«БАСТЫ ҰСТАНЫМЫМ – ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУ»

 – Күрес десе, делебесі қозатын қазақпыз ғой. Қызметтестеріңіз «жауырыны жерге тиместен, бірнеше секундтарда қарсыластарын жеңіп шығады» деп сіз туралы пікір айтып жатыр. Жалпы, бұл салаға қашан, қалай келіп едіңіз?
– Шыны керек, әуелгі баста спорт саласында білім алып, алғашқы еңбек жолымды жаттықтырушы болып бастағандықтан, мұнайшы мамандығы туралы ойламадым да. Қызылқоға өңірінің Мұқыр селосында дүниеге келдім. Жастайымнан күреске қызығушылығым жоғары болды.
Маған күрестің «әліппесін» үйреткен ағайым, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Әбдуалиев болатын. Самбодан дайындап, оның қыр-сырын, әдіс-тәсілін меңгертті. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, жарыстарға қатынасып, азды-көпті жүлдеге ие болып жүрдім. Сондықтан, орта мектепті аяқтаған сәтте, ойланбастан спорт факультетінің студенті атандым. Арнайы диплом алған соң, Мұқырда жаттықтырушы болып еңбекке араластым.
Уақыт өте келе, «Қайнармұнайгазда» жасайтын жолдасым Қуаныш Айтуғановтың араласуымен осы кәсіпорынның атынан сайыстарға қатынастым. Көп ұзамай аталмыш ұжымның кәсіподақ комитетінің төрағасы Қуаныш Айтжанов мені жұмысқа шақырды.
– Демек, бір-ақ сәтте спортшыдан мұнайшыға айналып шыға келген екенсіз ғой…
– Иә, солай десе де болады. Бірақ, ең алдымен арнайы білімімді жетілдіріп, осы сала бойынша жоғары оқу орнына түстім. Атырау мұнай және газ институтын «мұнай және газ кеніштерінің операторы» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Жалпы, әкем мұнайшы болғандықтан, бұл мамандықтың мен үшін жаттығы жоқ. Қызығы сол, отбасындағы тоғыз баланың біреуі де әке жолын таңдамаған. Үлкен ағам Беймырза Тайжанов – дзюдодан жасөспірімдер командасының аға жаттықтырушысы. Қалғандары – әртүрлі сала мамандары.
– Бірнеше жыл бойы спорт саласында жүріп, кәсіп ауыстырудың өз қиыншылықтары болатыны рас. Осы ретте қиындығы мол мұнайшылықты өз деңгейінде меңгеріп, лайықты қызметкер болуыңызға жәрдемдескен адамдар да болған шығар.
– Әрине, қай-қай мамандық болмасын қағаз жүзінде, теориялық білім алғанның әсері бөлек те, тәжірибелік тұрғыдан қызметке араласудан алған әсер тіптен басқаша. Сол секілді жеті қат жер астындағы «қара алтынды» жарыққа шығарып, маң даладағы мұнай ұңғымаларының тілін тауып, толассыз қызмет етуіне септесу – үлкен жауапкершілік пен біліктілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан, маған дейін де бірнеше жыл бойы аға оператор болып абыройлы қызмет етіп келе жатқан мақаттық Балтабек Ғұбайдуллин есімді әріптесімнің үйреткені мол болды.
– Жалпы, спортшылар ұдайы өз қалыптарын сақтауға тырысып жатады. Үнемі жаттығу, арнайы уақыт бөліп дайындалу дегендей. Сіздің жағдайыңызда бұл сұрақ қалай шешілуде?
– Біздің жұмыс жасау тәсіліміз ауысымдық болып келеді. 14 күнгі «вахтадан» оралғанда әлбетте, уақытымның басым бөлігін спортқа, жаттығуға арнаймын. Ал, жұмыс уақытында да спорттан қол үзіп көрген емеспін. Оператордың жұмысы ауыр болса да, ол – мен үшін жаттығудың бір түрі. Ал, кешкі сағат сегізден кейінгі бос уақытымды тағы да жаттығулар жасауға арнаймын. Біздің мекемеде арнайы денешынықтыру, сауықтыру кешені жоқ болғанына қарамастан, құрылым басшылары мүмкіндігіне қарай, спортпен айналысуға бар лайықты жағдайды туғызуда. Ал, арнайы спорт кешенін салу жұмыстары келер жылы қолға алынады деген жоспар бар.
-Әңгімемізді биылғы жылы Маңғыстау өлкесінде өткізілген спартакиада жетістіктеріне қарай бұрсақ. Сіз екінші орын алдыңыз…
– Былтырғы жылы Астанада өткен жарыста алғашқы белдесуде-ақ жарақат алып, амалсыздан ойыннан шығып қалдым. Ал, биыл Жаңаөзенде 85 келі салмақ көрсеткіші бойынша сынға түстім. Алғашқы белдесуім Қызылорданың «Қазгермұнай» командасының спортшысымен болды. 10 секундта таза жеңіске жеттім. Екінші мәрте алаңға «Өзенмұнайгаздың» «УТТИС» командасының балуанымен белдесуге шықтым. Айқын басымдықпен ұтып, ақтық сайысқа жолдама алдым.
Соңғы шешуші белдесуде Жаңаөзен балуанымен кездестім. Тағы да жарақат алуым себепті екінші орынды қанжығама байладым.
Жалпы, спорт қашанда жеңіс пен жеңілістен тұрады. Десек те, мен үшін маңыздысы – жеңіс тұғырынан көрініп, атақ-даңққа кенелу емес, өзге спортшылармен кездесіп, тәжірибе алмасу, шеберлігімді шыңдау.
– Атақ-даңқ демекші, сіздің қол жеткізген жетістіктеріңіз де аз емес…
– 1998 жылы студент шағымда самбо күресінен «спорт шебері» деген атақ алдым. Бір жылдан соң, Азия чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткіздім. 2005 жылы қазақ күресінен өткен халықаралық жарыста абсолюттік чемпион, түйе палуан атанып, жеңіл автокөліктің иегері атандым. Әр жылдары самбо күресінен чемпионатқа қатынасып, Республика бойынша бірнеше рет жеңіске қол жеткіздім.
Сондай-ақ, жаттықтырушы болып төрт жылдай қызмет атқарған шағымда шәкірттерім де облыстық, республикалық жарыстарға қатынасып жүрді.
– «Әке көрген оқ жонар» демекші, сіздің балаларыңыз болашақта қай салаға барса екен деген тілегіңіз бар? Мұнайшы ма, әлде спортшы ма?
– Қанға сіңген қасиетімізге сай, кенже ұл болғандықтан, қазіргі уақытта анамызбен бірге әке шаңырағында отырмыз. Жарым Амангүл екеуміз үш қыз тәрбиелеудеміз. Әрине, олардың мамандық таңдауына тікелей араласамыз деу қателік болар. Десек те, қай саланы таңдаса да қолдау танытуға әзірміз. Алайда, бейімділіктеріне қарай, спортқа да бет бұрғандарын қалаймын. Әйтпесе, қаршадай қыздарымды «әке жолымен жүріңдер» деп күреске қатынастыра алмасым анық қой (күліп).
Жалпы, кім-кім болмасын, спортқа бейім болып, салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн. Ол үшін мемлекет тарапынан мейлінше мол мүмкіндіктер қарастырылуда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*