оқпаны, оқпанның құрсаулары және олардағы сынақтық клеймолары, сүмбісі мылтықтың зауыттық өндіріспен жасалынған орыстың армиялық мылтығы екендігін көрсетеді.

Мылтықтың шүріппе жүйесі бекітілген өзек темірдегі үшбұрыш формалы жез шайбаның клеймосындағы «1849» деген цифр мылтықтың капсюльдік замогының (яғни, мылтықтың) жасалған жылын көрсететін болуы керек» деп көрсетіледі. Ғылыми әдебиеттерді, анықтауыштарды қолдану, өзге де музей қорларындағы мылтықтармен салыстыру негізінде жүргізілген сараптамалық зерттеу бойынша Қалиолла Ахметжан: «бұл мылтық жасалу уақыты бойынша ХІХ ғасырдың ортасы немесе екінші жартысына жатады, мылтық – зауыттық өндірісте жасалған армиялық қару.

Мұндай мылтықтарды орыстардан қабылдап, қазақтар ХІХ ғасырдың аяғында ғана пайдаланған» деген тұжырым жасады. Мылтықтың ұзындығы – 1 метр 47 см, салмағы – 3350 гр. Құндағы ағаштан жасалған, қайыстан белбеуі бар. Ағаштан жасалған бөлігінің ұзындығы – 1 метр 26 см. Белбеудің ұзындығы – 1 метр 13 см. Оқтығы (оқпаны, түтесі), шүріппесі, шаппасы, пілтесі темірден жасалған. Оқтығы – 1 метр 7 см. Құндағы мен оқтығы төрт жерден темірмен бекітілген.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Құрманғазы бабамыздың табиғатынан бойына сіңірген күйшілік өнерінен басқа тағы бір қыры – аңшылық өнерін дәріптейтін бұл қару Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің «Өлке мәдениеті және әдебиеті» экспозициялық залынан орын алып, бүгінгі ұрпаққа өткен ғасырлардың мол мұраларының бірі ретінде насихатталып келеді.

Күміс АЙМҰХАНОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің сектор жетекшісі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз