«Бейбарыс» – топтық кезеңнің жеңімпазы атанды (+ВИДЕО)

ATR.TV Басты жаңалық Спорт

Atr.kz/18 – ақпан. Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатындағы плей-офф кезеңінің ширек финалдық алғашқы екі ойынын атыраулық «Бейбарыс» командасы өз алаңында теміртаулық «Теміртау» командасымен өткізді.

Алғашқы ойынында Владимир Клинга жаттықтыратын «Бейбарыс» хоккейшілері  теміртаулық қарсыластарының қақпасына жауапсыз үш шайба соғып, жанкүйерлеріне жеңіс жалауын желбіретуге мүмкіндік берді.

Ертесіне,  осы командамен екінші ойын басталар алдында мұз айдынына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, шайбалы хоккейден Қазақстан федерациясы атқарушы комитетінің мүшесі Арғын Ниғматуллиндер шығып, әр команда 54 ойыннан ойнаған екі кезеңдік бәсекеде топ жарған атыраулық «Бейбарыс» командасына жеңімпаз сертификатын  табыстады. Осыдан соң, аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлына  «Бейбарыс» және «Теміртау» командалары арасындағы екінші ойынның ойын бастар шайбасын ортаға тастау құрметі ұсынылды. 

Облыс әкімі басынан аяғына дейін тамашалаған бұл кездесуде де «Бейбарыс» командасы намысты қолдан бермеді. Матч бастала салысымен атыраулық Антон Некряч екінші минутта есеп ашып, ойынның 7-ші минутында теміртаулық Антон Кудрявчев таблодағы көрсеткішті теңестірген еді. Алайда, қонақтар қақпасына шабуылды үдеткен жерлестеріміз көп кешікпей, 8-ші минутта қайта алға шықты. Бұл голдың авторы – Владимир Бакика. Осыдан соң, бірінші кезеңнің аяғындағы (18 минут) кезекті шабуылдардың бірінде атыраулық Роман Смирнов Константин Куликовқа тамаша пас тастап, біздің шабуылшымыз қақпаның осал тұсын дәл таба білді. Екінші кезең басталысымен қонақтардың шабуылшысы Степан Ваганов атыраулық қақпашы Дмитрий Волошинді қапы қалдырып, ойынның 23-шы минутында  есепті 3:2 жеткізді.

Осылайша, плей-оффтағы екі кездесуін ұтқан «Бейбарыс» командасы келесі кезеңге өтуге қажетті ұпайларын сақтап қалды. Командамыз ендігі ақпанның 19-ы мен 20-ы күні болатын ойындарын Теміртау қаласында өткізетін болады.

 Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *