Басты идея – болашақ энергиясы

ЕХРО-2017 көрмесі аясында Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен форум өтеді. «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің хабарлауынша, жаһандық деңгейдегі шараға саясаткерлер, Нобель сыйлығының лауреаттары, инвесторлар, халықаралық ұйымдар мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысады.

Көрме

Басты жаңалық сол, форум аясында жаһандық деңгейдегі энергетика проблемалары талқыланып, нақты ұсыныстар ортаға салынады. Кәсіби деңгейдегі мамандар үшін ортақ тәжірибелік алаң қалыптасады деп күтілуде. Форум жұмысына он екі тақырып таңдалып отыр. Бір қызығы, іс-шара 29 маусым күні жұмысын бастап, қыркүйек айында қорытындыланбақ. Демек, отандық ғалымдар үшін жаңа мүмкіндік алаңы ашылары даусыз.

Айта кетелік, халықаралық мамандандырылған ЕХРО-2017 көрмесінің басты идеясы – күллі әлемде сезіліп отырған қуат тапшылығын табиғи көздерді пайдалана отырып, жою. Жақын келешекте энергияның балама көздерін қолданысқа енгізу арқылы әлемдік экономиканың даму көкжиегін жаңа белеске көтеру.

Халықаралық деңгейдегі шараға Атырау облысы төрт жоба ұсынып отыр.  «Күн – жел ағашы», «Гибридті күн электр стансасы мен жылыжай кешені», «Жел электр стансасы», «Айналмалы шатырлы күрке» аталатын жобалар күннен, желден қуат өндіруге мүмкіндік береді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті және «Teksan» компаниясы екі бірдей жоба ұсынуда. Индер ауданына қарасты Елтай ауылындағы (Гибридті күн электр стансасы мен жылыжай кешені) және Исатай ауданының Манаш ауылынан (Жел электр стансасы) инновациялық жобалардың ұсынылуы – ЕХРО көрмесінің бүкілхалықтық сипатқа ие болғанын көрсетеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*