«Батыр да баладан өседі». «Бейбарыстың» ізбасарларын дайындауда күрмеулі мәселе бар

 Азамат Бекет:

  Бұған дейін халық арасында ел чемпионы «Бейбарыс» хоккей клубының жабылуы жөнінде алып-қашпа әңгімелер тараған болатын. Осы мәселеге алаңдаған жанкүйерлер облыс әкіміне, ҚР Шайбалы хоккей федерациясына хат жазып, клубты жаппауды өтінді. Ал, жуырда облыстық мәслихаттың сессиясында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев клуб өз жұмысын жалғастыра беретіні және бұл бағытта жергілікті хоккейшілерді тәрбиелеу мақсатында оңтайландыру шаралары қолға алынатыны туралы мәлімдеген еді. Осы мәселеге орай мұз сарайында өткен баспасөз-конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Атырауда кәсіби хоккей спортын дамытумен бірге балалар хоккейіне де баса көңіл бөлінетінін жеткізді.

– Өзім де спортшы болғандықтан, спорт түрлерін бөліп-жармаймын, – деді басқарма басшысы Азамат Бекет.

– Мұнайлы өлкеде спорт барынша жақсы дамуы тиіс. Ал, хоккей – кең тараған спорт түрі. Сондықтан, хоккей бізге керек. Бірақ, басты бағыт балалар хоккейін дамыту болып табылады. Себебі, батыр да баладан өседі. Еліміздің патриоты ретінде барлығымыз мұны қолдаймыз деп ойлаймын. Бұл жерде кәсіби команданы еш қаражатсыз қалдырамыз деген сөз емес, екі бағыт та қатар жүреді. Нақтырақ айтсақ, оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Қажетті қаражат бөлу қарастырылуда. Сонымен қатар, жанкүйерлер мұз сарайына күрделі жөндеу керектігін, жаңадан су құятын машинаның қажеттігін және тағы басқа мәселелерді ортаға салды.

– Бізге легионерлер қажет-ақ. Өйткені, олардан үйренеріміз көп. Атырауда хоккей спорты қалыптаса бастағанына биыл жеті жыл ғана толады. Ал, осы уақыт аралығында кішкентай баланы конькиге тұрғызып, мұзда еркін сырғанап, кәсіби ойыншылармен қатар бір айдынға шығара салу еш мүмкін емес. Ол үшін уақыт керек. 2009 жылы мұнайлы астанада мұз сарайы салынып, сол жылы бұған дейін қолданыста болған мұз тазалау машинасы алынған болатын. Негізінен, талап бойынша, мұз тазалау машинасы жеті жыл қызмет етуі керек екен. Ал, біздегі құралға 14 жыл толып отыр. Чемпионат барысында істен шығып, әбден әбігерге салатын кездер де аз болмады. Салқындатқыш жабдықтарына да күрделі жөндеу жұмыстары аса қажет. Ал, төбеден су кететіні өз алдына бөлек әңгіме. Әсіресе, матч жауын-шашын күндеріне тап келсе, «жанымызды шүберекке түйіп» отырамыз. Ойыншылардың шешінетін бөлмесі де сын көтермейді. Тренажер залы деген атауы ғана. Бізге келген командалар күліп кетеді. Кейбір сырт аймақтағы ойындарға командамыз пойызбен барып, екі-үш күндерін далаға жібереді. Бірақ, осындай жағдайға қарамастан, олар барын салып ойнап, абыройды асырып жүр. Бұған дәлел – алты жылда үш дүркін ел чемпионы және екі дүркін Қазақстанның күміс жүлдегері атануы. Ал, биыл «Бейбарыс» Еуропа елдерінің мықты командалары бақ сынайтын Құрлықтық кубокта Қазақстан намысын қорғамақ. Бұған дейін де аталмыш додада мұнайлы өлке командасы өнер көрсетіп, алғашқы кезеңнен өткен болатын, – деп, жанкүйерлер шешімін күткен мәселелердің түйінін тарқатты.

  Басқарма басшысы көтерілген мәселемен хабардар екендігін жеткізіп, шешу жолдарын қарастырып жатқанын айтты.

– Иә, ғимарат жаңа болғанымен, жағдайы қанағаттанарлықсыз күйде. Күні кешегі мәслихат сессиясында 101 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде, 81 миллион теңге мұз тазалау машинасын алуға, қалған 20 миллион теңгесі салқындатқыш жабдықтарды және борттарды жөндеуге жұмсалмақ, – деді басқарма басшысы Азамат Бауыржанұлы.

Ата-аналар атынан сөз алған Галина Пилипчук балалар хоккейіне баса назар аудару керектігін айтты.

– Ұлым Данила алты жыл бойы балалар хоккейімен айналысып келеді. Алғашында олар Мәскеуге дейін барып, түрлі жарыстарға қатысып келген болатын. Содан кейін соңғы жылдары тек екі рет клуб есебінен Рудный, Шымкент қалаларына барып келді. Ал, бұдан басқа кездері ата-аналар өз қаражаты есебінен балаларды жіберіп отыр. Жолақыға қолдау көрсетуге демеушілер де табылды. Бірақ, балалар хоккейінің жеке есепшотының болмауы кедергі болуда. Өткен жылы «Бейбарыстың» «Атырау барыстары» клубы құрамынан бөлініп шыққанымен осы мәселе толыққанды шешімін әлі таппай келеді. Балаларға хоккей формасын сатып алу ата-анаға жүктеледі. Ал, олар арзан тұрмайтыны белгілі. Сонымен қатар, мұз сарайына қоғамдық көліктер қатынамайтыны да өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан, балаларын хоккейге тек қалтасы көтеретін ата-аналар беріп, өз көліктерімен әкеліп, алып кетеді. Соның салдарынан қазір 14-15 жаста тек төрт бала жаттығуда. Ал, команда құру үшін жиырма шақты бала қажет. Сондықтан, «Бейбарыстың» ізбасарларын нақты дамытуды қолға алу керек деп есептеймін, – деді Галина Пилипчук.

  Жанкүйерлердің айтуынша, бүгінгі таңда үш атыраулық жас хоккейші ата-ана есебінен өзге аймақтардағы клубтарда жаттығуда. Клуб өз алдына жеке ұжым болды. Қажетті қаражат та бөлінуде. Енді қаржы мақсатты жұмсалса, жергілікті жерден жас ойыншыларды тәрбиелеуге еш кедергі жоқ. Бұл бағытта Азамат Бекет балалар хоккейінің стратегиялық бағыты әлі айқындалатынын жеткізді. – Биыл команда Құрлықтық кубок турнирінде ел намысын қорғайды, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы.

– Жыл сайын кәсіби командадан үлкен мақсаттарға жету талап етілуде, «Бейбарыс» та сенім үдесінен шығып келеді. Сондықтан, хоккей клубына облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі биыл да сақталады. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, балалар хоккейін дамыту – бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Биыл «Нұрсая» ықшамауданынан теннис корты пайдалануға берілгелі тұр. Сондықтан маршрут мәселесі де шешімін табады деп ойлаймын.

Дайындаған: Айгул Ертілеу

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*