Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың әдеби әлемі

Otarbaev foto Жаңалықтар

  Atr. kz / 15 – ақпан.  Қазақтың Рахымжаны туралы айтылар сөз сүлейі қандай?!

Otarbaev foto
Рақымжан Отарбаев

Жігіттіктің жейдесін киген кезінде оның құлын күніндегі көп қиялы шындыққа айналды. Өмірлік ризық-несібесіне ой еңбегін еншілеп, мінсіз жазуға машықтанды.

Өзіне-өзі қатал болды. Ешкім сұрап, сатып, тартып ала алмайтын сарқылмас байлық – толағай талантпен қатар, жан төзгісіз бейнетті де бірге арқалады. Қаламын қанға малғандай бір өліп, бір тірілді. Туындыларын толғатты. Сүйген іске жіпсіз байланды.

Шешендік тізгін тартқыза ма, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеді. Ойын ірікпей айтты. Бас асаулығы болған шығар, бәрі кешірімді.

Мәрттігін де мойындатты. Жақсылықты тегін үлестіріп, жан-жағына уыстап шашты.

Тумысынан бөрі жүректің иесі еді. Арагідік мәңгіліктің салқын сазын аңсайтын. Басына бәйтеректен белгі соққан баяғы батыр бабасына туған күн оған да ауды. Дариға-дәурені тұйықталып, бейопа дүниені тәрк етіп, туған жердің торғын топырағынан жан тыныштығын тапты.

Талтүстік ғана ғұмыр кешіп, орта жолда арман-аңсары үзілген ағаны жоқтау адами парыз болғандықтан, шаң басқан қаламымды қынабынан суырдым. Шеберліктің шыңына шыққан суреткердің кейіпкерлерімен сырластым.

ТӘТТІ  У

Шымылдық сымның бойымен жылжып ашылды. Сахнадан музыканың екпінімен ұйысқан жалбыр шаштарын әрлі-берлі сілки лақтырып, жыны қозған бақсыдай селкілдеп, еліре билеген жастар тобы көрінді. Еркегінен ес, ұрғашысынан ұят кеткен жабайы тобыр. Бұларды елірткен не нәрсе? Жастық желік пе? Жоқ, бұл нашақорлар ұйығы болып шықты.

Бас кейіпкер Жалқытай рөлінде ойнаған қырғызстандық жас актер Жеңиш Сманов нашақордың образын сәтті сомдап шықты. Ағзасы есірткінің бір тамшысына зар болып қиналған тұста оның талықсып құлайтын сәті бар. Одан әрі безгек тигендей қалшылдап, екі аяғын бауырына тығып бүктетіліп, бір уыс болып бүрісіп қалғанда оның актер екенін ұмытып кеттік. «Байғұс бала қор болды-ау» деп шынайы аяныш білдірдік. Кейін режиссердан білгеніміздей, бұл ұжым нашақорлар туралы тақырыпты жіті зерттеп, көп ізденіпті.

Сонымен, аяқ астында жатқан бұл кімнің ұрпағы?! Тегіне қарасақ – ата-бабасы ел мен жер үшін найзаның ұшына кеудесін төсеп, зор болған қазақ. Ал, өзіне қарасақ – иненің ұшына тамырын төсеп, бейбіт күнде өзімен-өзі айқасып, қара басы қор болған қазақ. Ұрпақ сабақтастығы әрмен қарай қалай жалғаспақ? Ойлану керек!

– Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында бұл қойылымды сахналау екінші буынға ауысты. Яғни, егде тартқан аға буын рөлдерін жас актерларға табыстады. Осы драманы қойып, Қырғыстанды түгелдей дерлік аралап шықтық. Елге жеткен шығарма,-дейді режиссер, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Эгемберди Бекболиев.

Бұл – жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» («Көлеңкелі жолаушы») атты пьесасы. Қырғыздар «Тағдыр» деп атын өзгертіпті. Бауырлас елдің сахнасынан тұрақты орын алғанына он жылдан асты. 2015 жылы Атырауда өткен Р.Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде 500-інші қойылымы өтті. Өміршең туынды.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Толық нұсқасы «Атырау» газетінің №12 санында

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз