Алақан жайғандар неге көбейіп барады?

Ala an zhay andar Жаңалықтар

Жер бетіндегі мұсылман қауымның ең қасиетті айыОразада, неге екенін қайдам, үйдіүйдің есігін қағып, қайыр сұраушылар көбейеді. Шамасы, басқа уақытта ештеңе бермесе де, осы айда меселімізді қайтара қоймас деген үміт пен сенімнен болар. Міне, биыл да сөйтті.

Алақан жайғандар

Даладағы айқай-шу үдеңкіреп кеткесін, кеш те болса, сыртқа шықтым. Қарасам, жанына кішкене төрт баласын ертіп алған жұпынылау қазақ отбасы екен. Түк түсінбей тұрған мені байқаған балалардың әкесі: «Кім не бере алады?» деп жүрміз, апа. Біреу киілген киіммен, екіншілері тағаммен қарасып жатыр. Біз ештеңе таңдамаймыз. Жұрттың бергенін аламыз…» – деді. Жас шамасы отыздан асыңқыраған жігіт сияқтанды. Өзінен сұрап-білгенімдей, шалғай ауылдан облыс орталығына жұмыс іздеп келген. Қазір біреудің сарайын 30 мың теңгеге жалдап тұрады. Ауылда ата-аналарымен бірге тұрғандықтан, сататын басы артық үйі де, малы да жоқ. Ерлі-зайыптылардың бірі күзетші болса, екіншісі дүкеннің еденін жуатын көрінеді.

Ауылда жағдай жоқ, тірлік ету қиындады. Қазір қалаға келіп, қолымызға ақша ұстап жатырмыз. Жалақымыз аз болғасын банк арқылы несиеге үй де сатып ала алмаймыз. Бізге тиімдісі – жер. Бірақ, ол да қымбат, – деді көп балалы ана. Жаңадан бері мән бермеген екем, өзі бесіншісіне жүкті екен. «Қазір… күте тұрыңдар…» деп, мен де үйден оны-мұны әкеліп бердім. Не керек, осылайша олар қас-қарайғанша біраз үйді аралап, қайыр-садақа сұраумен жүрді.

Олар ұзап, көзден ғайып болғасын көршілер: «Аяқ-қолдары сап-сау болып қайыр сұрағандары несі?», «Жап-жас адамдардың мұнша мүсәпірленгені ұят екен!», «Үй-күйі жоқ, несіне жетісіп туа береді?!», «Ауылдағы әке-шешесі бұлардың алақан жайып, тіленіп жүргенін білмейтін шығар!», «Қазақ десе, өзімізге тиеді. Мыналары артық енді!» – десті. Осыны айтып тұрғандардың бәрі – басы артық киім, тағам, ақша ұсынғандар.

Дұрыс айтасыздар. Бұл әңгімені олардың өздеріне айтуымыз керек еді. Есімізге келмегенін қарашы. Расында да мүгедек емес, екеуі де жұмыста. Қазір кімге жетіп-артылып жатыр? Сонда да әркім өз күнін өздері көруде. Он екі мүшесі сау жас адамдардың қайыр сұрап, шұбырып жүрулері ұлтымызға сын секілді. Қой, барып айтайын, енді көше кезбесін, – деп, соңдарынан іздеп шықтым.

Көп ұзай қоймаған екен, ақыры таптым. Бәріміздің ойымызды жеткіздім. Менің бұл келісімді дұрыс түсінбеген ерлі-зайыпты: «Жағдайымыз жақсы болса, осылай жүрер ме едік? Жаныңыз ашып бара жатса, табысы жоғары жұмысқа орналастырыңыз! Үй салып беріңіз! О несі, артымыздан қуып келіп, ақыл айтқаны!..» – деп, өзімді сөгіп тастады. Сөйтіп, олар өздерінің бұл жүрістерін, өкінішке қарай, дұрыс санады…

Қазақпыз ғой, біз бір нәрседен қатты қорыққанда, садақа айтамыз. Біріміз бір мал шалып, ағайын-туысты үйге шақырсақ, екіншілеріміз мешітке барып, тиын-тебен тастаймыз. Ал, үшіншілеріміз базар мен банк, дүкен мен көшеде алақан жайып отырған қайыршыларға ақша ұсынамыз. Қайыр сұраушылар арасында арақ-шарап алу үшін отыратындар да жоқ емес. Тегінде садақа, шынымен-ақ, ішер асқа мұқтаждарға, дімкәс жандарға, бала-шағасы көп, ата-анасының бірі қайтқан, болмаса  мүгедек отбасыларына тиісті. Бірақ, біз мұның байыбына бармай, зерделемей, «садақа бердік» деп, бір іс бітіргендей күйде жүреміз.

Мұхаммед пайғамбарымыз бізден бұрын өткен бір адамның тіршіліктегі ісі туралы есеп жүргізгенін айтады. Сөйтсе оның бірде-бір сауап боларлық ісі болмай шығады. Бірақ, өзі аса бай болғандықтан маңындағы кембағалдар қарыздарын өтей алмағанда, оларды кешіре беріпті. Міне, нақ осы ісі үшін Алла оның барлық күнәсін кешірген дейді. Мысалдан көріп отырғанымыздай, садақа беру тек ақшамен өлшенбейді. Ол – адамдармен жақсы қарым-қатынас, жарасымды сұхбат, кеңпейілділік, керек десеңіз, біреуге жылы жүзбен қарау…

Пендешілікпен адамдардың бір-бірімен араздасуы, көңілдерін қалдыруы, бәрібір, орын алуда. Керек десеңіз, күнелтісі бар адамдардың арасында да: «жетпейді», «жоқ» – деп зар илейтіндер бар. Расында, барды жоқ деу де – үлкен күнә. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбарымыз: «Садақа бергеннен пенденің малы кемімейді. Кейбіреулердің малына қиянат жасалса да, сабыр сақтаса, Алла оны құр қалдырмайды. Кейбір пенде тіленшілік есігін ашып қойса, Алла оған кедейліктің есігін ашып қояды,» – дейді. Сондықтан, «анау жетпейді, мынау жетпейді» дей бермей, осы тірлігімізге шүкір етелік, ағайын!

Лиза Сейтімова

Сіз не дейсіз?

«Өзі мүгедек бола тұра, мұқтаж жандарға қарасты»

Жеті мүшесі сау адамның отбасымен үй жағалап, алақан жайып жүруін жүз пайыз құптауға да, даттауға да болмайтындай. Себебі, мен ол кісілерді жете білмеймін, танымаймын. Кім біледі, мүмкін, мұның басқадай сыры бар ма? Меніңше, оларды зерттеу керек, нақты себебін анықтаған жөн. Жалпы, осындай мысалдарды естіген сайын менің жүрегім ауырады…

Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс, олардың өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезіну мәселесімен мен 2002 жылы тікелей айналыстым ғой. Сол себепті, оларды толғандыратын проблеманы мен бес саусақтай жақсы білемін. Дені сау, бірақ шиеттей бала-шағалы, күнелтісі төмен жандарға бір кісідей көмектесіп отырған мүгедектер де бар. Оларға қалайша сүйсінбейсің, қалайша өзгелерге үлгі етпейсің!

Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА,

«Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестіктің төрайымы.

 

«Дені сау жастардың қайыр сұрауы жөнсізау»

Сексеннен асқан шағымызда біз не көрмедік, нелер бастан өтпеді дейсіз. Қандай қиындықта да біз адал еңбек етуге тырыстық. Қазіргі күнгі жастардың біразы, менің байқауымша, жұмыс таңдайды. Ақшасы көп жұмыс керек деп, шіреніп үйлерінде айлап, жылдап жатып алады.

Осы уақыт бойы олар әке-шешелерінің табысына ортақтасып, екеуіне жөнсіз тиісіп те қояды. Бір сөзбен, өкінішке қарай, балаларымыздың көбі – жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге үйреніп алғандар. Әйтпесе, тепсе темір үзетін жаста қайыр сұрап не көрінді?! Мұндайды қою керек!

Мырзабай ӘЗЕРБАЕВ,

геология саласының ардагері,

Атырау қаласы.

Мен не үшін ұяламын…

Көп нәрседен ұяламын. Қазақтың бір толымды азаматы ретінде әділ сөз айта алмағаныма !  «Алдымен өзің топшылдықтан, жершілдіктен, сатқындықтан, екіжүзділіктен арылып, сөзің мен ісің бірдей болсын, бұл бізден кейінгі болашақ жастарға қалдырар өсиетіміз болуға тиіс» деп ұрандай алмағаныма!  «Жауың жайраңдап жүрсе, оған ызаланба, жауың жамандыққа ұшыраса да оған қуанба, жүректің соқырлығынан көздің соқырлығы жақсы, бұл үшін ең әуелі иман керек» деп иландыра алмағаныма!

Бір аралас-құралас жолдасымыз «мерейлі жасқа келдім» деп ұлан-асыр той жасамақ болды, әуелі қой сойды, соңынан тайынша сойды. «Қазақ бала туса шілдехана жасайды, мүшел жасқа шығарда дұға оқып, жанашырларымен сұхбаттасады, сенікі есіру ме, елігу ме?» деп айта алмағаныма ұяламын. Бәрібір есерлігін тоқтатпайды ғой деп тоқталамын.

АҚШ -тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның әйелі Хиллари Клинтон естелік кітабында: «Күйеуім Билл Президенттіктен кеткенде, біздің 10 миллион доллардан астам қарызымыз болды, тіпті қызымыздың оқуына төлейтін ақшамыз болмай әркімдерден қарыз алып жүрдік», – депті. Нағыз біздегі мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктерге үлгі болатын сөз емес пе? Ресейдің жемқорлықты зерттеу мәліметі бойынша «Жемқорлықпен бетпе-бет келу» халықаралық индексінде Жапония мен АҚШ ең төменгі сатыда екен. Жапония «Жергілікті өзін-өзі басқару» заңын 1947 жылдан өзгеріссіз пайдаланса, ал 1950 жылғы «Парламент туралы заңның» бұлжымай жүзеге асуын және басқа заңдардың тұрақтылығына қызыға да қуана қарап отырамын. Оларда «депутат келді» деп абыр-сабыр болмайды. Токионың губернаторы Йон чи Масудзоэ саяжайына бір рет қызмет көлігін мініп барғаны үшін жұмысынан кетті. Бізге де осыны ұғатын кез жеткен сияқты.

 Самиғолла ЗИНОЛЛИЕВ,

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз