Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын: “Махамбет мұрасы – тәрбие мектебі”

Басты жаңалық Ел жаңалықтары Жаңалықтар Мәдениет Рухани жаңғыру Руханият

– Журналист, ақын, әрі оқытушысыз. Біраз еңбектеріңіз бар. Осының бәріне уақытты қайдан тауып жүрсіз?

– Иә, уақыт дегеннің өзі қазіргі заманның ең құнды дефицитіне айналды ғой.  Бірақ, Жаратқан иеміздің еншімізге берген 24 сағатын жеткізуге болады. Тек, оны үнемді пайдалана алмағандықтан біз уақыт жетіспеушілігіне ұшырап жатамыз.  Рас, өлең жазуың керек, журналистік қызметің, ғылыми жұмысың, отбасың бар. Бәріне уақыт табу керек. Себебі, алдыңа бір мақсат қойғаннан кейін, оны орындамасаң, жүрегіңнің түбінде бір ауыр нәрсе жатқандай болады. Одан құтылу үшін барынша уақытыңды жеткізуің керек.

 – Сізді дүниеге әкелген киелі Маңғыстау өңірі Атыраудан еншісін алып шыққан баладай. Ал, сіз үшін Атыраудың орны қандай?

– Атырау – мемлекетіміздің елдігін ұстап қалған қасиетті қабырғаның біреуі. Бұл жерден кімдер өтпеді? Еуропаға қарай үдере көшкен достар да өтті, небір жаулар да өтті. Соның барлығынан аман сақталып, қазақтың маңдайына бұйырып қалған аумақ болғандықтан, Атыраудың орны мен үшін ерекше. Осынау өнер қонған бай өлкенің ұлдары – біз үшін қазақтың бір-бір бәйтерегі. 

– Есіміңіздің бір сыры бар секілді. Солай ма?

– Сыры қандай екенін анық білмеймін. Бірде Әбіш ағамен әңгімелесіп отырғанымда  менің есіміме байланысты мынаны айтты: «Оңай деген – жұлдыздың атауы екен. Жалпы, біздің батыс өңірінде Оңай деп басталатын Оңайбай, Оңайбек, Оңайхан, Оңайгүл, Оңайша деген есімдер неліктен көп? «Махамбет мұрасы – тәрбие мектебі»

Демек, бұл есім біздің Батыста ғана көрініп, жоқ болып кететін жұлдыз болса керек» деп түсіндірді Әбіш ағам.

 – Ақын Оңайгүл апамызбен тіл табысу қаншалықты оңай?

– Тіл табысу онша қиын болмауы мүмкін. Бірақ, тіл табыстым екен деп, ол адаммен ұзақ уақыт бойы әңгімелесіп отыратын әдет менде жоқ. Университетте істегеннен кейін жастармен жақсы тіл табысуға тырысамын.

 – Сіздің төлқұжатыңызға айналарлық өлеңіңіз қандай?

 – Дәл осы өлеңмен танылдым деп біреуін нұсқай алмаймын. Қазіргі ақындар туындыларын тез шығарады ғой. Менің тұңғыш өлеңдер жинағым 38 жасымда шықты.

– Кешігіп қалмадыңыз ба? Қазір жас ақындар көп қой.

– Әу баста кітап шығарудың реті болмады, жүйе де қиындау еді. Тек «Қазақстан» баспасына жұмысқа қабылданғаннан кейін жыр жинағын шығарудың сәті түсті.

– Жалпы, өлең деген қандай болуы керек?

– Өлең ақынға тәуелді емес. Керісінше, ақын өлеңге тәуелді. Мысалы, маған дәл қазір келіп, «мына адамға арнап өлең жазып бере қойшы» десе, оны жаза алмауым мүмкін. Тіпті, кейде мынадай жағдай болады. Өміріңде екі сөздің басын құрап көрмеген кісі сияқтанып жүресің. Кейде өлеңнің өзі ойға келеді. Ал, келмеген уақытта жазылмайды. Сондықтан, мен өлең жазылмайды, өлең пайда болады дегенге көңілім көбірек саяды.

– Бір кездері ақын Есенғали Раушан «әйелден ақын шықпайды» деген пікір айтты. Қалай қабылдадыңыз?

– Жаратқан Иеміз өте әділ ғой. Адам бойына қандай да бір талантты дарытқан кезде, әйел, ер деп бөлмесе керек. Қай пенде осы жүкті алып жүруге лайықты болса, соның бойына дарытады. Ешкім қолдан талант бола алмайды. Маған өлең жазуды берді – мен жазамын. Демек, «әйелден ақын шықпайды» дегеннің өзі Жаратқанның ісіне шек келтіру сияқты.

– Неліктен ғалым  ретінде Махамбетті көп зерттедіңіз?

– Кезінде басылымда Махамбеттің дулығалы бір суреті жүретін. Сол сурет менің  әлі көз алдымда. Сол сурет маған қатты әсер етті. Содан-ақ мен ешкімнің тапсырмасынсыз, өздігімнен ақберен ақынды зерттеуге құлшына бастадым. Батырдың 200 жылдығында арнап жазған көлемді мақаламды «Егемен Қазақстан» газеті редакциясына апарып бердім. Басшысы Сауытбек Әбдірахманов мақаламды алды да, үш нөміріне кезекпен басып шығарды. Ертесіне филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев мені шақырып алып, кандидаттық диссертацияма осы тақырыпты алуымды ұсынды. Дереу қуана қабыл алып, тақырыбымды өзгертіп, кандидаттық жұмысымды 4-5 айда жазып шықтым.

– Ал, Махамбет поэзиясы сізге не берді?

– Менің поэзиямда Махамбеттің көрінісі болмауы мүмкін. Бірақ, өзінің ішкі жан дүниесінде не жоқ дейсіз? Мәселен, оның Исатайды суреттеудегі шеберлігі былай қарағанда ақынның тек адамды емес, оның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетін салыстыра отырып аша алу қабілетін көрсетеді. Патриотизм – тереңдіктен шығатын нәрсе. Ал, Махамбет өлеңінде ол көп көрініс тапқан. Маған оның өлеңдері адам болып жүрудің қаншалықты күрделі екендігін түсіндіргендей еді. Ақберен батыр, дауылпаз ақынның бізге бергені алдымен отансүйгіштік болса, екіншіден, Жаратқанның берген талантына  деген адалдығы. Қандай бейнет көріп жатсаң да, оны түбі өзіңмен бірге алып шығу. Махамбет поэзиясы – үлкен тәрбие мектебі. Ол туралы орта мектептерде тереңірек оқытылуы керек деп ойлаймын. Бірақ, оны тереңдетіп оқыту үшін әрине әдебиет пәні мұғалімдеріне Махамбетті түсіне алатындай тереңдік те қажет.

 – Айтпақшы, сіз аудармаға қалай келдіңіз?

– Аударма – менің ең сүйікті ісім. Өзімше аударып жүретінмін. Бір кездері баспада аударма редакциясы болды ғой. Сонда Жомарт Әбдіқалықов деген талантты журналиспен кездескенде «Аудармашылыққа бейіміңіз бар екен, бір аударма берсем, аударасыз ба, қаламақысын төлейміз» деген ұсыныс айтты. Мен келістім. Сөйтсем, ол кісі маған австриялық дәрігер психолог Зигмунд Фрейдтің еңбегін берді. Біраз еңбектеніп, қиналып аударып шықтым. Жақсы деп алып қалды да, 2-3 күннен соң телефон шалып, «Сен жақсы аудармашы екенсің» деді. Мен үшін бұл үлкен баға, зор бақыт болды. Кейін басқа да біраз туындыларды аудардым. Аудармам халық көңілінен шыққаннан кейін барып, көңілім бірленіп, жақсы аудармашы екеніме сеніммен қарай бастадым.  

– Қазір де сол сүйікті ісіңізді жалғастырып жатқан боларсыз?

– Жақында Испания елшілігі Елордадағы академиялық кітапханада өздерінің «Испан әдебиеті» бұрышын ашты. Сонда испандардың тарихи бір кітабы тұр. Сұрастырсам, бұл Самарқанға келген испандықтың жазбасы екен. Кітапта Самарқан тарихы, Ақсақ Темір туралы баяндалады. Қызықтым да «аударып көрейін» дедім. Шығармада Орта Азия тарихынан мол мәлімет берілген. Түркістанға да қатысты біраз дүниелер бар. Демек, бұл бір үлкен құнды дүние болғалы тұр.

– Жас талант, дарынды әнші Димаш туралы кітап жаздыңыз. Бұл тапсырыс па? Әлде… 

– Димаш «Славян базары» байқауынан жеңіп келген кезде «Тұмар» журналына сұхбат берді. Кейін Қытайда өткен әйгілі конкурсқа қатыса бастаған кезде  әкесі Қанат Айтбаевтан сұхбат алдық. Сол сұхбатты жазып отырып, әңгімеміз оған сыймады. Бастапқыда әнші туралы кітап жазу ойымда болмаған. Димашты әлемге танытқан – қытайлар. Олардың мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Енді менің қорқынышым – «Димаш туралы бір қытай  кітап жазып шықса, ең сорақысы сол болады» деп, жанталасып, екі аптаның ішінде жазып шықтым. Солайша кітап өмірге келеді. Аталған туынды қытай, жапон, ағылшын тілдеріне аударылу үстінде.

– Қай саланың адамы да еңбегінің бағаланғанын қалайды. Шығармашылық адамы үшін де мақтаумарапаттың артық болмайтыны белгілі. Қайта шабытына шабыт қосып, тың туындыларға жетелейді емес пе? 

 – Әрине, еңбегіңнің жемісін көру де бір бақыт. Еңбегі елеусіз қалып жататын жандар да болады. Жас кезімде Төлеген Айбергенов атындағы сыйлыққа, кейін Махамбет атындағы сыйлық пен  «Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы» деген атаққа ие болдым. Менің ойымша, біз үшін ең бастысы – шығармашылық.

Сұхбаттасқан: Балауса  ПУШКИНҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *