Белгілі мемлекет қайраткері Есен Тасқынбайұлы хақындағы мөлтек сыр

__ибратты

Шындық  шырайы

Есен Тасқынбайұлының ілкі күннен-ақ қиындыққа құрсалып, кейін соғыс өртіне шарпылған балалық шағы Кең Жылыойдың Каспий теңізіне сұғынған Жаршық елді мекенінде мал бағып, шаруа қуған ата-аналары тіршілік қамымен үдере көшкен жылдары Домбаяқ пен Ақкөл көлі маңында, Шолақсай мен Сағыз өзенінің қиылысындағы кең қолтық жайлауда, қараша киіз үйде өтті. Жеті жасында анасы Балсұлу қайтыс болып, көңілі жүдеу тартқан Есен туған шаңырағының төрінде аунап-қунау бақыты тимесе де, біршама уақыт туысқандарын, біршама уақыт интернатты паналап, 1949 жылы Құлсарыдағы Абай атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіріп шықты. Содан соң мұнайлы өңірдің үзеңгіге аяқ салған әрбір өрімтал ұланына арман болған Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтына оқуға түсіп, туған жерге, туыстар мен тілеулестер ортасына 1954 жылы инженер-механик мамандығымен оралды. Еңбек жолын «Қазақстаннефть» бірлестігіне қарасты Құлсары бұрғылау конторында бұрғылау жабдықтарын жөндеуші слесарлықтан бастады. Мұнара құрастыру цехында прораб, бұрғылау конторында бас механик, Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасында аға механик қызметтерін абыроймен атқарды. Сөйтіп, бар-жоғы бес жылдың өресінде аталмыш бірлестіктің бас механигі дәрежесіне дейін өсті.

Өнімсіз өлермендікке, тынымсыз тыраштыққа әуестігі жоқ, бойындағы бүкіл бай қазынасын – білімі мен білігін, қайраты мен жігерін адал еңбекке арнады. Ерте көзге түскені шығар, КСРО Министрлер Кеңесінің 1958 жылғы 4 қаңтардағы өкімімен Германия Демократиялық Республикасына іссапарға жіберілді. Жиырма алты жастағы жас инженер Лейпцигтің көктемгі жәрмеңкесіне А.Н.Косыгин бастаған жүз сарапшының бірі болып қатысып, шетел мұнай өнеркәсібі жабдықтарымен танысуға, оны меңгеру жолдарын үйреніп, батыс елдерінің жетекші фирмаларымен байланыс орнатып қайтуға тиіс болатын. Бұл міндет тиянақты орындалды. Көп кешікпей Германиядан алынған бұрғылау қондырғыларын кеңінен пайдалану мүмкіндігі туды.

Иә, Есен Тасқынбайұлы «Қазақстаннефть» бірлестігінде аға механик лауазымын атқарған 1959 жылдың желтоқсанынан 1964 жылдың желтоқсанын қоса алғандағы кезеңде мұнай өндіру 1544,0 мың – 1700,0 мың тонна көлеміндегі деңгейден бір төмендеген жоқ. Қарсақ кен орны пайдалануға берілді. Прорва, Мартыши, Оңтүстік-батыс Камышитовый мұнай-газ кен орындары ашылды. Прорва мен Таңатарды игеру жұмыстары басталды.

Оның бірлестіктен кейінгі – 1964 жылдың желтоқсанынан 1965 жылдың тамызына дейін  Гурьев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1965 жылдың тамызынан 1977 жылдың наурыз аралығында қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтеріне арналды. 1965 жылы 28 тамызда Жайық өзенінің екі жағалауын жалғастыратын ұзындығы 259 метр, биіктігі он метр темір-бетон көпір іске қосылды. Тәуліктік қуаты 30 мың текше метр су тазарту құрылғысының екінші кезеңі пайдалануға берілді. 1966 жылы 23 наурызда 16 сағат 13 минутта химия зауыты полиэтилен өнімін шығара бастады. Осы жылы күніне 60 тонна нан-бөлке шығаратын нан зауытының, жұмысын Мексикада өткен әлемдік футбол сайысының ашылуымен және алғашқы додасын көрсетумен ашқан «Орбита» телеорталығының, газ толтыру стансасының, 100 автобусқа арналған автопарктің, жылдық қуаты 35 мың шаршы метрлік ірі панельді тұрғын үй құрылысы комбинатының тұсауы кесілді. 1967 жылы Гурьев-Шевченко (Ақтау) бағытындағы жолаушылар пойызы жолға шықты.

Қаланың мәдени өміріне де  «қан жүгірді». Кейбір әзілкештердің «былтырдан бері аспаннан жаңбыр емес, әнші мен ақын-жазушы жауып тұр» дегенінде шындық та бар еді. Соңғы екі жылда қалаға жезтаңдай әнші Ғ.Құрманғалиев, сөз бен саз зергерлері Х.Есенжанов, Ғ.Мұстафин, Ш.Қалдыаяқов, Т.Айбергенов, Ғ.Мүсірепов, Ж.Молдағалиев, Қ.Бекхожин, Т.Ахтанов келіп, өз тыңдармандарымен және оқырмандарымен қапысыз дидарласты. 1972 жылы республиканың үш министрі – Оқу министрі М.Бөлтірікова, Мәдениет министрі М.Базарбаев, Денсаулық сақтау министрі Т.Шарманов қаланың құрметті қонағы болды.

-Біз олардың келуін пайдаланып, біраз мәселені шешіп алатынбыз. Мәселен, Төрекелді Шарманов республиканың медициналық оқу орындарына жыл сайын конкурстан тыс 100 студент қабылдатуға уәде берген-ді. Ол сол уәдесін толықтай орындады,-дейді Есен Тасқынбайұлы.

Міне, көрдіңіздер ме, қала-ның және тұтастай облыстың әр жылы, әр күні мен сағаты осы секілді жағымды жаңалықтарға, жаңаруларға толы-тын. Атап айтсақ, химия зауытында полиэтиленнің жаңа маркасының шығарыла бастауы 1968 жылдың, Қарақалпақ Автономиялық республикасының мәдениеті және өнері күндерінің өтуі 1969 жылдың, Авангард жаңа шағынауданының ірге көтеруі, ұзындығы 333 шақырымдық Гурьев-Астрахан теміржолының пайдалануға берілуі  1970 жылдың, №99 құрылыс басқармасының Октябрь революциясы орденімен марапатталуы, Гурьев-2 теміржол стансасының іске қосылуы, Жайық өзені жағалауының темір-бетон плиталармен көмкеріле бастауы, соғыста қайтыс болған жауынгерлер құрметіне Мәңгілік алау оты жанында ескерткіштің ашылуы 1971 жылдың еншісіне тиді.

Одан кейінгі жылдар қаланың әрі көркі, әрі айбынындай болып тоғыз қабатты қонақ үй, облыстық драма театры, мұнай өңдеу зауытында АВТ-электрмен тұзсыздандыру қондырғысы бой көтерді. Қондырғыны іске қосу үшін кезекті еңбек демалысының он күнін сарп еткеніне Есақаң еш өкініш білдірген жоқ. Қайта сол бір жаңалықтың сүйіншісіндей  республиканың Министрлер Кеңесі қаланың бас жоспарын және оның негізгі ережелерін бекітті. Әуежайдың ұшып-қону алаңы, астық өнімдері комбинаты, теміржол вокзалы,  аэровокзал, «Өнерпаз» тұрмыстық үйі, 100 кереуеттік перзентхана жаңа заманның жәдігерлеріне айналды.

1976 жылғы 2 ақпанда әуежайға алғаш рет ТУ-154 ұшағы келіп қонып, қала тұрғындары соған байланысты ұйымдастырылған митингіге қатысты. Алып ұшақ Алматыға бос қайтқан жоқ, өзге жолаушылармен бірге Қазақстан Компартиясы XIX съезінің делегаттарын ала кетті…

Көзі ашық, көкірегі ояу адамның облыста өндірілген байлықты Одақтың, сонау Мәскеудің тонналап алып, жергілікті жерге табыстың үлесін қасықтап бергенін білгені жөн. Егер қала мен облыстың тарихи шежіресіне көз жүгіртсек, мектеп, балабақша, аурухана мен емдеу-сауықтыру орындары салынбаған бірде-бір жылды кездестіре алмаймыз.  Дегенмен, қаланың және облыстың талай мәрте қиындық құрсауында қалғанын да ұмытуға болмайды. 1970 жылғы тамызда қала тырысқақ ауруының таралуына байланысты төрт ай бойы карантинге жабылды. 1979 жылы Каспий теңізі тасып, Новобогат, Теңіз, Индер, Балықшы аудандарының шаруашылығына елеулі зиян келтірілді.  «Жұт жеті ағайынды» дегендей, 1980 жылғы 3-4 қазанда толассыз жауған нөсер жаңбыр қаланың шикі тастан тұрғызылған 151,5 мың шаршы метр жеке меншіктегі үйлерін құлатып кетті. Осы екі күнде жалпы тұрғын үй қорының 15 пайызы күрделі және орта жөндеуді қажет ететін халге түсті, 8 канализациялық-сорғы стансасы, 32 трансформаторлық шағын станса, 18 шақырымдық байланыс линиясы, 23 шақырым автомобиль жолы бүлінді және істен шықты. Сол тұста қала мен облыс басшылары, соның ішінде, құтқару жөніндегі штаб бастығы, облыстық атқару комитетінің төрағасы Есен Тасқынбайұлының жарғақ құлағы жастыққа тимегені, дереу Мәскеуге ұшып барып, КСРО Мемлекеттік жабдықтау комитетінің төрағасы Вениамин Эммануилович Дымщицтің есігін апта күзетіп, ақыры үлкен олжамен оралғаны, 1980 жылдың 26 желтоқсанында КСРО Министрлер Кеңесінің «Гурьев облысында су тасқыны зардаптарын жоюда Қазақ КСР-на көмек беру шаралары туралы» №1211 қаулы қабылдағаны көптің есінде, жүздің жүрегінде.

Бірде қасына «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиевты ертіп Мәскеуге барды. Ондағы мақсаттарының бірі Мұнай Министрі И.Мальцевке кіріп, әлеуметтік объектілер үшін қаражат сұрау еді. Сонда оның мұнайшы қауымының тілегі мен қамын арқалап барғандарға қырын қарап, «это Ваше проблема» деп шалқалағанын, сол сәтте өмірі қызулана сөйлемейтін Есақаң Бөкеңнің «сабыр, сабыр» деп белгі бергеніне қарамастан: «Мына Сіз отырған шаңырақ – мұнайшылардың шаңырағы. Олардың мұңы да, мұқтажы да осында айтылуы қажет. Оларға лайықты өмір сүру мен еселі еңбек ету мүмкіндігін беру бәрімізге ортақ парыз» деп министрді түңілмей түсінісуге, ұрыспай ұғысуға икемдеген өз әрекетін әлі күнге ұмытқан жоқ.

Парасат жолы

-Мен өмірден де, өзіммен істес болып, заман жүгін бірге арқалаған үзеңгілес жолдастардан да, кездесу мен сырласу сәті түскен мемлекет және қоғам қайраткерлерінен де көп нәрсені үйреніп, тағылымды тәлім алдым,- дейді біздің кейіпкеріміз.

Осылай дейді де, әп-дегеннен ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін ауызға алып, оның өзіне емес, тұтастай елге, соның ішінде, қай жағынан алып қарағанда да  әлеуетті Атырауға сіңірген ерен еңбегін, жан-жақты демеушілігін риза көңілмен сөз етеді.

– Бір келген  сапарында Қазақстанда бірінші рет салынған, жылына 30 мың тонна полиэтилен шығаратын зауытта болып, осы кәсіпорынды алға қарай өркендету үшін білікті мамандар және жұмысшылар керек екенін, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қажеттігін барлап, Алматыдан әдейі әкеліп, сексен пәтерлік бес тұрғын үй салдырып еді. Сол «Восток» ықшамауданындағы үйлер Д.Қонаевтың мұнайлы мекенге қалдырған қолтаңбасындай болып, тұрғындар игілігіне әлі де қызмет етіп тұр, – дейді Есақаң.

Қазына – көкіректе талай сырдың бұлақ көзіндей бұлқынып жатқанына күмән келтіре алмайсың. Ол әңгімесін одан әрі жалғап:

– 1982 жылы облысқа келгенінде арнайы Индер ауданына атбасын бұрды. Бұл Индерде жерасты байлығын игеру қолға алына бастаған кез еді. Индерліктер кен байлықтарының үлгілерін бір төбенің басына жинап, көрме жасап, Дінмұхамед Ахметұлын үлкен құрметпен қарсы алды. Сол төбенің басында белгілі академик Мұфтах Диаров жерасты байлықтары жөнінде көлемді баяндама жасады. Осынша игілікке риза болған, бұл қазыналардың бәрі де елдің келешегі үшін аса қажет екенін көріп марқайған Димекеңнің нұрлы жүзі әлі күнге көз алдымда. Индерліктер ол жерді «Димаш төбе» деп атап кетті. Енді «Димекең төбеге» бір ескерткіш белгі қойылса, оның ел үшін істеген еңбегі мен парасатты жолын бағалаудың өнегесі болар еді, – деген салмақты да  сарабдал ой-пікірін ортаға салуды  да ұмытпады.

Есақаңның өз көкейінен шыққан осындай дуалы сөздер арқылы әлгі ардақтылар шоғырынан Өтешқали Атамбаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Мұхамбет Исенов, Өтеп Балғымбаев, Жанша Таңқыбаев, Саламат Мұқашев, тағы басқалардың есімдерін құрметпен еске алып, ортаға оралтуы ерекше сүйінішті. Ол әр өлкенің рухын көтеретін, еңсесін тіктейтін данасы мен дарасы, қол бастаған батыры, сөз баптаған шешені болады, өсуді аңсаған, өркендеуді көксеген ондай алыптардың ісіне адал, өнегесіне ұйытқы болып, ұрпақ ұлығылайтын дәрежеге көтере алсақ, мойнымыздағы ұлы борышты өтей алғанымыз деп, олардың өткен өмір жолы, тартқан тағдыр таразысы, маңдайларына жазған жазмышы туралы ойға шомып, оларға өзінің жүрек сөзін арнайды. Оның соңғы жылдар аясында ұрпақ сабақтастығының ұлағатты жарастық ұйытқысы екеніне назар аударып, тарихи деректердің көзі болып табылатын шежірелерді сын сүзгісінен өткізу арқылы оны өзекті өткенімізге, берекелі бүгінімізге, жарқын болашағымызға қызмет ететін дәрежеге көтеру тұрғысында да көп іс тындырғанын айту ләзім. Азаттық күрескерлері Нарынбай, Өтен, Төремұрат батырларға және Бала Ораз ақынға кесене және ескерткіштер тұрғызудағы бастамашылығы мен ұйымдастыруышылық қабілеті – ұлығылауға тұрарлық еңбек.

Ізгілік иірімі

Ендігі кезекте ақылды көрік, сабырды серік санайтын Есақаңның бойына біткен адамгершілік құндылықтарға зейін қойып, зерделей бастасақ, адамдарды сыйлау мен қастерлеудің, ар-ұятты сақтаудың, имандылық пен рақымшылықтың, ізеттілік пен кішіпейілдіктің, әділдік пен адалдықтың озық үлгілері ойға орала кетеді.

Өткен ғасырда Кең Жылыойда Семен Григорьевич  Тепленький есімді ардагер ұстаз болды. Сол кісі жасы ұлғайған шағында есейген балаларын қара тұтып, Құлсарыдан Атырауға қоныс аударғанды жөн көреді. Бірақ, келе қалған күнде бас сұғар паналары  жоқ-ты. Содан әрі ойланып, бері ойланып, осы бір тұйықтан бізді бір құтқарса бір кездегі шәкіртім құтқарар деп, қалаға маңдай тірейді. Есен Тасқынбайұлының қабылдауына жазылып, кірген бетте бар жағдайын жайып салады. Алдынан білім мен тәрбие алған Есен ұстазын қалайша жерге қаратсын?! Біраз сырласып, тілегін оңтайлы шешіп береді. Бұл жақсылық пен қамқорлықты сол тұста Семен Григорьевичтің бүкіл кең Жылыойға жария етіп көшкеніне қалың қауым куә, оны Атыраудағы бүгінгі бақытты ұрпағының – немерелері мен шөберелерінің үнемі риза көңілмен еске түсіретініне өзіміз-ақ куәміз.

Осы орайда атақ-даңқы Атырау мен Қазақстанның ойы мен қырына мәлім азамат Төкен Танаұлы Жұмағұловтың Маңғыстауға жұмыс ауыстыру қамында басынан өткен бір сәт еріксіз еске түседі. Төкен Танаұлы ойын жүзеге асыру үшін Өзен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қожанияз Есентаевтан, аудандық атқару комитетінің төрағасы Жетпісбай Есенжановтан келісім, министр Әнуар Жақыповтан бұйрық алғанымен әлі де толқулы еді. Ол сол жайтты өз естелігінде:

«Алдымда тұрған бір тосқауылдан қатты қауіптендім. Ол – Атырау қалалық партия комитетінің есебінен шығу. Коммунистік партияның айтқанынан бұлтарып кете алмайсың ол кезде. Өтінішімді айтып, Есен Тасқынбайұлының алдына бардым.

-Тұрмыс жағдайымның қандай екенін білесіз. Маңғыстауда жүз он пайыз үстеме ақы төлейді екен. Сонда барып, күнкөрісімді түзетсем деп едім. Мені есептен шығара көріңіз,-дедім.

Түсінігі мол кісі «анада автобус паркіне бармап едің ғой» деген жоқ. Өтінішіме сөзге келместен қол қойып берді…» деп  жазған еді.

Жоғарыда Есақаңның ұстаздар қауымының бір өкіліне жасаған қамқорлығын айттық. Олар – ұстаздар жақсылық атаулының қай-қайсысына да лайықты. Есақаңның тағы бір аяулы ұстазы Ғаббас Сарқытов қақындағы естелік мақаласын «Ұстазын ұмытқан ұлы бола алмайды» деп атағанының өзі әрбір көкірекке ұлы сезім ұялатқандай-ау. Сол мақаласында Александр Македонскийдің: «Не меньше обязан я учителю своему, как и отцу: от отца я получил жизнь, а от Аристотеля то имею, что жизнь мою хорошо жить могу» деген сөзін ойға оралтқан ол «біз ата-анамыздың алдында қаншалықты қарыздар болсақ, ұстаз алдында да сол дәрежеде қарыздармыз. Ұлылыққа қолы жеткендер де ұстазын ұмытуға құқылы емес. Мен Ғабеңнің рухына әркез басымды иемін» деп тебіренді.

Осылардың және жоғарыда айтылғандардың жиынтығы, Қазыбек би айтқандай, «қол басқарғанда жолы киелі, ел басқарғанда сөзі жүйелі» Есен Тасқынбайұлының, бұл күнде ел ағасының ерен еңбегін айғақтайды. Оны мерейтойлық кездесулер мен салтанаттарда үзеңгілес жолдастары О.Көшеков, М.Сағынбаев, О.Қарасаев, О.Еркінов, М.Ғабдісәлімова, С.Сүйінов, Қ.Темірташев, ізгі ниетті інілері А.Селбаев, Е.Нұршаев, ресейлік Н.Ысқақов дөп басып, Есақаң қайнаған іс басында жүрген тұста қаланың 1974 жылдың қорытындысымен Одақта 100 қаланың бірі болып, жеңімпаз танылғанын, облыстың 1980-1985 жылдары Одақтың және республиканың ауыспалы Қызыл туын алты рет, дипломдары мен Құрмет грамоталарын бірнеше рет жеңіп алғанын бүкіл Атыраудың ойы мен қырын тебіренткен оқиға деп бағалағаны есімізде.

Есен Тасқынбайұлының он жыл бойы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқара жүріп қайраткерлік биіктен көрінуі, СОКП-ның XXV, XXVI, XXVII съездеріне, ҚКП-ның XII, XIII, XIV, XV, XVI съездеріне делегат болып қатысуы, 1972-1987 жылдар аралығында ҚКП Орталық Комитетінің мүшесі болуы, төрт дүркін республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттық мандатын иеленуі, омырауына бес орден, он бес медаль тағуы, Атырау облысы мен қаласының, Жылыой ауданының Құрметті азаматы атануы көп жайды аңғартады, көп жайға көз жеткізеді.

P.S. Кішілігі кісілігінен, ірілігі ісінен, ой-мұраты отаншылдығынан, адалдығы әділдігінен, парасаты пайымынан танылған,  асқақ рухты, мәрт мінезді, кең пейілді Есен Тасқынбайұлы қазір қабырғалы халқына риза, тәуелсіз елінің жетістігіне риясыз қуанады.

Мен де адаммын

жаралған сүйек-еттен,

Менде ой бар,

сезім бар жан тебіренткен. 

Қазақтың қарапайым

бір ұлымын,

Жанымды арым үшін

құрбан еткен, – деп батыр Бауыржанша толғанып, өз заманына керек адамның әр заманға да керек екенін дәлелдеп, ортамызда дін-аман жүріп жатыр. Жақын күндерде ол 85 жасқа толады.

Жасай бер, жасампаз аға!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*