ҚАЗАҚСТАН МЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ: СЕНІМДІ СЕРІКТЕС

hjkjrdgdДаму деңгейі жағынан әлемдік аренадан айрықша орын алған Ұлыбритания елімен әріптестік байланысты нығайту – ел экономикасына инвестициямен қатар, жаңа технологияларды тартуға оң ықпал етеді. «Ренессанс» қонақүйінде өткен форум барысында екі ел арасындағы іскерлік қатынасты дамытуға айрықша назар аударылды. 

«Материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы өзара әрекет ету мәселелері жөніндегі қазақстандық – британдық форум 2013» деп аталатын шараға Қазақстандағы Отандық мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттіктің басқарма төрағасы Қайрат Бектұрғанов, Ұлыбритания «UK Trade q Investment» компаниясының стратегиялық сауда тобының басшысы Джон Кроуфорд, Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева, Қазақстан мен Ұлыбританияның бірлескен компания өкілдері мен шетелдік компания және жергілікті бизнес өкілдері қатысты. Форум барысында сөз алған компания басшылары жалпы бірлескен жұмыстың нәтижелерін, соның ішінде екіжақты әріптестіктің Қазақ еліне тиімді тұстарын саралап, алдағы уақытта атқарылар істермен таныстырды. 
Басқосу барысында сөз алған «NCPOC» компаниясының атқарушы директоры Аржан ван Дижк Қазақ елімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізгендерін айтты.
– Біздің компания 2008 жылы құрылды. Содан бері аз уақыт өтсе де екі жаққа бірдей тиімді көптеген істер атқардық. Негізгі міндетіміз Каспий теңізінің солтүстік бөлігінен мұнай өндіру болып табылады. Компаниямыздағы қызметкерлердің басым бөлігі жергілікті азаматтардан тұрады. Тұрғылықты халықтың жұмысқа белсене араласуын үнемі бақылауымызда ұстаймыз, – деген ол бұдан әрі де елдің әл-ауқатын арттыруға өзіндік үлестерін қосатынын айтты.
Одан әрі сөз алған «ҚазМұнайГаз»-дағы отандық мазмұн жөніндегі төраға кеңесшісі Лорд Вейверли бұл форумның Қазақстан мен Ұлыбритания басшыларының күні кешегі Атырауда кездесуінен кейінгі атқарылып отырған маңызды шара екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол алдағы негізгі мақсат Ақтау декларациясын іске асыру екендігін айрықша атады. Ол бұл бағытта Ұлыбританияның бизнес өкілдерінің елімізге арнайы келетіндігін және мұндай басқосудың өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретіндігін айтып өтті.
Өз кезегінде Қайрат Бектұрғанов Қазақ елінің Ұлыбританиямен ғана емес, өзге де мемлекеттермен байланысты нығайту мақсатында әріптестік кездесулер өткізгенін, оның негізгі мақсаты біздің еліміз үшін бірлескен істің тиімділігін арттыру екенін де жеткізді. Бұл орайда ТШО-ның көптеген компанияларға үлгі екендігін мысалға алды.
Форум барысында «Ұлыбритания Қазақстанның мұнай саласына нақты нендей тетіктер ұсына алады?» деген сауал төңірегінде көптеген компания өкілдері сөз алды. Сөйлеушілердің бірі «Флер» компаниясының директоры Дерек Тоффер қауіпсіздікті қатаң сақтау өзі басқарып отырған мекеменің басты саясаты екендігіне тоқталды.
– Компаниямыз жергілікті мердігерлермен бірлесе жұмыс атқарады. 1990 жылдан бері осы елде қызмет атқаруымыздың өзі нақты да, ашық мақсатпен ұзақ мерзімге жұмыс жасауға келгенімізді көрсетеді. Біздің мақсатымыз айқын, ол екі елдің экономикасының артуына тең дәрежеде атсалысу. Сол себептен де, қауіпсіздікті үнемі қадағалап отырамыз. Мұнымен қоса, компаниямызда жергілікті персоналдарды оқытуға арналған арнайы орталықтар да бар, – деді ол.
Петрофак компаниясының директоры Малколом Дуглас та 30 жылдай жұмыс тәжірибесі бар компания қауіпсіздікті сақтауды басты мақсат етіп қоятынын айтты. «Жұмыс барысында апатты жағдайлардың орын алмауына тырысып келеміз. Бүгінде компаниямызда бүкіл әлем бойынша 14 мыңдай адам жұмыс істейді. Және оның басым бөлігінде жергілікті жердің азаматтары қызмет атқаруда. Бізде білікті, білгір, өз саласының нағыз мамандары қызмет атқарады», – деп білікті мамандарды тарту арқылы компания жұмысы жоғарылайтындығына тоқталды. Бұдан кейін трибунаға көтерілген Вуд Груп ПСН компаниясының директоры Джефф Макдональд пен Ворли Парсонс компаниясының Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық директоры Алан Гордон да өздерінің бүгінгі таңда атқарып отырған жұмыстарымен таныстырып өтті.
Белді-белді компания өкілдері қатысқан форумда Қазақстан мен Ұлыбритания әріптестігін одан әрі дамыту жолындағы мақсат пен меже анықталды.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз