БЕЙБІТ ӨМІРДЕГІ БАТЫР

Ол менің бауырым еді. Атыраудың шалғай ауылы Сүйіндікте өмірге келді, осында мектеп есігін ашты. Азғана малын алданыш еткен қарапайым отбасының тірегі болып, өсіп келе жатқан. Еті тірі, пысық еді. Бірде әкесі Көшен: «Ресейге барып, жеміс-жидек алып келді» деп мәз. Еріксіз таңдандым, орысша білмейтін жеті-сегіз жасар бала жүз шақырым жол жүріп, азғана тиын-тебенмен олжалы оралып отыр. Батыл, тәуекелшіл, ойлаған ісін жүзеге асырмай қоймайтын елгезек балақайдан қым-қуыт тірліктен қолы бір босамайтын әке-шеше «ертең қолымызды жылы суға салады» деп көп үміт күтетін.

Қара жұмыста шыңдалып өскен, шымыр денелі бозбала қатарының алды болып, 1989 жылы әскер қатарына алынды. «Чехославакияның Богосудов деген елді мекенінде әскери дайындықтан өтіп жатырмыз. Алты ай оқып, танкке отырамын…» деген ол ауылға жолдаған алғашқы хатында. Кейін сол хаттарды қайта-қайта оқып, жауынгер ұлының суреттеріне қарап, сары баланы сағынышпен еске алып, талай таңды жылаумен атыратындықтарын әке-шеше қайдан білсін?! «Соғыс жоқ, заман тыныш қой, ертең-ақ келіп қалар» деп алдағы күндерге үміт жалғап қоятын.

Астанада жоғары партия мектебінде оқып жүргем. 1991 жылдың 9-қаңтары. Түс көріп ояндым. Машина қорабына салып, жаралы жанды алып келе жатырмыз екен деймін. Ертеңінде «Мұрат қаза тапты» деген жеделхат келіп тұр. Алматы қайда, Чехославакия қайда? Асылы, адамға бір нәрсені сездіретін тылсым құдірет бар-ау, сірә. Содан Жақан ағам екеуміз Волгоградқа ұшайық, пойызға отырайық, одан жүк машинасына ауысып, ауылға да жетейік.

…Жеңгем Ағайнаштың сай-сүйекті сырқыратар жоқтауын тыңдауға дәтім шыдамай, тысқа шықтым. Денесі шап-шағын Көшен ағам, одан сайын біруыс боп қалыпты. Темір табыттағы әйнекке үңіліп, «ұйықтап жатқан сияқты» деп күбірлейді. «Аға, ішіне суретін салып қойған да, ана жарылыстан не қалды, сүйегін де таппаған шығар…». Ойыма оралған сөзді айта алмай көз жасына ерік бердім. Автомат асынған бірнеше әскери адам темір табытты күзетіп тұр. Оларға айтқызсаң: «ашуға болмайды, осылай жерлеу керек, тәртіп солай».

Ертеңінде Сүйіндік ауылында бұрын болмаған өзгеше жерлеу рәсімі өтті. Митингіге қатысқан ауылдың бетке ұстарлары сөз алды. «Мұраттың ерлігі ұмытылмайды, өзі оқыған мектепке, не көшеге есімін беруді ойластырамыз» деген сөздер айтылды. Әскерилердің шені үлкендеуі «Осындай батыр ұл өсірген ата-анасына алғыс айтамыз. Мұрат Мәмбетовты жоғары наградаға ұсындық» деп оқиғаның қалай болғандығын қысқаша мәлімдеді. Сөйтсек…

Горбачевтің «қару-жарақты қысқартамыз» деп жер-жерге шапқылып жүрген кезі. Ресейге қайтуға бет түзеген жүзге тарта танк чехтардың Крупка деген елді мекенінде тұрған. Әрқайсысында отыздан астам жойқын снаряд бар. Бір кезде электр жүйесі тұйықталғандықтан ба, бір танк түтіндейді. Әскери дабылды ести сала демалып жатқан Мұрат та жолдастарына көмекке жетеді. Жалын шарпыған техниканы жанталаса қимылдап, қауіпсіздеу алаңға жеткізе бергенде бірнеше снаряд жарылып, танктің күл-паршасы шығады. Он жеті жауынгер сол жерде жан тапсырады. Сәл кешіккенде алып ангар ішінде тұрған алпыс танктің ішіндегі жүздеген снаряд түгел жарылып, қала отқа оранып, мыңдаған адам ажал құшар еді.          

    *  *  *

Ауылдан күй кеткен тоқсаныншы жылдары азғана зейнетақыға қарап қалған аға-жеңге қыздарын арқа сүйеп, Ақтауға көшіп келді. Немере-жиендерін қызықтады. Мұраттан кейінгі ұлын үйлендірді. Қыршын кеткен ұлдың қазасы қатты батты ма, тағдырдың жазуы ма, бұл күнде екеуі де бақилық.

Туған ағасы Дулат айтады: «Чехославакия газеттерінің бірінде қар еріп, көктем шыққанда қаза тапқандардың дене қалдықтары табылып, зиратқа жерленгені жазылған екен. Мән-жайды анықтап, ерлік көрсеткен жерін көріп қайтсам…» деп. Мендегі ой – жергілікті билік өкілдері, әскери комиссариат бар, Мұрат сынды шетте жүріп қаза тапқан қазақ сарбаздарының ерлігін мәңгі есте қалдырудың мүмкіндігін ойластырса екен. Бұл орайда, өзге елдерден үйренсек, кәне! Ғаламтордан оқыдым, Чехославакия елі осы оқиғаға 20 жыл толуына орай Ресеймен бірлесіп, 2011 жылы қаза болғандарға арнап ескерткіш орнатты. Онда Мұрат Мәмбетовтің аты-жөні екінші қатарда бірінші болып жазылған. Өзге де атыраулықтардың есімдері бар. Жыл сайын осы Крупка елді мекенінде Чехославакия мен Ресей елшіліктері бірігіп, 17 жауынгердің ерліктерін еске алып, гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етеді екен.

Мені «Осы шараға Қазақстан елшілігі өкілдері де қатысып, Мұраттың ерлігін кейінгі ұрпаққа, ел қорғаны – сарбаздарымызға неге үлгі етпеске!..» деген бір ой мазалайды. Ресей елі «Батыр» деп қастерлеген, өнеге еткен М.Мәмбетов, алдымен, қазақтың баласы ғой…

  

 Болат  ҮМБЕТОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*