Балабақшаға кезек: Жаңа жүйенің жаңалығы неде?

Balaba sha a kezek Жаңалықтар

Балабақшадағы кезек мәселесін шешуде Білім және ғылым министрлігі республикалық бір жүйе енгізуді жоспарлаған болатын. Яғни, мектепке дейінгі білім беру ұйымына жолдама беру электронды үкімет арқылы жүргізіледі. Бұл ретте кезектерге тіркелуге бірыңғай талаптар енуде. Жүйені автоматтандырудағы бұл жұмыстар біздің өңірде қаншалықты іске асуда? Осы және өзге де сауалдарға жауап Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек АБДОЛОВПЕН  сұхбатта өрбіді.

????????????????????????????????????

– ­Алдымен, жаңа жүйе бойынша балабақшаға кезекке тұрудың тәртібі туралы білсек…

– Кезек тек Атырау қаласы көлемінде қалыптасады. Халыққа қызмет көрсету орталығында өтініш берген кезде қалаулы балабақша және оқыту тілі көрсетілмейді. Ол балабақшаға жолдама алу кезінде, яғни, тікелей орын бөлінгенде жүзеге асады. Бала туылғаннан балабақшаға баруға дайын болғанға дейін бірнеше жыл өтеді. Сол уақытта көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Мәселен, нысандар жабылып, жаңалары ашылады, тұрғылықты жері өзгереді. Яғни, балабақша таңдаудағы шешім ағымдағы жағдайға байланысты қабылданады. Сондықтан, өтініштер  бүлдіршіндердің туған жылдары бойынша бөлінеді және өтініш берген уақытымен реттеледі. Яғни, неғұрлым өтініш ерте берілсе, соғұрлым кезегі тез келеді.

– Бұл процестердің барлығы автоматтандырылып, құжаттар электрондық  түрде жүргізіле ме?

– Көрсетілген міндеттердің барлығы: өтініш беру, жолдама алу, балаларды қабылдау электрондық түрде орындалуы тиіс. Бұл ретте Атырау қалалық білім бөлімі өтініштерді қабылдау және жолдама беру үрдісіне қатыспайды. Барлық міндеттер  бірыңғай электрондық жүйеде орындалады және ол жүйемен тек ата-ана жұмыс істейді. Ата-ана электронды жүйені қолданып отырған балабақшамен байланысқа түседі. Бұл ретте e-gov арқылы электрондық түрде және Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қағаз түрінде өтініш беру баламалы мүмкіндігі сақталады. Электрондық жүйе күн сайын және тәулік бойы жұмыс істейді.

– Кезекте тұрғандар үшін балабақшадағы бос орындар қалай  бөлінеді? 

– Орындар жыл бойы босатылады. Босаған орын  блоктанып, кезекте тұрғандарға беріледі. Бос орындарды бөлу тәртібі былайша жүргізіледі: кезекті басқару жүйесі күн сайын мектепке дейінгі ұйымдардан қандай жас тобына тағайындалғанын көрсете отырып, жаңа бос орындардың пайда болуы туралы ақпаратты қабылдайды. Сондай-ақ, күн сайын сағат 18.00-де мамандандырылған интернет-ресурста электронды түрде жалпыға қолжетімді болу үшін өткен тәулікте босаған орындар бюллетені жарияланады. Күн сайын таңғы сағат 07.00-де бос орындар болса кезектегі тек бірінші өтініш берушілерге шектелген үш жұмыс  күні ішінде мектепке дейінгі балалар ұйымына жолдама алуға басым қолжетімділік беріледі. Өтініш берушілер бос орындар туралы ақпаратты зерделейді және қызығушылық танытса, ұйымға қабылдау үшін өз бетінше электронды жолдама алады.

Ал, басым қолжетімділік үшін бөлінген уақыт өтіп кеткен жағдайда әлі де бос орындар болса, онда кезекті басқару жүйесі барлық өтініш берушілер үшін қолжетімді болады.

– Балабақшаға жолдаманың қолданылу мерзімі шектеулі ме?

– Ата-анаға берілген электрондық жолдаманың қолданылу мерзімі бес жұмыс күніне  шектелген. Егер осы мерзім өткеннен кейін ата-ананың жолдамасы тіркелмесе, құжаттың күші автоматты түрде жойылады.

– Ата-ана берген өтініштерін жыл сайын растап отыруы қажет пе?

– Әр ата-ана өтініш берген сәттен бастап 12 ай ішінде бұл өтініші әлі де өзекті болып табылатынын және бос орынды күтетінін растауы тиіс. Мұндай растау жүйеде электронды түрде жүзеге асады. Ата-анаға растау хабарламасын жүйе алдын-ала жібереді. Егер өтініш дер кезінде расталмаса, оны кезектен алып тастайды. Елу пайызға дейін кезекте тұрған өтініштердің өзектілігі жойылғанына байланысты, бұл тарау енгізілуі тиіс. Өз бетінше балабақша мәселесін шешкен, көшіп кеткен, елден шығып кеткен ата-аналарды уақытылы тізімнен алып тастау кезек рәсімін жеделдетуін қамтамасыз етеді және балабақшаға шын мұқтаж өтініштерді жылжытуға мүмкіндік береді.

– Жаңа жүйенің қосымша қандай мүмкіндіктері бар?

– Электрондық жүйеде цифрлық қолтаңбаны пайдаланбай-ақ өтініш беруге болады. Ол өтініш беруді  жеңілдетеді. «Блокчейн» технологиясы қызмет көрсету жүйесіне техникалық инженерлерге араласуға арналған ақпаратты қорғауға мүмкіндік береді. Бұл сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алуға жағдай жасайды.

Атырау қаласы бойынша кезектілікті басқару мына электрондық мекен-жай бойынша орналасқан: http://garden.atyrau.gov.kz. Егер жүйеде ақаулар байқалса, шұғыл түрде министрлікке хабарлау қажет. Нормативтік құжаттарға сәйкес емес кезектілікті басқару жүйесіндегі қызметтер міндетті түрде бұғатталады. 

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз