БЕГАЙДАРДАҒЫ БЕКЕМ ІС

Осы топқа жататын ізгі жанның бірі Зейнолла Шәріпұлы 1914 жылы Новобогат ауданының Бегайдар ауылында дүниеге келген. Әкесі Шәріп Нұғыманұлы азын-шоғын малымен күнелтіс жасаса, әжеміз Балым Үмбетиярқызы – үлкен-кішіге қамқоршы, отбасы ұйытқысы болған ауыл-аймаққа қадірлі ана. Осы отбасынан үш қыз, үш ұл өрбіген. Үлкен ұлы Хами қазіргі Индер ауданында Бегайдар ауылдық кеңесінде мұғалім, бастауыш мектептің оқу ісі меңгерушісі қызметін жасап, алғашқы адам санағына қатысқан. Алайда, майданда хабарсыз кетті. Шәріп атамыздың кенже ұлы Сиғуат фин және Ұлы Отан соғыстарына қатысушы, екі рет тұтқынға түсіп, қашып шыққан. Айып батальонында болған соң соғыс аяқталғанда әскери сотқа тартылып, жазасын өтегеннен кейін ақталып шығып, отау құрған. 

Отбасындағы ортаншы ұл, яғни, бүгін біз әңгімеге арқау еткелі отырған Зейнолла 1922-1930 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының, Ілбішін қаласындағы жеті жылдық орыс мектебінде оқиды. 1930 жылы Гурьев балық тресі жанынан ашылған алты айлық есепшілер даярлық курсында оқи жүріп, қаладағы бір мекемеге есепшілікке алынады. Осы уақытта комсомол белсендісі ретінде танылады да Есбол ауданының Қаңбақты елді мекеніндегі бастауыш мектепке мұғалімдік қызметке жіберіледі. 1935 жылдан Бегайдар ауылындағы «Күкіртті» бастауыш мектебінде мұғалім, 1940-42 жылдары Орпа ауылындағы «Папанин» орталау мектебінде оқу ісі меңгерушісі болады. 1942 жылы әскер қатарына алынып, ағасы Хамимен бірге майданға аттанады. Аяғынан жараланып госпитальге түседі де 1943 жылы әскерден жарамсыз болып, елге оралады. Сәуір айында Бабан ауылындағы «Сталин» орта мектебінде әскери жетекші, Новобогат аудандық оқу бөлімінде инспектор, Амангелді орта мектебінде оқу ісі меңгерушісі қызметтерін атқарады.

1941 жылы Гурьев педагогикалық училищесін сырттай тәмамдап, 1944 жылы партия қатарына мүшелікке қабылданады. Сол жылы ол Тұщықұдық ауылдық кеңесіне қарасты «Каганович» атындағы бастауыш мектепке, 1945 жылы Новобогат селосындағы «Амангелді» атындағы орта мектепке директорлық қызметке тағайындалады. Ал 1946 жылы Нарын құмындағы Бегайдар ауылдық кеңесіне қарасты М.Горький атындағы мектепке басшылық қызметке жіберілген. Осы мектептен есімдері облысымызға, республикамызға танымал көптеген адамдар шықты. Мысалы, олардың ішінен бүгіндері ортамызда жоқ ұстаз Төлеуғали Сүйінішқалиев, шебер домбырашы Қалидолла Дүйсеев секілді шәкірттерін  ерекше құрметпен атар едік.

Соғыстан кейінгі ауыртпалық қаншалықты қинаса да, жергілікті ағайындар жаңа мектеп салуға жұмыла кіріседі. Біреуі арбаға атанын жегіп әкелсе, екіншісі тулаққа сазды салып, илейді, үшіншісі оны сүйресе, төртіншісі тас басады. Осы игілікті істің басы-қасында жүрген З.Шарипов еді. Мектеп сөйтіп 1947 жылы күзде пайдалануға беріледі. Әрине, бұл жерде барлық бегайдарлық ауылдастарын ортақ іске жұмылдыруда және құрылысқа қажетті материалдарды жеткізуде әкеміздің қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Майданда қас жауымен алысып, тылда оқу-ағарту саласында аянбай тер төккен ол алты айлық партия оқуына жіберіледі. Ал, 1948 жылы Оралдың педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. Еңбегі еленіп «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Ерен ерлігі үшін» және басқа орден-медальдарға ие болады.

Ал, 1955 жылы Ақкүтір бастауыш мектебінің директоры қызметінен Забурын елді мекеніндегі «Социалистік жол» ұжымшарына партия ұйымының хатшылығына жіберіліп, бастауыш партия ұйымын құрып, оның пәрменділігі мен белсенділігін арттыру, мүшелікке қарапайым жұмысшы, шаруаларды тарту тәрізді жұмыстарға жауапты болады. Қандай істі де соңына дейін жеткізуді мақсат тұтқан ол бұл тапсырмаларды да ойдағыдай орындап шығады. Нақты мысал, жауапкершілік жүгін арқалай білетін Зейнолла Шәріпұлы 1956 жылы облыстық партия комитетінің шешімімен Новобогат ауданы аумағындағы теңізден балық аулаушы төрт ұжымшарды Дамбы селосына көшіруге қатысады. Сол жылы қазіргі Құрманғазы мен Амангелді ұжымшары біріге отырып, су жүретін науа салу жұмысын қолға алады. Қазіргі екі елді мекеннің ортасында қалған жота сол кездердегі жас келіншектер мен өрімдей жастардың маңдай терімен салынғанын кейінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмес…

Осындай қиын істерде шыңдалған, қайтпас қажырлылық танытқан әкеміз 1958 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің Жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберіледі де, кейінгі ғұмыры осы саламен тікелей байланысты болды. 1961 жылы «Амангелді» ұжымшарында, 1965 жылы «Плодоягодный» кеңшарында, 1968 жылы №22-ші орта мектебінің партия ұйымы хатшысы қызметтерін абыройлы атқарған. Сол жылы кеңшардың қаржысы есебінен сегіз жылдық мектепті он жылдыққа айналдыру жұмысы тағы да З.Шариповке тапсырылады. Білікті басшының басқаруымен мектеп үлкен қиыншылықтарды артқа қалдырып, іске қосылады. Ал, келер жылы мәдениет үйін салу ісіне де бел шеше кірісіп, оны да өз уақытында тапсырады. Осылайша, әкеміз өз ісіне берілген, партияның адал мүшесі, үлкен жүректі азамат болған.

1970 жылы Жайық өзені арнасынан асып, тасығанда қазіргі Алмалы селосына қауіп төндірген еді. Сол кездегі Балықшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зекеңе халықты эвакуациялап, Гурьев қаласына көшіру, елді мекенді судан құтқару жұмыстарын тапсырады. Ауыл адамдарын өр суынан құтқару үшін күні-түні демей бөгет тұрғызу жұмысының басында болған сәтте, өз денсаулығына мән беруді де ұмытыпты.

Осылайша қысқа ғұмырының саналы кезеңдерін халқына арнаған, ауылының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне жан-тәнімен атсалысқан, ақ пейілді асыл әкеміз елу бес жыл өмір сүрсе де өз еңбегі арқылы ел жадында қалды.

Самиғолла ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ,
ардагер ұстаз,
Алмалы селосы,
Махамбет ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*