Батаменен ел көгерер

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай  Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Батаменен ел көгерер» тақырыбында батагөй ардагерлердің батыс аймақтық байқауы өтті.

Screenshot_5

Ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, уақытпен үндестіре жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған ұлағатты шараға Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және ардагерлер кеңесі мен тарихи-өлкетану музейі ұйытқы болды. Байқауда Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан 21 сайыскер бағын сынады. Оған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары  Өмірзақ Озғанбаев бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов «Батаменен ел көгерер» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Кітапқа артында даналық сөздері мен өнегелі өсиеттері қалған айтулы абыздардың, әділ билігімен есімдері елінің есінде сақталған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сынды тарихи тұлғалардың баға жетпес баталары, сондай-ақ, былтыр Атырауда өткізілген батагөйлер байқауында берілген ең таңдаулы баталы сөздер енгізілген.

Үш кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар алдымен ел есіндегі баталарды нақышына келтіріп, асқан шешендікпен жеткізді. Одан соң қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне байланысты бата беруден сынға түсті. Үшіншісінде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған салт-дәстүрлерге қатысты қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

Барлық сыннан сүрінбей өткен Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан келген Ертай Сердалин байқаудың жеңімпазы атанып, бас жүлдені иеленді. Бірінші орын атыраулық Уахит Әділовке бұйырды.  Ал, екінші жүлделі орынды Ғалымжан Сабыров (Құрманғазы ауданы) пен Молдабай Берғалиев (Индер ауданы) еншіледі. Үшінші  орынды ақтөбелік Марат Қабижанов, маңғыстаулық Таған Құмашев, атыраулық Ақмырза Батырхайыров бөлісті.

Дәулетқали Аруев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*