«Біз енді кәсіби маманбыз!»

 Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев іргелі білім ордасын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алғалы отырған үздік түлектерге ізгі тілектерін арнады.

ANUvypusknoi1– Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн, мереке. Дәріс берген ұстаздарыңыз үшін де, сіздерден үміт күткен ата-аналарыңыз үшін де қуанышты сәт болмақ. Түлектердің алдында тұрған ендігі ең басты міндет –жоғары оқу орнынан алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеті жоғары кәсіби тұлға болу. Білімді мамандардың арқасында еліміз күннен-күнге көркейіп келеді. Білім мен ғылым жолға қойылып, жастарға қолдау білдіру, олардың жобасын дамыту бойынша еліміз көшбасшы мемлекеттердің арасында жиырма төртінші орынға шықты. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың рөлі зор. Салынып жатқан зауыттар, индустрияландыру бағыты, экономика, әлеуметтік саласына басымдық берілуі, бәрі-бәрі түптеп келгенде, жас мамандарға берілген мүмкіндік деп қарауға болады. Сондықтан, жастар, біліммен шығар асуларыңыз, биік белестеріңіз көп болсын!» – деген Әлібек Ибатоллаұлы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтауын жеткізіп, ыстық ықыласын білдірді.

  Салтанатты жиын барысында университет түлегі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, белгілі әнші Бейбіт Қорған әннен шашу шашып, жастарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Университет ректорының міндетін атқарушы Абзал Талтенов 1994 жылдың мамыр айында оқу орнына Х.Досмұхамедов есімі берілгендігін атап, жыл сайын мамыр айын түлектер мерекесіне айналдыруды ұсынды.

 ANUvypusknoi2 Бұл кезде оқу орнын әр жылдары бітірген түлектер білім ордасында бас қосып, курстастарымен, оқытушыларымен кездеседі. Университеттің бұрынғы ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Табылдиев, профессор, ардагер оқытушы Серікқали Құсниденов, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп, университет профессоры Аманқос Қаржаубаев жылы лебіздерін жеткізіп, түлектерге диплом табыстады.

  Ірі ғылыми жетістіктерге қол жеткізген және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан бір топ түлек арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Олардың қатарында, Нұрқадыр Зиноллаев, Диас Жәрдемов, Эльмира Байырханова, Денис Сажко, Камила Есмұхамбетова, Саламат Жапақов, Азамат Қадыров бар.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз