БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ ОРДАСЫ

Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім және достық үйі» коммуналдық мекемесі өткен жылы құрылған болатын. Бүгінгі күні бұл шаңырақта облыстағы он жеті этномәдени бірлестік орналасып, бірлік пен татулықтың айнасындай қоян-қолтық жұмыс жасауда.

Достық үйінің іске қосылуы бұрын қаланың әр бұрышынан жалға орын алып жүретін аталған орталықтардың бірігуіне жол ашты. Тап-тұйнақтай, ұқыптылық нышаны көрініп-ақ тұрған ұзын дәліз бойында орналасқан есіктердің маңдайшаларына қай орталық екендігі жазылған бөлмелерді әр ұлт өздерінің ұлттық ерекшеліктері бойынша безендіріп, әртүрлі шаралар ұйымдастырады.

Баршаға мәлім, биылғы жыл Ассамблея жылы болып жарияланды. Осыған орай, «Қоғамдық келісім және достық үйіндегі»  атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең.

– Әлемдік тәжірибеде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің қадір-қасиетін көрсетіп келе жатқан мемлекеттер көп емес. Міне, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі-өнеге. Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанды мекен еткен қаншама ұлт өкілдерін елінің нағыз патриоты болуға, отансүйгіштікке үйретуде. Ассамблея жылының ашылуына байланысты бізде үлкен шаралар легі өтуде. Облыс басшысы келіп, құттықтау лебізін білдіріп, шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ардагері Сейтамин Акаев екеуі Ассамблея туын көтерді. Одан әрі мәдени-көпшілік жұмыстармен жалғасын тапқан бұл айтулы шарадан бастап, бізде әртүрлі бағыттағы ірі жобалар іске асырылуда. Солардың ішінде өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік және ана тілін білуге арналған «Тіл – татулық тірегі» атты конкурс маңыздылығымен ерекшеленді, – деді «Достық үйінің» басшысы Серік Биғамбаев әңгіме барысында.

Бұл шара мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығын насихаттау, жас буынның арасында қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру, сөйлеу мәдениеті мен ана тілін білу арқылы басқа тілдерді құрметтеуді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Этномәдени бірлестік өкілдері арасында өткен бұл конкурста облыстан «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, корей қызы Вероника Ли  Атыраудың намысын қорғап, дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Ассамблея жылына арналған тағы бір ірі жоба – этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткізілген «Менің Қазақстаным» атты облыстық музыкалық фестиваль. Қатысушылар қазақтың ұлттық әндері мен қазақ халқының ұлттық аспаптарында өз өнерлерін көрсетуден сынға түсті. Облыстық дәрежеде өткен байқауда вокал номинациясы бойынша жүлделі орынға ие болған, халық әні «Япурайды» орындаған «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің мүшесі Цатынян Ани, «Аспапта орындау» номинациясы бойынша Құрманғазының күйі «Балбырауынды» күмбірлеткен «Былина» этномәдени бірлестігінен Киселеева Александра республикалық фестивальға жолдама алып, өз өнерлерін көрсету үшін Астана қаласына аттанып кетіпті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы көлеміндегі «Президенттік шақырым» акциясына сәйкес, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облысымызда жиырма мың адамнан құрылған бұқаралық спорттық жүгіру өткізу жоспарлануда. Бұған барлық мекеме, кәсіпорындар өз ұжымдарымен қатысады деп отырмыз. Шара Салтанат сарайынан бастау алып, Исатай-Махамбет алаңына дейін созылуға тиіс. Алаңда этномәдени бірлестіктер концерттер, көрме, жәрмеңкелер ұйымдастырады.

«Қоғамдық келісім және достық үйі» елдің бірлігі мен берекесінің символы болып қалыптасқан «20 ізгі іс» тақырыбындағы «Тайқазан эстафетасы» акциясын талапқа сай өткізуге қызу дайындалуда. Кең-байтақ Қазақстанды аралап шығатын Тайқазан Атырау облысына наурыздың 25-і күні келеді деп күтілуде. «Қайырымдылыққа, ізгілікке толы шаралармен толыққан Тайқазан соңында Елбасына табысталады» дейді «Достық үйінің» қызметкерлері.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы Қазақстанның барлық өңірлерінде «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жоба түрлі этникалық топтардың мектеп жасына дейінгі және мектеп оқушыларына қазақ тілі және мәдени ортасына бой үйретіп, мемлекеттік тілді меңгеруіне, қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын санаға сіңіру мүмкіндіктерін көздейді.

 Жыл бойына жүргізілетін бұл шараларға да аталған ұжым жаңа бастамалармен, тың жаңалықтармен келіп отыр. Этномәдени орталықтар 150 орындық концерт залының да игілігін көріп келеді.

Ассамблея жылында қоғамдық институттың ел үшін атқарған істерін халық арасында насихаттап, мән-маңызын ашып көрсету басты назарда болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мені небір қиын күндері демеп жүретін – халықтың қолдауы, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығы» деп атап көрсеткен болатын. Демек, бір сөзбен айтқанда, «Қоғамдық келісім және  достық үйі» ұлттардың өзара татулығы мен ауызбірлігінің ұйытқысы бола бермек.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*