Газет қалай басылады?

D095D090D0A120206 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Газет шығару тек тілшілердің ғана жұмысымен шектелмейді. Бір басылымның артында бірнеше сала мамандарының еселі еңбегі мен үлкен үлесі жатыр. Сонымен, газет қалай басылады? «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі баспаханасының тыныс-тіршілігімен танысу үшін өндіріс-қауіпсіздік және шаруашылық бөлімінің басшысы Марат Әміровке жолықтық.

????????????????????????????????????

– «АтырауАқпарат» баспаханасында екі республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» (сенбіжексенбіден басқа күндері) және екі облыстық «Атырау» мен «Прикаспийская коммуна» газеттері басылып шығады. Республикалық басылым тек Атырауға ғана емес, Батыс Қазақстан облысына да таралады. Ал, аймақтық газеттер аптасына екі рет жарық көреді. Бүгінде ең көп тираж «Атырау» газетінде тіркеліп отыр – 18 мыңнан асады, – дейді ол.

Сондай-ақ, жұмасына бір рет жеті аудандық «Серпер» (Құрманғазы), «Қызылқоға», «Кең Жылой», «Нарын таңы» (Исатай), «Жайық шұғыласы» (Махамбет), «Мақат тынысы», «Дендер» (Индер) мен Атырау мұнай өңдеу зауытының «Новатор» газеттері де осында басылады.

Журналистер мен мекеменің басқа да қызметкерлері жұмыс күнін аяқтаған кезде, баспахана мамандары енді бастап жатады. Сөйтіп, кешкі сағат жетіден іңір қараңғысына дейін газет басады. Кейбір жағдайда түн ортасына дейін жалғасатын кездер болады.

Айталық, «Атырау» газетінің бет саны тұрақты, яғни, барлығы 24 бетті құрайды. Оны басып шығару көп кедергі келтіре қоймайды. Өйткені, баспа құралы алдын-ала дайындалып, жұмыс барысы жоспарланып қояды. Ал, «Егемен Қазақстан» газетін алатын болсақ, ол кейде 16 бет, кейде одан да көп болады. Сондықтан, баспагерлер қандай жағдайға да дайын болуы керек.

Баспагер болу оңай емес

Газет басылып шықпас бұрын бірнеше маңызды үрдістерден өтеді. Алдымен, дайын болған газеттің «PDF» нұсқасы жүктеледі. Осылайша, ол пластинаға басылып шығады. Түрлі түсті беттер төрт секциялы пластинаға басылады. Себебі, әрқайсысы арқылы түстердің сапасы сәйкестендіріледі. Бұл ретте жаңадан іске қосылған «МАКО СТР» аппаратын ерекше атап өткен жөн. Ол пластиналарды сандық форматта жедел басып шығады. Елбасы соңғы кезде қай саланы да цифрландыру қажеттігін жиі айтып жүр. Ендеше, бұдан газет басу ісі де тыс қалмауы тиіс. Осы жағы ескеріліп, алдағы уақытта заманауи технологияларды өндіріске қосу жоспарланып отыр.

Аталған мекемеде көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан қызметкерлердің бірі – Галина Чапурина. Оны бәріміз «Галя» деп атап кеткенбіз. Ол көшірмеші-монтаждаушы болып жұмыс жасайды. Бүгінде оның ізінен Әнуар Жағдаев секілді жас мамандар қуып келеді. Аға буын оларға зор сенім артады.

Газет басу оңай шаруа емес, – дейді ол. – Мен бұл мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Шығармашылық ұжыммен бірге жұмыс жасаудың өзі бір ғанибет. Әр журналистің жазған мақалаларын елден бұрын пластинадан оқып аламыз. Олардың кәсіби мерекесінде біздің де еңбегіміз басшылық тарапынан жоғары бағаланып жатады. Өз мамандығымды мақтан етемін.

Цех – қызу жұмыс қазаны

Осыдан кейін пластина баспахана цехына әкелінеді. Ол баспа машинасына мұқият орналастырылады. Сосын ғана басуға рұқсат етіледі. Өнімнің алғашқы легі сапасыз шығуы мүмкін. Өйткені, техниканың аты – техника, ол толық бейімделіп алуы керек. Сонда ғана сапалы газет басылады. Сөйтіп, үнділік баспа станогы бір сағатта «Атыраудың» 18 мың данасын басып шығады.

Мамандар бұл жерде газеттің дәл ортасындағы «крестик» белгішесіне баса назар аударады. Ол өз орнынан сәл жылжып кетсе, бояу да сапасыз түседі. Ондайда еткен еңбектің бәрі еш болады. Соған қарамастан, баспахана жігіттері газетті сапалы күйде мерзімінен кешіктірмей тапсырып келеді. Бұл да зор жауапкершілік пен жанкешті еңбектің жемісі болса керек.

Цифрландыру кезек күттірмейді

Галя секілді Серік Сейітмұратов та – бұрыннан келе жатқан байырғы баспашылардың бірі. Оның жинаған тәжірибесі мол. Бұл, әсіресе, жұмысқа жаңадан келген жастар үшін аса қажет.

– Баспа машинасы көп күтімді қажет етеді. Ол аптасына бір рет толықтай тазаланып тұрады. Ескі бөлшектері ауыстырылып, жаңадан май құйылады. Оның барлық қыр-сырын бізден артық ешкім білмейді. Сондықтан, қажетті құрал-жабдықтар істен шығып қалса, оны өзіміз жөндеп аламыз.

Ең бастысы, газеттің бояуына қатаң мән беріледі. Егер бояу мөлшерден асып кетсе, газеттен өткір иіс шығып тұрады. Сондықтан, бояу бір қалыпта ұсталады. Баспа цехындағы ауа температурасы да бірқалыпты болуы тиіс. Одан жоғары болған жағдайда газет қарайып кетеді, керісінше, аз болса, қатып, кеуіп қалады, – дейді ол.

Айтуынша, жұмыс барысында кейде қызық жағдайлар да орын алып жатады екен. Мәселен, күтпеген жерден басылып жатқан рулон қағаз шорт үзіліп кеткен жайттар да болған. Ол кезде баспагерлер шапшаңдық танытып, қағаздың үзілген жерін жалғап, бар күштерін салады.

Баспадан – поштаға!

Осылайша, басылып шыққан газет сұрыпталып, ұқыпты буып-түйіледі. Сөйтіп, сол күйінде «Қазпошта» бөлімшесіне жол тартады. Таңға дейін тиісті мекен-жайына жеткізіледі. Тіпті, Батыс Қазақстан аймағына да уақытынан кешіктірілмейді. Ал, «газет уақытында келмейді» деп шағымданатын оқырмандар болса, оның себебін пошта бөлімшелерінен анықтау керектігін қаперге береміз.

Бір қызығы, газетті басатын да, оны поштаға жеткізетін де баспахана қызметкерлері екен. Олардың қызметі бірқалыпты емес. Әсіресе, тасымалдаумен айналысатын Бисенбай Ақбергенов пен Серік Жұбаниязовтардың еңбегі өлшеусіз. Газетке қажетті қағаз рулондарын қабылдап, қоймаға түсіріп алатын да, кейін оны қоймадан баспаханаға әкелетін де – солар. Сөйтіп, күн сайын тонна-тонна газет арқалаған «Газель» көлігі Вокзал маңындағы пошта бөлімшесіне қарай жүйтки жөнеледі. Жағымды жаңалықтардың бірі, жақында арнайы жүк тиегіш көлігі алынды. Оған дейін 200-ге жуық рулонды баспахана жігіттері төрт метр биіктіктен қолмен түсіретін. Енді бәрін техника жасайды.

 «Атыраудың» анықтамасы:

Қазіргі заманның озық технологиясымен жарақтандырылған баспаханада – Үндістан мен АҚШ елдерінде бірлесіп дайындалған офсетті-рулон, чехиялық офсетті, офсетті бір бояулы, польшалық қағаз кесетін жабдық, жапониялық сандық үлгідегі түрлі түсті аппараттар, Бельгия, Германия, Ресейдің кітап өндірістік кешені жұмыс жасап тұр. Мұнда екі және көп бояулы газеттер, кітаптар мен бланк өнімдері, түрлі түсті кітапшалар, жарнамалық буклеттер, ашық хаттар мен шақыру қағаздары шығарылады. Күні бүгін мұнда көп таралымды кітаптар, түрлі мемлекеттік тапсырыстар мен құттықтау адресаттары, буклеттер мен басқа да тапсырыстар орындалуда.

 Сіз білесіз бе?

1 рулон қағаздың салмағы – 350 кило;

Бояу 22 пайыздан көп не аз болмауы керек;

Баспахана цехында бірқалыпты бөлме температурасы сақталуы тиіс;

12 мерзімді басылымды 7 баспагер басып шығарады.

 

 

Амандық CАҒЫНТАЙҰЛЫ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз