«Атырау» газеті: Жаңа маусым жаңалықтары (+ВИДЕО)

13403385 122733121483411 1785784836188976636 o "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

https://www.youtube.com/watch?v=vC72RU60pY0&feature=youtu.be

Қазыналы аймақтың ақиқат қазығы мен алаштың айнымас айнасына айналған «Атырау» газеті ғасырға жуық уақыт бойы ақпарат айдынында армансыз жүзіп келеді. Өндірісті өңірдің бас басылымы өткен жылы ғана 95 жылдық асудан асып өткен болатын. Биыл да бұрынғы қалпынан таймай, мұнайлы өлкеде болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғаларды оқырмандарымен бөлісіп, ірілі-ұсақты жаңалықтарды жариялап отыруды жалғастыра береді. Тек «елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, бұл жолы бұрынғыдан өзгерек. Айтқымыз келгені, газетіміздің жаңа маусымы жаңа айдарлар мен арнайы беттерге толы.

13403385_122733121483411_1785784836188976636_o

Сонымен бірге, «газет ішіндегі газет» аталып кеткен қосымшалар қатары да көбеймек. Атап айтар болсақ, тұрақты түрде «Қазақ қазынасы» атты айдармен материалдар жарық көріп отыратын болады. Атыраулықтар қазына деп нені қадір тұтады? Қасиетті құндылықтарымызды өзімізден кейін өрбитін өскелең ұрпаққа қалай сақтап қала аламыз? Оның қандай жолдары бар? Міне, журналистер осы сұрақтарға жауап іздейтін болады. Ал, «Тылсым» айдары газет бетінде бұрыннан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі тақырып – тылсым табиғат пен түсініксіз жайттар, оның ішінде сиқыр әлемі мен жаратылыс сырын паш етпек.

«Не тыңдап жүрсіз?» Бұл айдарда күнделікті өмірде тыңдармандарды тәнті етіп жүрген әсем ән мен тәтті күйлер шолу жасалады. Болмаса, құлаққа түрпідей тиіп, кірпідей кірген, әлеуметті әбден мезі қылған мән-мағынасыз әуендер сын сүзігісінен өтеді. Дәл осы секілді «Не көріп жүрсіз?» айдарында күн сайын «көк жәшіктен» көрсетіліп жататын көркем және деректі фильмдерге және басқа да көрсетілімдер жайында әңгіме қозғалмақ. Осы орайда, оқырмандар да өз ой-пікірлерін білдіре алады. «Адамгершілік айнасы». Мұндай айдармен жарияланатын мақалаларда қоғамға қонымды ой салып, адамгершілік пен адалдыққа, мейірімділік мен қайырымдылыққа шақыратын игі істер қамтылмақ.

Сондай-ақ, «Күн-дерек» айдарында күнтізбедегі әр күнде әлемде, елде және өңірде болған және алдағы уақытта өтетін маңызды оқиғалар баяндалса, «Сан-деректе» ел үшін елеулі дәйектер мен санақ деректері нақты цифрмен берілмек. «Әлеумет әлеуеті» айдары әлеумет әлеуетіне қатысты маңызды мәліметтер мен қажетті ақпараттарды топтастыратын болады. Бұл бағытта талай сараптамалық материалдар жарық көреді деген сенімдеміз. «Елді елең еткізген». Бұл айдармен аты айтып тұрғандай, елді елең еткізген жаңалықтар дер кезінде хабарланып, жедел пікірлер жарияланып отырмақ.

Міне, қадірлі оқырман қауым! Өзіңіз сүйіп оқитын «Атырау» газетінің биылға межелеген міндеттері осындай. Басты мақсат – сіздердің көңілдеріңізден шығып, ақиқатқа құрылған ақпараттарды ұсыну, зерделі зерделеу мен терең талдауға негізделген мақалалар жазу. Ендеше, «Атырауға» жазылыңыз, ардақты ағайын!

Редакция.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз