Бекболат Тілеухан Білім министрін жекпе-жекке шақырды

Депутат министрді жекпе-жекке шақырды. Оқулықтағы қатеге қатты ашуланған Бекболат Тілеухан Білім министрімен шекісіп қалды деп хабарлайды КТК арнасы.

pogudx2saes3n3tfng.d64ace63

Депутат біраздан бері бастауыш сыныптағы «Сауат ашудың» көзін құртуды талап етіп жүрген. Бүгінгі айқайдан кейін еліміздің бас ұстазы мектептерге ақыры «Әліппені» қайтарамын деп әзер құтылды.

Сөзден сүрінбейтін Сағадиев барынша қорғануға тырысқанымен, шабуыл үдей түсті. Қып-қызыл тартыстың көрігін қыздырғандардың бірі Бекболат Тілеухан.

Өйткені депутаттың Білім министрін көрсе төбе шашы тік тұрады. Ол оқулықтардың ішіндегі өріп жүрген қатеден әбден мезі болған. Кітаптардағы күрделі тапсырмаларды бастауыш сыныпта оқитын ұл мен қызы түгілі жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген Тілеуханның өзі түсінбей қиналып жүр екен.

“2-ші сыныптың баласына 7-ші сыныптың баласының деңгейіндегіні жазып беру – бұл рухани диверсия, ұрпақты қолмен өлтіру. Осыны әдейі істей ме, әлде, ақымақ па осыны ісеген адамдар? Ереке, бұған жауап беріңіз. Ал егер қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде мен сізді жекпе-жекке шақырамын”, – деді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.

Мінін көптің көзінше бетіне басқаны үшін шамданған министр де қарап қалмады. Оқулықтан қате тапсаңдар, түзей салыңдар деп, мәжілісмендердің өздеріне шап берді.

“Үш жүзден астам оқулықтар бар. Әр оқулық дайындағанда 100-ден астам адам соған қатысады. Енді сол оқулық дайын болғанда оны сайтқа салып елге көрсетеміз. Ол сайтта 6 ай тұрады. Сонда қарамайсыңдар ма? Депутатсыз ғой. Қарамайсыңдар ма дұрыстап?”, – деді Ерлан Сағадиев.

Депутат пен министр арасындағы текетірес мұнымен шектелмеді. Тілеухан мен Сағадиев төменгі сыныптарға арналған «Сауат ашу» төңірегінде де біраз тартысты. Тығырыққа тірелген Білім министрі мектептерге ақыры «Әліппе» қайтаратын болды.

“Қазір «Әліппе» болады, сосын 1-ші сынып Ана тіліне көшеді. 0 сынып «Әліппе» болады. 2019-жылдан бастап. Бірақ биыл жоба ретінде 2017 жылы бастаймыз”, – дейді Сағадиев.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*