Қуанғаны қандай жақсы сәбидің!

img 7812 Жаңалықтар

Балаларды қорғау күні – мереке ғана емес, еліміздің болашағына бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Келешек ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру – адамзат алдында тұрған басты міндет. Осы орайда Елбасы тапсырмалары негізінде аймақта балғындардың құқығын қорғау жұмыстары қалай жүргізілуде? Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді отбасына оралтудың жайы қалай? Осы және өзге де сауалдар аясында облыстық білім беру басқармасына бас сұққан едік.

img-7812

Басқарманың қорғаншылық-қамқоршылық бөлімінің басшысы Анар Қаюпованың айтуынша, Мемлекет басшысының балалар үйлерін азайту немесе тарату, балғындарды қамқорлыққа алудағы міндеттері негізінде осыдан алты жыл бұрын облыстық «Ақбота» балалар үйі жабылды. Былтыр С.Қазыбаев атындағы балалар үйі де есігін жапты. Бұл – барлық қорғаншылық-қамқоршылық органдарының балаларды отбасына орналастыру жұмыстарының нәтижесі.

Статистикалық деректердегі сандарды сөйлетсек, облыста жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 555, олардың 80 пайызы – әлеуметтік жетімдер, қорғаншылық-қамқоршылықтағы бала саны – 464. Қазіргі уақытта отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде – 64, сәбилер үйінде – 16, арнайы мекемелерде 11 бала тәрбиеленуде.

Бұл көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда төмендегені байқалады. Былтыр 91 бала туыстық қарым-қатынастағы отбасыларына жіберілді. Балалар үйлерінен он бала асырап алынды. Баланы отбасына орналастырудың асырап алу, қорғаншылық-қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге беру түрлері бар. Дегенмен, біздегі үміткерлер көбіне балаларды асырап алуды қалайды.

Оның басты себебі, үміткерлер балаларды түпкілікті өз атақтарына аударып, өзінің туған ұл-қызы ретінде қабылдағысы келеді. Біздің балалар үйінің тәрбиеленушілерінің көбі мектеп жасындағылар. Ал, үміткерлер жаңа туған, сау балаларды алғысы келеді. Екіншіден, қорғаншылық-қамқоршылыққа алады. Ал, патронаттық тәрбиеге алу, өкінішке қарай, біздің облысымызда дамымаған, – деген Анар Маратқызы бала асырап алушылардың өз таңдауы бар екенін де айтты. – Олар балалардың денсаулығының мықты болуларын қалайды. Сондықтан, бала таңдау, кезекке тұру процестері баяу жылжиды.

Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы күтіп-баққаны үшін он айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді.

Еліміздің азаматшасымен некеге тұрған шетелдік азаматтар жұбайының келісімімен балаларын асырап алу фактілері орын алды. Яғни, бұл бір жақты асырап алу болып саналады. Сотқа іс-қағаздарын дайындау және рұқсат беру ісімен Білім және ғылым министрлігі айналысады.

Бөлім басшысының мәліметіне жүгінсек, екі жылдан бері жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру бойынша орталықтандырылған республикалық деректер банкі жұмыс жасайды. Онда балалар туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, банкке үміткерлер өздерінің электрондық кілті арқылы бүкіл қазақстандық балаларды таңдай алады.

Атыраудағы «Шаңырақта» қабылдаушы ата-аналар мектебі жұмыс жасайды. Онда психологтар мен әлеуметтік педагог үміткер ата-аналарға психологиялық-құқықтық көмек көрсетеді. Атырау облысы баланы отбасына орналастырудағы республикадағы есеп бойынша алдыңғы қатарда.

Айта кету керек, барлық жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының түлектері облыстағы кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарына тегін оқуға түсіріліп, оқу кезеңінде тегін тамақпен, киіммен, жатақханамен қамтылады. Оқуын бітірген соң жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша жұмысқа орналастырылады. Тұрғын үй де беріледі. Мәселен, 2014 жылы 74 түлек баспаналы болды.

 

Алтыншаш Құрмашева

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз