«Адай» күйін ас әкелумен астастырғанымыз дұрыс па? Немесе күй құдіретін төмендетпейік!

gazet jane oqyrman4 Жаңалықтар

Бұл – тағылым аларлық тың бастамаларымыздың тағы бірі. Жаңа   жоба – ұлтты сақтау, рухани жаңғыру идеясына ұласқан ұстанымдарымыздың бір парасы. Қазақ үшін қастерлі ұғымдарды ұлығылау, қадірін арттыру мақсатында ойластырылған айдардың айтары мол. Ендеше, «Қазақ қазынасын» толықтыруға сіз де үлес қосыңыз, ойлы оқырман!

gazet jane oqyrman4

Соңғы жылдары той-томалақтың табақ тарту рәсімі кезінде ұлы күйші Құрманғазы бабамыздың «Адай» күйін ойнату дәстүрге айналып кетті. Осы орайда жазушы, зерттеуші, ғалым, өнер жанашыры Ақселеу Сейдімбектің «Күйді мың кісі тартады, алайда бір кісі ғана түсінеді» деген сөзі еске оралады. Оның байыбына үңілсек, жаңағыдай жағдайға бармас та едік.

_EAC7022

Құрманғазының «Адай» күйінің бізге қазір үш нұсқасы (Қ.Жантілеуов, Д.Нұрпейісова және Н.Бөкейхановтың орындауында) белгілі. Ал, оның шығу тарихы жайында әртүрлі аңыз халық арасында кең тараған.

Соның бірі – композитор, ұлы музыкатанушы, «Құрманғазы» кітабының авторы Ахмет Жұбановтың ұсынғанын алайық. Ол өз кітабында: Құрманғазы жолаушылап келе жатып бір адайдың (ру аты) үйіне түседі. Үй ішінде шал мен кемпір болады. Күйші өзін «құдайы қонақпын» деп таныстырады. Кемпір-шалдың 17-18 жас шамасындағы Ақмаңдай есімді қызы домбырасын өз бұрауына түсіріп, бір күйге кірісіп кетеді. Ол аяқтала бергенде Құрманғазы қызға қарап: «Шырағым, күйдің шоғын тартпай, боғын тарттың ғой. Домбыраны бері әкелші» – дейді. Сөйтіп, Құрманғазы жаңа бір күйді тарта жөнеледі. Адай қызымен кездесу кезінде шығарылған күй кейін «Адай» деген атпен халық арасына кең тарап кетеді («Құрманғазы», 69-70 беттер).

Ал, жазушы Ә.Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында күйдің шығу тарихын Исатай-Махамбет көтерілісімен байланыстырады. Полковник Геккемен болған ірі шайқаста әскер құрамындағы адай руының жігіттері ерекше көзге түседі. Олардың ерлігіне сүйсінген күйші осы күйін шығарған.

Үшінші бір әңгімеде бұл шығарманың шығу тарихы адайлар мен түрікпендердің арасындағы қақтығыспен байланыстырылады. Маңғыстау жерінің бір пұшпағын да түрікпендерге бермеген адай жігіттерінің көзсіз ерлігі күйшіге шабыт берген іспетті.

Не десек те, «Адай» күйі – Құрманғазының ірі, кесек шығармаларының бірі. Күйдің халық қанына, санасына әбден сіңіп кетуінің де өзіндік сыры бар. «Адайда» ірі суреткерге тән заманының алдын ораған сезімдік өткір тіл бар. Бұл күй еркіндік, бостандыққа ұмтылу, азаттық ұраны сияқты болып естіледі. Халық арманын көксеген ұлы бабамыз «Халық – күш иесі» дегенді музыка тілімен ғажап жеткізе білген.

Олай болса, өршіл рухқа, асқақ әуенге толы осы бір туындыны айқай-шудың даңғазасы, аяқ-табақтың «ұранына» айналдырып жібергеніміз ұят емес пе?! Біз Шәмшінің «Менің Қазақстаным», Ескендірдің «Атамекенін» немесе Нұрғисаның «Махамбетін» той дастарханында орындамаймыз ғой. Олардың орны – төр, киелі сахна. Ендеше «Адайдың» да орны сол жерде болуы керек.

Тойға басқа да әуендер, арнайы жазылған шығармалар жетіп артылмай ма?! Шәмшінің «Отырардағы той», Төреғалидың орындауындағы «Бәйге», Желдібаевтың «Ерке сылқым», С.Құсайыновтың «Мереке» және т.б. жүздеген ән-күйлер өзі сұранып тұрған жоқ па?! Тіпті, Құрманғазының әуезді, ырғақты, ойнақы «Балбырауын», «Балқаймақ», «Қос алқа» сияқты туындылары бар ғой.

Біз осы мақаламыз арқылы қалың оқырманға ой салсақ дедік. Өреміз биік, талғамымыз терең болса, жоғарыдағыдай берекесіздікке бармас па едік?! Той төресі – асабалар, көзі қарақты оқырмандар, сіздер не дейсіздер, бұл уәжімізге?!

Нариманбек Шолтырұлы,

Құрманғазы ауданы.

*Тойға басқа да әуендер, арнайы жазылған шығармалар жетіп артылмай ма?! Шәмшінің «Отырардағы той», Төреғалидың орындауындағы «Бәйге», Желдібаевтың «Ерке сылқым», С.Құсайыновтың «Мереке» және т.б. жүздеген ән-күйлер өзі сұранып тұрған жоқ па?! Тіпті, Құрманғазының әуезді, ырғақты, ойнақы «Балбырауын», «Балқаймақ», «Қос алқа» сияқты туындылары бар ғой.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз