«БЕЙБАРЫС СҰЛТАН»

Тарихи драма Дешті қыпшақ ұланы он жасында жетім қалып, өзге елге құлдыққа сатылып кеткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың тағдыры, күрес жолы кеңінен баяндалуымен ерекше. Ол қатардағы құлдан, Мысыр елінің кемеңгер билеушісіне дейін көтерілді. Азаттық рухы қыпшақ Бейбарыстың бойын кернеп, ақыры алапатын асырды. Драматург ұлы бабамыздың бейнесін, міне, осы қырынан танытуға тырысқан. Ал, белгілі режиссер Юрий Ханинга-Бекназар осы пьесаны сахналауға бел байлап, ұлы бабаның бар болмыс бітімін, ерлік пен кемеңгерлік қасиетін өнер тілінде халыққа жеткізуге тырысқан.

Сонымен қатар, драматург Отанға деген махаббат, туған жерге деген сағыныш, адал достық, ғашықтық сезім, мансапқа құмарлық, сатқындық секілді қарама-қайшы ұғымдарды осы қойылымға арқау еткен.

Айта кетсек, театр ұжымы «Бейбарыс сұлтанды» былтыр Беларуссияда өткен Халықаралық фестивальде де көрермен назарына ұсынылған болатын.  Сонымен қатар, Түркияның Конья қаласында өткен Халықаралық фестивальге де жолдама алды. Беларусь және Түркия елдері көрермендері тарихи қойылымды өте жылы қабылдады. Бұл – қара шаңырақтың ағылшын тілінде тұңғыш қойған спектаклі. Сондықтан, мұны қазақ театры өнерінде орын алған ұлы жаңалық деп бағалаған жөн.

Спектакль құл базарында саудагердің нөкерлері қыпшақтың үш ұлын бірдей қинап, аяусыз ұрып соғуынан басталады. Кейін Бейбарыс екі досы Қалауын және Құтізбен бірге сатылып, үлкен жолдан өтеді. Сөйтіп, Мысыр жерінде қолбасшы болады. Жат жердегі қым-қуыт өмір, крестшілер жорығы, Франция королі ІХ Людовикті жеңу үшін Нілді бөгеу жұмыстары, Иса Тұран Шахтың өлімі, сарай ішіндегі бақ пен тақ жолындағы жымысқы күрес. Спектакль әрі қарай осы мазмұнда өрбиді.

Осындай қым-қуыт жолдан өтіп Мысырдың сұлтаны болған Бейбарысты кеудесін Отанға деген сағыныш сезімі кернейді. Патшайым Тәжбақытқа күн сайын бір түс көретінін, онда Ақ Жайығы, Сарайшығы, сағыныш шекпенін жамылған анасы шақыратынын айтады. Тіпті, Жайық бойындағы жусанның ашқылтым иісін сезінетінін, өзінің Жайықтың суына шөлдегенін жасырмайды. Оның жанын түсінген патшайым Мысыр елінің алғысы мен ризашылығын айтып, сұлтанды босатады.

Сөйтіп, тарихи туындының негізгі мәні «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін тәлімді еске түсіреді.

Спектакльде Бейбарыс сұлтанның бейнесін әйгілі актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды шебер сомдаса, бас уәзір Хуанның рөлінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, Қалауын мен Құтіздің рөлдерінде Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметов, Иса Тұран Шахтың рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай сынды сахна саңлақтары ойнады.

– Маған Бейбарыс сұлтанның рөлі берілгеніне, әрине, қуандым. Алайда, сонымен қатар, менде қорқыныш сезімі де болды. Өйткені, оны атақты Нұрмұхан Жантөрин ойнаған. Осыдан кейін Бейбарыс сұлтанды сомдау оңай ма? Іздене келе, оқи келе Бейбарысқа біртіндеп кіре бастадым, оның батырлығын алуға тырыстым. Өйткені, бір жарым сағаттың ішінде Бейбарыс сұлтанның барлық қырларын ашу мүмкін емес. Бейбарыс сұлтан – 17 жыл Мысырды билеп, сол бір аумалы-төкпелі қиын заманда әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасап, жан-жағының бәріне бейбіт өмір сыйлаған адам. Ол адамның теңдігі үшін, бостандығы үшін күресті. Оның қазақы дархан мінезі мен намысы маған ұнады. Мен Бейбарыстың баладан данаға құлдан көсемге айналғанын көрсетуге тырыстым, – дейді Бейбарыстың рөлінде ойнаған актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды.

Сөйтіп, «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі Атыраудағы халықаралық театр фестивалін үлкен қошеметпен аяқтап, көрерменге зор рухани азық сыйлады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*