«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ» МЕГА-ЖОБАСЫНЫҢ ЭСТАФЕТАСЫ АТЫРАУҒА ЖЕТТІ

Кездесуде бір-бірімен көршілес жатқан екі аймақ арасында өзара тиімді байланысты одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.
– Халықтар достығы мен ұлтаралық келісім – еліміздегі саяси тұрақтылықтың кепілі. Осы басты құндылығымыздың арқасында қазір Қазақстанды мекен еткен 130-дан астам ұлт ауызбіршілікте өмір сүріп, дәстүрлерін жаңғыртып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы өткен жылдың сәуір айында Шығыс Қазақстан облысынан бастау алса, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы арқылы, міне, бүгін Атырауға жетіп отыр.
Қазіргі таңда Атырау облысында қырыққа жуық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олардың басым бөлігі кәсіпкерлік және мұнай-газ саласында қызмет атқарып келеді, – деп атап өткен облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов қонақтарға «қош келдіңіздерін» айтып, облыстың экономикалық және мәдени-әлеуметтік даму көрсеткіштерімен таныстырып өтті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ресейдің бес бірдей аймағымен шектесетін өңірде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау мәселесі басты назарда екендігін жеткізді. Облыста 86 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын мақтанышпен атап өткен Нұрлан Асқарұлы құшақ жая қарсы алған атыраулықтарға шексіз ризашылығын білдірді.
Қабылдау соңында Бақтықожа Салахатдинұлы осындай жиындар арқылы тәжірибе алмасудың, Елбасы тапсырмасына сәйкес елдің ынтымағы мен бірлігін арттыра түсудің маңызы зор екендігін атап көрсетті.

«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» АТЫРАУҒА ЖЕТТІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың сәуір айында Шығыс Қазақстан облысында болған сапарында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасын» қалыптастыру және көпэтносты Қазақстан халқының тарихын, қазақстандық этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттау мега-жобасының тұсауын кескен болатын. Енді, міне, эстафета Атырау облысына да жетті. Кең ауқымды шараның басты мақсаты – елімізде тату-тәтті тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың ауызбіршілігін көрсетіп, насихаттау.
Көршілес облыс басшылары мен этномәдени орталықтары өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» басында татулықтың үлгісін көрсетіп, ел бірлігін нығайтып жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы кеңінен сөз болды. «Дөңгелек үстелге» Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, оның орынбасарлары, облыстық басқармалар мен ұйымдар басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар өкілдері және Батыс Қазақстан облысы делегациясының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстелді» облыс әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облысы бойынша төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізіп отырды.
– Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен бастамасын тапқан бұл жоба бүгін, міне, Батыс Қазақстан облысынан бізге жетіп отыр, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Осы жобаның аясында екі облыс ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылықты сақтау бойынша тәжірибе алмасу үшін «дөңгелек үстел» басында бас қосуда. Бүгін сіздерді Атырау жерінде қарсы алып отырғанымызға шексіз қуаныштымын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстандағы 130-ға жуық ұлт пен ұлыс татулық пен бірлікте өмір сүруде. Бірлігі жарасқан Қазақстан өзге елдерге үлгі бола білді. Қазіргі таңда Қазақстан мемлекеті серпінді даму үстінде, алға қойған тың жоспарлары да бар. Соның бір айғағы – Президентіміз қабылдаған ұзақ мерзімді «2050 Стратегиясы». Осы маңызды құжатта көрсетілген міндеттерге қол жеткізуге екі облыстың да қосар үлесі зор. Ең бастысы, ынтымағымыз артып, ұлттар достығын нығайта түсіретін осындай шараларды көптеп ұйымдастыру керек.
Атырау облысында 17 этномәдени бірлестік бар. Осыған орай Ассамблея жұмысы мұнда жақсы жолға қойылған. Өзге елдермен, өзге ұлт өкілдерімен келіссөздер жиі жүргізіліп тұрады. Күні кеше облыс басшысы Түркия еліне барып келсе, жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған топ Германияға сапар шекпекші. Мұнай-газ саласында «Теңізшевройл» компаниясы үлкен жұмыстар атқарып келеді. Ғасыр жобасы – Қашаған кенішінен алғашқы мұнай алуға да аз ғана уақыт қалды. Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде өңірдің қарышты дамуында ұлтаралық ынтымақтың маңыздылығына тоқталған облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы «дөңгелек үстелдің» қорытындысы азаматтық бейбітшілікті нығайтудың, ұлтаралық диалог пен төзімділік мәдениетін дамытудың тәжірибелік негізі болатындығына сенімді екенін жеткізді.
Сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау мен Батыс Қазақстан облысы – ежелден төскейде малы, ауылы аралас, қойы қоралас көршілер, экономикалық, мәдени, сауда қарым-қатынасы екі облыс арасында бұрыннан қалыптасқандығын айта келе, достық эстафетасын ресми түрде табыстауға келіп отырғандығын жеткізді.
– Біз елдегі ішкі татулық пен ұлтаралық береке-бірліктің нәтижесінде биік белестерді бағындырып, алға қадам басып келеміз, – деді Батыс Қазақстан облысының басшысы Нұрлан Асқарұлы. – Батыс Қазақстан облысында Ассамблеяның рөлі маңызды. Өйткені, ол Еуразия орталығында ерекше орналасқан. Оның үстіне облыстың Ресей Федерациясының бес бірдей ірі өнеркәсіптік облысымен шектесетіні де оның геосаяси және географиялық жағдайын ерекшелендіре түседі. Осындай өзіндік даму дәстүрі бар, атқаратын рөлі жоғары Ассамблеяның қазіргі қызметі, сөз жоқ, үлкен жауапкершілік пен жан-жақтылықты керек етеді. Сондықтан да, біздің қазіргі міндетіміз осындай жауапкершіліктің үдесінен шығу болып отыр.
Нұрлан Асқарұлының айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында 31 этномәдени бірлестік бар. Оның жанында ақсақалдар кеңесі, сарапшылар кеңесі, жастар қанаты жұмыс жасайды. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіретін «Ынтымақ» депутаттар клубы да өз жұмысын белсенді жүргізуде.
«Дөңгелек үстел» барысында Бақтықожа Ізмұхамбетов батысқазақстандық және атыраулық этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне кезекпен сөз беріп отырды. Бұл көршілес екі облыстағы этномәдени орталықтар өкілдерінің тікелей бір-бірімен іс-тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Атырау облысындағы неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Думлер, Батыс Қазақстан облысының татар этномәдени орталығының төрағасы Ришат Хайруллин, Батыс Қазақстан облысының орыс мәдени-ағарту орталығының басшысы Сергей Погодин, Атырау облысындағы корей этномәдени бірлестігінің басшысы Людмила Ли, Батыс Қазақстан облысының «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Данильбек Саратов, «Атырау агроөнімдері» шаруа қожалығының басшысы Владимир Розметов өз пікірлерін ортаға салды.
Владимир Розметов өз сөзінде қарамағында отыз шақты ұлт өкілдерінен құралған бес жүз жұмысшы қызмет атқарып жатқандығын айтты.
– Әр адамды ұлтына, нәсіліне қарап бөліп-жармай, әрқайсысын қазақстандық азамат ретінде тану – міндетіміз. Халқы тату-тәтті өмір сүріп жатқан елімізде кез келген қазақстандық азаматқа мемлекет және облыс басшыларының қолдауының арқасында өз кәсібін дөңгелентіп әкетуге үлкен мүмкіндік бар, – деді ол нық сеніммен.
– «Береке басы — бірлік», дейді қазақ. Ал, береке-бірлігі жарасқан елдің туы биік, болашағы жарқын болатынын тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіздік алған жылдары Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында ел болып қалыптастық. Қазақстан елі кең пейілділігін танытып, өзге де ұлттарға құшағын ашып, қарсы алды. Соның арқасында біз бүгін біте қайнасқан кезеңде өмір сүрудеміз. Сондықтан, ең қастерлі қазынамызды – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік қажет. Алда үлкен міндеттер тұр. Көршілес екі облысқа тән ортақ ерекшеліктер жетерлік. Ең бастысы, суымыз, жеріміз, тарихымыз ортақ. Олай болса, ұлттық құндылықтарды сақтап, татулығымыз баянды болсын, – деп тілегін білдірді Ришат Хайруллин.
«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімеден қазақ жеріне түрлі тағдырмен қоныс теуіп, тұрақтап қалған, Қазақстанды Отанымыз деп мақтан тұтатын өзге ұлт өкілдерінің елдегі тыныштық пен тұрақтылықты аса жоғары бағалайтындықтары байқалды.
Мега-жоба аясында Батыс Қазақстан облысынан келген 150-ге тарта өнерпаздар Махамбет атындағы қазақ драма театрында концерттік бағдарламаларын тарту етті.
Ендігі кезекте Атырау облысы «Достық керуені» эстафетасын Маңғыстау облысына табыстамақшы.

ЫРЫСҚА БАСТАҒАН ЫНТЫМАҚ
Мұнайлы өңір тағы да бір достық, татулық, бірлік кешінің куәсі болды. Кеше «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» республикалық акциясы аясында көрші Батыс Қазақстан облысы өнер шеберлері сан тілде ән салып, би билеп, жырдан шашу шашты. Жанды ләззатқа бөлеген өнер кешіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
Шара шымылдығы Ақ Жайық өлкесінің тыныс-тіршілігімен таныстырған бейнебаянмен ашылған соң, Дулат Зұлқашев мұнайы аспанға атылып, балығы таудай тулаған құт мекеннің «қош келдіңізін» жырмен жеткізді.
Қазақтың аса дарынды өнер иелері Құрманғазы, Доспамбет, Тәттімбеттердің шығармалары – рухани байлығымыз. Бүгінде сол күй өнерінің, музыка мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген халықаралық «Серпер», «Жұбанов көктемі – 2008» фестивальдарының лауреаты, Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары салалы он саусақтарымен қоңыр домбыраның қос ішегінен күй атасы Құрманғазының «Серпер» және Динаның «Науысқысын» күмбірлетті.
Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтің орындауындағы «Ақ Жайық» әні – тұнған лирика, туған жерге деген махаббат – жалпы сезім атаулыға толы шығарма. Көңілдерге сағыныш ұялатқан туындыны көпшілік қосыла шырқады. Одан әрі орыстың халық әні «Тройканы» Зеленов ауданы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сергей Саяпин, Бәкір Тәжібаевтың «Туған жерін» Железнов атындағы ауыл мектебінің оқушысы Надежда Сармина, қытай халық әнін Ақжайық ауданының таңдайынан бал тамған әншісі Айжан Дәулетқалиевалар шырқап, өнерсүйер қауымның көңілдеріне көрік берді.
Достық, тұрақтылық, бірлік пен берекені паш еткен өнер мерекесінде өзге ұлт өкілдерінің ән-жыры да әуеледі. Әсіресе, көрермендердің делебесін қоздырған Еврей этномәдени бірлестігінің әншісі Максим Чайковскийдің орындауындағы «Халеф шали» атты еврей халық әні болды. Шарль Дюмонның «Па-дамын» француз тілінде шебер шырқаған Алексей Шиннің өнеріне де ел сүйсінді. Осылайша кішкентай ғана кәріс баласы жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйласа, қазақтың «Қара жорғасын» мың бұрала билеген «Назерке», «Ақжайық» халықтық би ансамбльдері мен украин халқының биін нақышына келтіре орындаған Зеленов ауданының «Дарьюшка» бишілер тобының өнеріне сүйсінбеуге болмады. Бүрмелі етекті, қызыл көйлекті арулар дала төсінде құлпырған қызғалдақтың бейнесіндей сахнада қалықтады.
Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жететінін ескерсек, Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзіне жазылған Илья Жақановтың «Сол бір ән» шығармасының сырлы да сиқырлы сазы тыңдаушыны бірден баурап алды. Аққудай қалықтаған қаратөбелік «Керім-ай» мен Дарьинск селосының бишілері де кәріс, орыс халықтарының билерін өз деңгейлерінде орындап шықса, батысқазақстандық сайыпқырандар орындаған Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін жұртшылық жылы қабылдап, қосыла шырқады.
Сәні мен салтанаты келіскен кеш соңында сөз алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа алғысын айтып, өнерлерімен өрге жүзген батысқазақстандық өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, ықылас гүлін тарту етті.
– Елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» жобасы жүзеге асуда. Бұл шара өткен жылы сәуірде Шығыс Қазақстан облысынан басталып, бірнеше облыстардан өтіп, міне, бүгін Батыс Қазақстан облысы эстафетаны бізге тапсырып отыр. Бүгін атыраулық көрерменді көтеріңкі көңіл-күймен көмкерген Батыс Қазақстан облысының өнер саңлақтарына рахметімді айтамын. Облыс халқы атынан батысқазақстандық бауырларымыздың әр ісіне сәттілік тілеймін, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
– Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы, қадірменді атыраулықтар, Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының ыстық ықылас, лебізін білдіруге рұқсат етіңіздер. Бүгінгі шара тақырыбы ешқашан өзінің маңызын, мәнін жоймақ емес. Бірінші наурыз күні Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын бастағанына 18 жыл толды. Осынша уақыт ішінде аталмыш қоғамдық институт өзінің өміршеңдігін, қоғамға керектігін дәлелдеп келді. Соның көрінісі ретінде елдегі тұрақтылық, бейбітшілік, келісімді айтуға болады. Көпұлтты Қазақстан халқы Ұлт Көшбасшысының айналасына ұйысып, биік белестерді бағындырып келеді. Өтіп отырған шара – соның бір айғағы, – деген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» эстафетасын Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлына табыстады. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алғыс хат пен естелік сыйлықтар ұсынды.
Қалай десек те, бүгінгі шара достықта, өнерде шекара болмайтынын айқын дәлелдеді. Олай дейтініміз, түрі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір өнерпаздар өнерлерімен көрермендер жүрегіне жарқын жол тапты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*