Бекжан ТҰРЫС: «Жасандылыққа жаным қас»

Сізді тек қана өнердің өз баласы деп емес, шындықты айта алатын, ақиқатқа жақын азамат деп танимыз. Жалпы, шыншыл болу мінезден бе, әлде, қоғам алдында арылудан туатын қажеттілік пе?

maxresdefault

– Шындықты көп ешкім ұната бермейді ғой. Ақиқатты айналып жүретініміз тағы рас. Мен шындықты айтуды азаматтық парызым деп санаймын. Ертең ұлымның алдында, өскелең ұрпақтың алдында не деп жауап беремін? «Сіз неге айтпадыңыз? Неге үндемей қалдыңыз?» демей ме? Бүгежектеп қалған кезім болған шығар, бірақ, бұлтаққа салған емеспін. Сондықтан, мені ұнатпайтын адамдар да бар  екенін білемін. Шындықты айту дегеніңіз, ұрандап алаңға шығу емес, адам кейде өзінің ісімен, өзінің кәсібімен де шындықты көрсете алады. «Ұлым, саған айтам» моноспектакліне бір әфсана енгізгем. «Адамдардың арасында екі сұлба жүр екен.  Біреуінің ұсқыны сондай адам көргісіз нашар екен де, екіншісі бүркеніп алыпты. Біріншісінен кім екенін сұрағанда «Мен – Шындықпын» деп жауап беріпті. «Өзің кімсің?» деген сұраққа бетін бүркеп алғаны «Мен – Ақиқатпын» деп жауап беріпті. «Онда неменеге бетіңді бүркеніп алғансың? Аш бетіңді!» дегенде, екіншісі: «Егер мен бетімді ашатын болсам, талайдың жүрегі жарылып өлер еді» депті. Демек, екеуі де – ащы. Келер ұрпақ қатемді бетіме баспау үшін де шындықтан қашпауым керек деп есептеймін.

Қазақ өнерінің қарашаңырағы – «Әкемтеатр» сахнасында елуден астам рөлді сомдадыңыз. Қай кейіпкеріңіз жаныңызға жақын?

– Мен рөлдерімді ешқашан бөліп көрген емеспін. Бірақ, жұрт көңілінен шыққан бір рөлім – Әбіш ағамыздың «Абылай хан» спектакліндегі Диуана образы. Астанамыздың ресми ашылуында қойылып еді. Сонда Әбіш ағамның өзі келіп, маңдайымнан иіскеп «Менің  жазған дүниемді тірілей жеткізген бірден бір актер» деп риза болған. Сол кезде Елбасының да «Диуананы ойнаған шал кім?» деп сұрағаны есімде. Мәдениет министріне қарап «Әй, Елубай өлмепті ғой, мынау тірі Елубай ғой» дегені менің өнеріме берген бағасы еді. Өзім үшін шоқтығы биік рөлдердің бірі – Диуана. Театрда ешқашан жасандылыққа барған емеспін. Ұстазым Шолпан Жандарбековадан, Асқар Тоқпановтардан алған тәлімім – сол. Жанымды беремін, түсінбегенімді іздеймін. Рөлді зерттеу үшін жындыханаға жатқаным, «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектакліндегі рөлім үшін қарттар үйіне барып тұрғаным – бәрі де өнерге деген адалдығым деп білемін.

Кеңес киносының классикасы «Москва көз жасына сенбейді» фильміндегі мына бір сөз есіңізде ме? Оператор жігіттің «Жиырма жылдан соң театр да, кино да болмайды… Теледидар, тек қана теледидар үстемдік құрады» демеуші ме еді? Сіздің есіміңіз қалың көпшілікке «Ұят болмасын», «Жетпіс жеті күн», «Еркектің аты – еркек» телебағдарламалары арқылы жақсы таныс. Жалпы, сіз түскен сол бір әдемі дүниелерден бөлек, қазіргі телебағдарламалар театрды ығыстырады деп ойламайсыз ба?

– Мұндай қорқыныш бар. Әйгілі неміс пәлсапашысы Томас Манның  «Театр тобырды халыққа айналдырады» дегені бар ғой. Шынында театрдың орнын басқан теле-шоулар тобырдың санын арттырып жатыр. Халық думаншыл болып алды. Сайқымазаққа айналған сатирасы тағы бар. Елді оятатын, ой салатын дүниелер аз-ақ. Біз өз ішіміздегі Бораттарды түземей,  ілгерілей алмаспыз. Бұлай кете беретін болса, әрине, театрдың халі не болмақ?..

Жаныңыз кірлегенде не істейсіз?

– Кітап оқимын. «Көңілді мұң шалғаннан, кір шалған жаман» дейді ғой. Сондай кезде, әсіресе, махаббат туралы, Фариза апаның өлеңдерін оқимын. Мырзагелді Кемелдің дүние пәлсапашыларынан жинағаны бар. Соны оқып жүрмін.

«Ұлым, саған айтам» моноспектакліңіз қоғамда үлкен жаңалық деп бағаланып, талқыға түсті, сұранысқа ие болды. Ұлыңызға айтқаныңызды ұлтыңызға айтқаныңыз деп қабылдадық…

– Иә, әрбір ертеңін ойлайтын ұрпақ әуелі өз перзентінің тәрбиесінен бастауы керек. Өйткені, біздің ұрпақ – біздің ұлттың жалғасы. Бұл моноспектакль ақиқатты барынша ашып айтуға, көптің көңіліндегі түйткілді тарқатуға арналып еді. Халық жылы  қабылдады. Біз ұрпақ тәрбиесін бәрінен биік қоюға тиіспіз ғой. Ата-бабаның салты бар, соншама  бай мәдениетіміз бар, осының бәрін өзіміз меңгеріп, өзімізден кейінгіге мұра қылсақ, қане?! Бала бар мен жоқтың, ақ пен қараның арасын айырып өсуі үшін  тәрбие үйден, отбасынан басталғаны абзал.

Сіз өнерге жай келдіңіз. Не себеп болды?

– Менде күдік басым болатын. Сол кездегі кинолардан Асанәлі, Әнуар, Құман ағалардың фактураларын көремін. Өзім кішкентай, арықпын. «Менен қандай актер шықпақ» дедім. Далада жүріп, қой бағатынмын. Жаздыгүні жайлауға шығып кетіп, қарағайдың ішінде өзіме өзім кино қоятынмын.  Даусым өте тұнық еді. Кейінірек Әбіш ағамның айтқаны бар еді: «Сенде бір ғасырдың үні бар ғой» деп…

Достарымның бәрі Алматыда оқиды. Соларға келіп, демалып кететінмін. Тағдыр ғой… Бір құрылыс компаниясында істейтін азаматтың атынан концертке қатысып, бүкіл өнерімді көрсеттім. Пародиясы бар, пантомимосы бар… Соңынан бір егделеу кісі театр-көркемсурет институтына баруға кеңес берді. Содан достарымның итермелеуімен қабылдау комиссиясының алдынан бір-ақ шықтым. Қолымда бір жапырақ құжат та болған жоқ. Менің бағыма  Шолпан Жандарбекова мен Асқар Тоқпанов отыр екен. Басында менің түрімді көріп, қомсынды ма, ұнатпағаны байқалды. «Нең бар?» деді. Мен ол кезде Фаризаны да, Мұқағалиды да жатқа білетінмін. «Ән айтасың ба?» деді. Театр тарихынан хабарым жоқ. Шолпан апамның жұлдызды рөлі «Ақан сері – Ақтоқты» драмасындағы  Ақтоқты екенін де білмеймін. Аузыма Құдай салды ма, «Ақтоқтының зарын» айтамын дедім. Сол жерде Шолпан апамыз қатты тебіренді.  Одан Фариза апамыздың «Жетімнің монологын» домбырамен орындадым. Асқар ағам Шашубайдың «Ақ қайыңын» айтқызды. «Әзіл айт» деді. Бір тұрмыстық пародия орындап едім, қыран-топан күлкіге батты. Сөйтіп, студент атандық. Бітірген соң театрға келдік. Театрдың төл баласы болдым.

Орыстың ұлы актрисасы Фаина Раневская өзіне «Маған актер болуға көмектесіңізші» деп жазған хатқа, «Саған Құдай көмектессін» деп жауап беріпті. Актерлікті Құдайдан келген өнер деп қабылдайсыз ба?

– Өнер Алладан беріледі. Соның ішінде Алланың назары түскен адамға ғана ерекше нәрсе қонады екен. Біздің талантты деп жүргеніміздің бәрі талантты ма? Мен бұған келіспес едім. Біз көбінесе талант пен танымалдылықты шатыстырып алып жатамыз. Қазір өнер адамдарының көбі танымалдылыққа жұмыс істейді. Тарихта қалсам екен дейді. Өнер ұлт үшін қызмет етуі керектігімен санаспайды. Киноға да түсіп қалғысы келеді. Бар жерде жылтыңдап, көрініп қалу мақсат боп кетті ме деймін.  Құдайдан келген талантқа адал қызмет ету керек қой.

Өнерде сіздің мазаңызды алатын сұрақ бар ма?

– Аманатқа қиянат жасап жүргеніміз, өнерге қиянат жасап жүргеніміз жанға тыныштық бермейді. Ұстаздарымыздан алған адалдықты кейінгі ұрпаққа сол күйінде жеткізе алмасақ, кім болғанымыз? Әбіш ағаның «Қиянатты пейіл, қияметті мейір тоқтатады. Мейір оңалса, берекет, пейіл оңалса, әрекет өрге басады» деген…

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы – халықтың рухын оятуға бағышталған, қоғамды сілкіндірген  аса бір қуатты бағдарлама. Елдің ертеңі толғантатын азамат ретінде қандай сезімде болдыңыз?

– Бұл – тұтас қоғамның, әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға бағытталған дүние. Елбасының елдің рухани әлемін байытуға бағыттаған нұсқауы іспетті дүние бұл. Рухы биік ел ғана ұлы істерді жүзеге асыра алады. «Туған жерге туың тік» болсын, латын әліпбиі болсын – санадағы сілкініс.

Елбасының бұл мақаласы – үлкен саяси-идеологиялық құжат. Дер кезінде келген керекті құжат. Бесік тәрбиесі, әженің ертегісі, батырлар жыры секілді рух тәрбиелейтін мектептер әлсіреген кезде осындай тиянақты дүниені күтіп едік. Идеологиясы жоқ ел құбылнамасы жоқ кеме секілді. Шерхан ағамыздың сөзі бар ғой – «Бабалардың қаныменен, сүйегіменен құнарланған қасиетті топырағымыздың сүйем жерін сүйіп өсуге міндеттіміз». Тойған жерін емес, туған жерін сыйлайтын ұрпақ жетілуі үшін де осындай айқын бағыт керек.

Шешеміз немерелерінің кіндігін перзентханадан сұратып алып, топыраққа көметін. Адам туған жерге кіндігімен байлануы керек. Қазір қарап отырсаңыз, кіндігі қан-жынға араласып, құрдымға кеткен сәбилердің болашағы не болмақ?

Бұл мақала – қазақтың арғы дүниесіне, танымына үңілген дүние. Біздің дәстүріміз, дініміз бен діліміз егіз еді ғой. Күн-айын жүрегінде, Құдайын тілегінде құрметтеген халықпыз. Ұлттық код дегеніміз осы ғой.  Әбділданың өлеңінде айтқандай, «Адал ұрпақ, аталар салтын ұмытпа, Бабалар ұстанған дәстүрді ұлықта. Сақтар болсаң, еліңнің арын сақта, жоғын жоқтап, барын сақта. Дінің менен діліңді өгейсітпей, Өз бабаңның қазақы қанын сақта!».

Атырауға әлденеше рет гастрольдік сапармен келіп жүрсіз. Қазақтың қай өңірі де – киелі, қастерлі. Дегенмен, осы өңірді қандай ұғымдармен ассоциация жасайсыз?

– Атырау десе, көз алдыма аруақты ерлердің рухы, жауынгерлік рух елестейді. Жұдырықтай жүректе тайдай тулап тұрған сезім елестейді. Ұлттың рухын қозғайтын, намысы қалғымаған ел, Исатай мен Махамбеттің Отаны деп қабылдаймын.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*