«БЕКІРЕ – 2017»: күнгей мен көлеңке

«Бекіре – 2017» балық қорғау акциясы аяқталды. Оның қорытындысын сәрсенбіде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Үйлестіру штабының мүшелері айтып берді.

Брифинг

Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат Абдрахманның баянда-уынша, жұмыстың нақты нәтижесі бар. Айдынның бетін жүйелі тазалау – бекіре балығының уылдырық шашатын жерлеріне жетуіне себепші болыпты.

– Мысалы, көктемгі кезеңде екі бекіре тұқымдас балық өсіру зауыты бағалы балықтың 196 өндірушісін дайындады, – деді Марат Ғинаятұлы.

Акцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына жергілікті құзырлы органдар сүбелі үлес қосты. Әсіресе, ішкі істер құрылымының қызметі атап айтарлықтай. Үлкен жолдардың бо-йына қойылған полицейлік бекеттер табиғат ырыздығының талан-таражға түсуіне тосқа-уыл болды. Ғылыми-зерттеу инс-титутымен бірлесіп жүргізген іс-шараның да маңыздылығы ерекше. Дегенмен, кейбір мәселелер әлі күнге шешімін тап- пауда. Соның бірі – ұтқыр рейдтік топтардың жүрдек техникалармен қамтылуы. Жанар-жағармай жеткізуде проблемалар жетерлік. «Инспекция қызметкерлері радиобайланыс құралдарымен жабдықталмай отыр. Оны жыл сайынғы қаржыландыру шеңберінде жоспарлы түрде шешетін боламыз» деді басшының міндетін атқарушы.

Айтпақшы, аталған инспекция жетекшісінің орны қазір бос тұр. Бұрынғы басшы Мұрат Ермекқалиев өз арызына байланысты қызметінен босатылған еді. Үлкен жауапкершілікті арқалайтын лауазымды тұлғаның есімі конкурстық байқау сатыларынан соң белгілі болады.

Жанбай, Зинеден ауылдарындағы криминалдық жағдай да балық қорғаушыларға оңай болған жоқ. Дегенмен, үйлестіру штабының мүшелері «Биыл-ғы акция кезінде осы ауылдардың қанша тұрғыны заңсыз балық аулауға байланысты жауапкершілікке тартылды, қанша адам жұмыспен қамтылды?» деген сауалдарға нақты жауап бере алмады.

Айта кетейік, «Бекіре – 2017» акциясы кезінде табиғат заңнамасын бұзған 1024 дерек анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 826 адам тартылып, 129 қылмыстық іс қозғалды. Балық қорғау акциясы кезінде браконьерлерден 64,3 тонна балық тәркіленсе, соның 3,1 тоннасы – бекіре тұқымдас «су маржаны». Қолды бола жаздаған қара уылдырықтың салмағы 11 келіні құрайды.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*