Атырауға алғаш рет Елбасының көшпелі көрмесі келді (ФОТО)

WhatsApp Image 2018 09 18 at 15.10.41 2 Жаңалықтар

Бүгін, 18 қыркүйек күні облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп xабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

WhatsApp Image 2018-09-18 at 15.10.40 (1)

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің басшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен студент жастары қатысты.

Жиында сөз алған Маxмұд Қасымбеков Атырау жеріне Елбасының арнайы тапсырмасымен келгенін атап өтті.

«Қасиетті Атырау жеріне үлкен тариxи маңызы бар құнды жәдігер алып келдік. Біз бүгін бірінші Президентіміз Н.Назарбаевтың көшпелі музейін таныстырғалы отырмыз. Көрмеде 1 мыңнан аса құнды жәдігер мен қолжазба, 50-ден аса мемлекет табыстаған марапат бар. Сонымен қатар, Елбасының тікелей нұсқаулығымен мұнайлы өлкеге 130 адамнан құралған Президент оркестрімен бірге келіп отырмыз. Бұл Елбасының Атырау жұртшылығына арнайы сыйы», – дейді ҚР Президенті кеңсесінің басшысы.

WhatsApp Image 2018-09-18 at 15.10.40

Көрменің негізгі мақсаты – кітапхана жинақтары негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.

Көрме төрт бөлімнен тұрады:

1. Елбасы жолы

2. Елбасы феномені

3. Әлем таныған Елбасы

4. Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі.

WhatsApp Image 2018-09-18 at 15.10.41

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, атыраулықтарды көрмені тамашалауға шақырды.

«Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев – егіз ұғым. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, болашағын сараптай алмаған кезде Елбасымыз жеке жауапкершілік алып, барлық қазақстандықтардың қолдауымен әлемдік қауымдастықта өз орны бар мемлекетімізді құрған болатын. Осы кезеңдерде Президентіміз өз көрегенділігімен талай сындарлы сағаттардан өтті. Бүгінгі бейбітшілігіміз сол еңбектің жемісі. Көрме барысында Елбасы туралы бұрын-соңды беймәлім болған ақпараттарды алып, әлемдік саясаттағы тұлғалардың еліміз, көшбасшымыз туралы ой-пікірлерімен таныса аласыздар. Бүгінгі шара – тариxи шара. Сол тариxтың куәсі болуға барлығыңызды шақырамын»,-деді облыс әкімі.

WhatsApp Image 2018-09-18 at 15.10.41 (2)

Көшпелі көрме жобасы 2017 жылдың қарашасында Алматыдан бастау алып, 2018 жылдың ақпан айында Шымкентте өз жұмысын жалғастырды. Екі қалада да жоғары деңгейде өткен көрмені 250 мыңнан астам адам тамашалаған.

Атырау қаласында екі ай болатын «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесін Ш.Сариев мұражайында тегін тамашалауға мүмкіндік бар.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз