Батыл Болат

Күндіз де, түнде де қоғамдық тәртіптің бұзылмауын жіті қадағалайтын полицейлердің қатарында Болат Дүйсенов те бар. Оның бұл саладағы еңбек өтілі  аз емес. Ішкі істер департаменті тарапынан берілетін шұғыл, әрі жедел тапсырмаларды үнемі тыңғылықты орындайды. Сондықтан, басшылар оны жауапты істерді атқаруға жұмсайды. Ол жұртпен тез тіл  табысады. Полицейлер үшін ең қажеттісі – еліміздің түрлі заңдарын да жетік біледі. Жаңадан құрылған құрылымның аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Дүйсенов былтыр Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал, бұл марапат оған не үшін беріліп еді?

Болат

…2015 жылдың 30 сәуірінде полиция подполковнигі Болат Дүйсенов әріптесі Мұрат Демегеновпен күндегіше түскі ас ішіп, жұмыс орнына бет алған еді. Олар қызметтік көлігімен Жайық өзенінің Азия бетіне бағыт алған кезде тосын оқиғаның куәсі болды. Көпір жақтауынан ер адамның Жайық өзеніне секіргенін көреді. Оны біреу итеріп жіберді деуге де келмейді. Өйткені, өзенге секірген адамның жанынан ешкім көзге шалынбады. Полицейлер көлікті жеделдетіп жағадағы тұраққа қойып, өздері өзенге қарай жүгірді. Полиция подполковнигі Болат Дүйсенов Жайыққа жүзе жөнелді. Мақсат – судағы белгісіз адамды құтқару.

Бала күнінен суда жүзудің қыр-сырын меңгерген полиция қызметкеріне бұл қиынға соқпады. Көктемнің сызы әлі қайта қоймаса да әп-сәтте өзен ортасында суға бір батып, бір шығып жүрген жанды жағаға алып шықты. Әріптесі, полиция подполковнигі Мұрат Демегенов «жедел жәрдем» шақырып үлгерді. «Жедел жәрдем» бригадасы жеткенше судан құтқарылған ер адамға алғашқы дәрігерлік көмекті де өздері көрсетті.

Кейіннен белгілі болғандай, Жайық өзеніне көпірден секірген жігіттің жасы 32-де екен. Оны ешкім суға секіруге мәжбүр етпеген болып шықты. Дегенмен, орда бұзар жастан енді ғана асқан жігіт жүйкесі ауыратындықтан, арнайы есепке алыныпты. Оның денсаулығындағы осы кінәраты суға секіруге себеп болған сияқты. Бірақ, қоғамдық тәртіптің сақшылары кімді болса да қорғауға, құтқаруға дайын екенін көрсетті. Әсіресе, полиция подполковнигі Болат Дүйсеновтің суға батып бара жатқан жанды құтқарудағы батылдығы мен жанкештілігі ескерусіз қалмады. Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы оны мемлекеттік марапатқа ұсынды.

Жолдасбек Көшербайұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*