«БЕЙБАРЫС» БАС БӘЙГЕДЕН ТАҒЫ ДА ҮМІТТІ

– Биыл хоккейдің жаңа маусымы басталғалы жатыр, – деді Шыңғыс Мұқан. – «Бейбарыс» хоккей командасы – салыстырмалы түрде алғанда өте жас команда. Ел чемпионатында бар-жоғы төрт жыл өнер көрсетіп келеді. Бұдан бұрын Атырау өңірінде кәсіби хоккей спорты мүлдем болмаған. Осы уақыттың ішінде өзінің шеберлігін паш етіп, екі рет ел чемпионы атанып, екі рет күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл облыс үшін – үлкен мақтаныш.
Мұз айдынында 80-ге жуық атыраулық жасөспірім тәрбиеленуде. Бұл болашақта команданың құрамына жергілікті ойыншыларды тартуға да септігін тигізеді. «Команданың ішінде Атыраудың бірде-бір ойыншысы жоқ, ойыншылардың барлығы шетелден келген легионерлер» деп наразылық танытып жататындар да аз емес. Ал, хоккей спорты дамымаған жерде жергілікті ойыншылар қайдан шығады?! Алдағы уақытта облыста хоккей мектебі жасақталған кезде бұл спорт қарқынды дами түседі деген сенімдеміз.
Клуб басшылығын, бапкерлерді, ойыншылар мен жанкүйерлерді Атырау облысы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан жаңа маусымның басталуымен құттықтаймын!
«Бейбарыс» хоккей командасы құрылғаннан бері ел чемпионатында өзіндік орны бар командаға айналып, үздік ойын өрнегін көрсетіп келеді. Қазір команданың құрамында үлкен өзгерістер орын алуда. Команданың негізгі құрамы жаңадан жасақталды десе де артық айтқандық емес. Өйткені, команда құрамын бірнеше жаңа ойыншы келіп толықтырды.
– Негізінен, команда жаңа маусымға дайын. Алайда, бұл спорт екендігін ерекше атап өткім келеді. Ел чемпионы атағына таласатын командалар да аз емес. Бәрінің мақсаты – жоғары шептен көрініп, тек жеңіске жету. Ал, маусым болса, ұзақ уақытқа созылады. Ең бастысы, шыдамдылық, мықтылық және қайрат-жігер қажет. Сондықтан, ел додасында биыл да облыстың намысын сәтті қорғап, көшбасшылар қатарынан көрініп, бас бәйгені иеленуге бар күшімізді саламыз. Жалпы хоккей клубтары тарихында құрылғаннан бері төрт жыл қатарынан финалға шығу – болмаған жетістік. «Бейбарыстың» осы нәтижесі үшін мақтанамын, – деп, команданың бас бапкері Александр Истомин жаңадан келген ойыншыларды таныстырды.
Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан облыстық әкімдік тарапынан «Бейбарыс» командасына үнемі қолдау болатынын айта келе, мұз айдыны сарайының төбесін жабу үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, германдық мұз тазалау машинасы құрал-жабдығының артығымен алынғандығынан хабардар етті. Егер өткен маусымдағыдай мұз тазалағыш машина сынып, істен шығып жатса, қордағы құрал-жабдықтарды ауыстыра салу еш қиындық туғызбайды. Ал, журналистердің «Сыйымдылығы жоғары жаңа мұз айдынын салу жоспарда бар ма?» деген сауалына бұл құрылыс әзірге жоспарға енбегендігін жеткізді.
Биылғы маусымда чемпион атағын он команда, атап айтсақ, павлодарлық «Ертic», көкшетаулық «Арлан», теміртаулық «Арыстан», рудныйлық «Горняк», алматылық «Алматы», астаналық «Номад», өскемендік «Торпедо», қарағандылық «Бүркіт» және атыраулық «Бейбарыс» хоккей командалары сарапқа салмақшы.
Екі мәрте ел чемпионы атанған жергілікті «Бейбарыс» хоккей командасы бұл чемпионатқа жіті дайындалып, әу бастан жаттығуды Латвия елінде жүргізіп келген болатын.
Бас бапкердің айтуынша, ұжым құрамынан 15 ойыншы өзге командаларға ауысып кетті. Соның ішінде, алты ойыншы басты қарсыласымыз – Павлодардың «Ертіс» командасының құрамына кеткен. Айта кетсек, Максим Шарифьянов, Осси Иконен, Алексей Репкин және Кари Сихвонен мен қақпамызды қорғаған қос қақпашымыз Мартиньш Райтумс пен Томми Никкила. Сондай-ақ, өткен маусымда командаға қосылған Томаш Хорна да биылдан бастап кәсіби мансабын «Эдинбург Кэпиталз» командасында жалғастырмақшы. Қазір команданың құрамына қосылған жаңа ойыншылардың денін канадтықтар құрайды.
– Канадалық лига – әлемдегі ең мықты додалардың бірі, – деп, бас бапкер командаға ойыншыларды алудағы өз тәжірибесімен бөлісті. – Облыс пен клуб басшылығы қолдауының арқасында канадтықтарды алуға мүмкіндік болса неге алмасқа?! Қатарымызға қосылған Майк Дантон, Ян Макдональд, Дэнни Батточио, Брайан Макгрегор және т.б. ойыншылар биылғы маусымда мұзға «Бейбарыстың» формасында шығады. Сонымен қатар, словакиялық Лукаш Хвила, финдік Микка Пукка, латвиялық Армандс Берзиньш пен Эдгарс Бранцис Атыраудың үмітін үкілеп, «Бейбарыстың» сапында ойнайды.
Алдағы маусымда «Бейбарысты» 70 ойын күтіп тұр. Ендеше, сәттілік, «Бейбарыс»! Жеңісті сәттер көп болсын демекпіз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*