Владимир Розметов: «Жадымда жүрер жүздесулер»

ZHADYIMDA ZH RER ZH ZDESULER Жаңалықтар

Елбасымен жүздесу ­– екінің біріне бұйыра, маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Президенттің қабылдауында болып, қолынан­­­ марапат алу бақыты бұйырған жандардың бірі ­– атыраулық кәсіпкер Владимир Розметов.

ЖАДЫМДА ЖҮРЕР ЖҮЗДЕСУЛЕР

– Елбасымен алғаш 2005 жылы кездестім. Сол кезде  «АтырауАгроөнімдері» шаруа қожалығын құрып, жұмысқа  жаңадан кіріскен едім.  Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Махамбет ауданының Сарайшық ауылдық округі аумағында орналасқан алма бағының тұсауын кесіп, бастаған ісіме сәттілік тілеп, батасын берген-ді. Содан кейін жұмысым алға басып, кәсібімнің нәсібін теріп, біртіндеп табысқа кенеле бастадым. Шаруашылықтың ауқымы ұлғайып, өрісі кеңейді. Жылқы мен қой өз алдына, біртіндеп ешкі өсіруді  қолға алдым. Шаруа қожалығы аталғанымызбен, қазіргі жағдайымызда агрофирма деп бағалауға болатындай. Тек қана Махамбет емес, шалғайдағы Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарында түрлі бағыттағы шаруашылықтарымыз бар. Ал, Жайық бойында ешкімен қоса құс өсіріп, тоғанды балық шаруашылығын аштық.

«Еңбегіңнің еленгені – бір бақыт» дегендей, ел үшін атқарған жұмысымыз лайықты бағаланып жүр. 2006 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталдым. Бұл жоғары мемлекеттік награданы Президенттің қолынан алғанымды мерейімді өсірген айтулы сәттердің бірі деп есептеймін. Кейіннен (2014 жылы) «Достық» орденін де Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен тапсырды. Ал,көршілес екі елдің арасындағы ынтымақтасты нығайтуға қосқан үлесім үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қолынан үшінші дәрежелі  «За гуманизм» орденін алуыма да Елбасы дәнекер болғанын зор мақтанышпен айтқан ләзім.

Мемлекет басшысымен бірнеше мәрте кездестім. Ал, 2013 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруді басты мақсаты тұтқан республикалық «Парыз» конкурсында жеңімпаз атанып, «Алтын жұлдызды» иелендім. Сондай-ақ, 2015 жылы Сочи қаласында өткен мемлекетаралық кездесу-форумына делегат ретінде қатысуыма да Президентіміздің себепші болғанын жақсы сезінемін. Былтырғы сәуір айында ел ордасы – Астана  қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық сессиясына қатысып, сөз сөйлеген сәтімде  Нұрсұлтан Әбішұлының мені өзгелерге үлгі етіп, «жұмыс істесеңдер, осы Владимир Федорович сияқты жан-тәндеріңмен, шын көңілдеріңмен, ынта-жігермен жасаңдар, сонда ғана алға қойған мақсаттарыңа жетіп, табысқа кенелесіңдер» дегені мерейімді тасытты.

Сол сияқты жыл сайын бас қалада өткізіліп жүрген дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесінен, «Қазақстанда жасалған!» атты отандық тауар өндірушілер байқауларынан  байрақсыз оралған кездеріміз болған жоқ. Мұның бәрі Елбасының еңбек адамына қолдау көрсету керектігін меңзеген, ұлты мен жұртының болашағын болжап, ұлы істерге бастаған игі қадамдарының көрінісі деп есептеймін. Ұлт көшбасшысының елімен етене байланысы, қай кезде де қарапайым қалпынан айнымайтындығы – оның ең асыл қасиеті.

Жазып алған: Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз