БАТЫР БОРАН

 – Боран ағамыз 1938 жылы ВЛКСМ мүшелігіне өтеді. Ол жауырынды келген, орта бойлыдан гөрі биіктеу, жазық маңдайлы, қою қасты, жалын атқан өткір көзді, ұстамды, қайратты, адамға үйірсек жігіт дейді білетіндер. Оның домбыраға қосып, ән салатын өнері де болған, – деп жазады есболдық Қ.Сейітов ағамыз.

– Боран 1942 жылы 6 қаңтарда Есбол ауданының әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, №137-атқыштар дивизиясының №770-полкінде минометші болған. Ол Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясы үшін болған ұрыста жаудың атыс ұясын жойып, сол жерде 1943 жылы 6 ақпанда ерлікпен қаза тапқан.

Кейін жолдастары шабуылға шығып, жаудың бетін қайтарып, Лески деревнясын жаудан азат еткенде Боран денесінің жанында жаудың 28 жауынгерінің өлі денесі жатыпты. Шындығында, ол майдан даласында Александр Матросовтан 17 күн бұрын ерлік жасап, жау ұясын кеудесімен жауып, беліне байланған гранаталарын дзот ішінде жарып үлгерген. Сөйтіп, өзі қаза тапса да дұшпандарын жер жастандырып, шабуылдаушы жауынгерлердің жолын ашқан.

Жерлесімізге теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақ жігіті Боран Нысанбаевтың бұл батырлығы Ұлы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында белгілі болып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1965 жылғы 23 сәуірдегі №324 Жарлығымен Зеленый орта мектебіне Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың есімі берілген, – дейді бүгінде Көктоғайдағы Батыр атындағы әскери-даңқ мұражайының меңгерушісі Қуаныш Абдырахманов.

Мұражай бүгінде жас ұрпақты ағалар дәстүрі рухында тәрбиелеу, оларды Отанды сүю, патриотизм мен ұлтжандылыққа тәрбиелеуде біршама жұмыстар атқаруда. Ал, еліміз тәуелсіздік алған соң бұл орын әскери-даңқ мұражайы атанып отыр. Ендігі жерде осы орынға арнайы ғимарат бөлу ісі келешектің міндеті болса керек.

Мұражай жұмысына алғашқы күннен бастап Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім, Қазақ ССР, КСРО Халық ағарту ісінің озаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Мүнира Тұрғалиева жетекшілік етті. Мұражайға 10 адамнан тұратын «Мұражай кеңесі» басшылық жасады. Оның құрамына оқушылар, мектеп ұстаздары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері тартылды. Мұражайда Боран Нысанбаевтың өмірі мен ерлігі туған-туыстары, майдандағы ерліктерін бейнелейтін материалдар мен экспонаттар, Батырдың суреті, «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілгендігі туралы КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығы ілінген. Сонымен қатар, экспозицияға Боранның бейітінен әкелінген топырақ, снаряд жарқыншағы, жауынгерлік бас киім пилотка, бюстісі, Ресейдегі Орел жеріне барған және келген делегациялар туралы деректер, суреттер, карталар, батыр ерлігінің көрінісі, альбомдар мұражайға келушілерге жақсы әсер қалдырады.

Әскери-даңқ мұражайы меңгерушісінің сөзіне қосарымыз, біз 2010 жылы сәуір айының соңында екі ел – Қазақстан мен Ресей арасындағы бұрынғы қарым-қатынасты жалғап барғанымызда Лески деревнясының ескі жұрты ғана қалыпты.

Боран Нысанбаевтың тарихын зерттеуге бұдан 40 жылдай бұрын зор еңбек сіңірген және қазақстандық қызыл ізшілдерді бастап ерлік жолымен жүріп өткен есболдық мұғалім Кенжеғали Қаюпов ағамыз өзінің «Дауылпаз» кітабында жазғанындай «Боранның бейіті Безимянная деп аталатын терең сайдың қабағында тұр екен. Бұл сай Лескидің шығыс бетін тіліп өтіп жатыр. Бейіттің сол жағы «Ближный луг», «Безимянная», «Суходол» сайлары болып үш айырылады. Лески биік қабақ басында тұрған деревня» («Дауылпаз» 13 бет.) деп жазып қалдырған болатын.

Осы сай 2010 жылы сәуірде біз барғанда да көк шалғынға малынып, алтын шуақпен шағылыса тұманданып жатты. Орелдіктер «екі-үш күндікте қар жауып, біраз әбігерге салып еді, сіздер келген соң Батырдың ескерткіші тұрған маң тым жылынып кетті» деп жатты. Ал, Боран батыр зиратының орнына қойылған белгі қорғасын түсті бояумен сырланып, айналасы қоршалып қойылыпты. Біз қолымыздағы гүлімізді бейіт басына қойып, дұға бағыштадық.

Шынтуайтында, Ресейдің Орел облысы Покров ауданындағы Верхно-Жернов және Дросково селолары жұртшылығы мен шәкірттерінің өздерін қалың жаудың езгісінен босатқан, азат етушілердің бірі – қазақ жігіті Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев есімін ерекше осыншама жылдар бойына қадірлеп келеді.

Олар әрбір мереке сайын Дросководағы мектептің ауласында тұрған жерлесіміздің алып ескерткішіне өздерінің азаттығы үшін қанын төгіп, жанын қиған қазақ жігітіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Боранды біздің азат етушіміз деп атайтынын да өз құлағымызбен естігенбіз. Ал, дросковолықтар 13 ақпанды-өз жерінің, ал, 14 ақпанды бүкіл Покров ауданын неміс басқыншыларынан азат етілген күн ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Ұстазының бұл өнегесін өзі 20 жылдан астам басқарған Верхно-Жернов мектебінде мұражай ашып, онда Б.Нысанбаевқа арнайы бұрыш жасақтап, Орелдан келген студенттерге жерлесіміздің үлкейтілген суретін салып, мектептің көрнекі жеріне іліп қойған Надежда Леонидовна Удодтың (қыз күніндегі фамилиясы Харчикова) жалғастырғанын ұмыта алармыз ба?!

Сол оқушы Надя Харчикова 1965 жылдың қарашасында Қазақстанның Гурьев облысына баратын делегация құрамында Батыр Боранның туған жері Индер ауданына келіп, көптеген достар табады. Қарапайым қазақ қыздарының есімдерін арада 45 жыл өтсе де әлі ұмытпағанына сол Орел жеріне барғанда өзіміз де куә болдық.

Ал, сегізжылдықтан соң Дросководағы орта мектепте оқып, Орел мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген Надежда Лоенидовна Харчикова 1979 жылы өзінің Верхно-Жернов мектебіне оралып, әуелі мұғалім, содан директорлыққа тағайындалып, бұл мектепте жылма-жыл жерлесіміз Боран Нысанбаевқа арналған шаралар өткізіп, арнайы мұражай жасақтайды.

Б.Нысанбаевтың батырлығы жөнінде қалам сілтемеген адам әр өңірде де аз емес. 1974 жылы есейіп барып Гурьев педагогикалық институтында оқыған Қабдығали Сейітов ағамыз осы оқу орнын бітірерде өз жерлесі әрі туысы болып келетін Боран Нысанбаев тақырыбын алып, диплом жазып, ғылыми жетекшісі Ж.Бақидың басшылығымен қорғапты. Осы дипломдық жұмысында да марқұм ағамыздың Б.Нысанбаев жөнінде біраз деректер жинағандығын айтқаны бар-ды.

Журналист Төлеубай Ысқақов «Бұл Лескиде болған еді» деген драмалық шығармасын дүниеге әкелді. Ол шығарма Индер ауданында жылма-жыл Боран батырдың еске алу күні 6 ақпанда қойылады. Сонымен қатар, тұрақты түрде Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы волейболдан жарыс өткізіліп келеді.

Сонымен қатар, әріптесіміз, Қазақстанның Құрметті журналисі Сансызбай Базарбаев соғыс жылдары жазылған В.Поляковтың Боран Нысанбаев ерлігіне бағышталған поэмасын ана тілімізге аударып, ол да түрлі шараларда жиі орындалып келеді.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Көктоғай ауылы,

Индер ауданы.

 

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында

Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың өмірі мен  ерлігін насихаттау мақсатында

 ұйымдастырылатын іс-шаралар бағдарламасы

 

18 қыркүйек

Сағат 10.00

«Сен құрметте оны…» шахматтан турнир

Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі

Сағат 15.00

 

Батыр атындағы көшесіне ескерткіш тақтайша орнату

 Б.Нысанбаев атындағы көшесіне

19 қыркүйек

Сағат 11.00

Кеңес Одағының Батыры  Боран Нысанбаевтың ұрпағымен кездесу және концерттік бағдарлама

Б.Нысанбаев орта мектебінің акт залы

20 қыркүйек

Сағат 15.00

«Ешкім де ешқашан ұмытылмайды» «дөңгелек үстел»

Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі

23 – 26 қыркүйек

Сағат

10.00 – 17.00

Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың материалдарынан «Боран ерлігі – мәңгілік» тақырыбында көрме

Атырау облысы тарихи – өлкетану мұражайы

24 қыркүйек

Сағат 09.00

1-11 сынып оқушылары арасында «Ерлікке тағзым» әндер байқауы

«Құрманғазы» атындағы мәдениет сарайы

Сағат 10.00

Жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында әскери – патриоттық турнир

«Жеңіс саябағы»

Сағат 11.30

«Жеңіс туын желбіреткен Қаһарман»  атты ерлік сағаты

№5 қалалық балалар кітапханасы

Сағат 16.00

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қала әкімінің ардагерлермен кездесуі

«Құрманғазы» атындағы мәдениет сарайы жанындағы саябақ

25 қыркүйек

Сағат 11.00

«Елі үшін құрбан болған қайран боздақ» портрет кеші

№2 қалалық кітапхана

 

 

26 қыркүйек

Сағат 11.00

«Ұрпаққа ұран-ұлы есім» атты еске алу кеші

№6 қалалық кітапхана

Сағат 09.00

«Ерлікке тағзым» кіші аяқ добынан облыстық турнир

«Атырау» спорт кешені

26-27 қыркүйек

Сағат 10.00

Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында волейболдан қалалық біріншілік

«Мұнайшы» спорт кешені

27 қыркүйек

Сағат 15.00

«Ұлы соғыстың  Ұлы Батыры» атты конференция

Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*