БАСТЫ НАЗАРДА – ҮНЕМШІЛДІК

Мекемедегі бірінші, екінші су көтеру станциялары мен №4-ші сүзгілеу станциясында болған шаһар басшысы жаңадан орнатылған электр үнемдеуші технологиялар жұмысына тереңірек қанықты.

– Халық тұтынатын су сапасы жақсарып, энергия үнемдеу бағдарламасы аясында осы мекемеде жаңа құрылғылардың орнатылуы үлкен жетістік болып табылады. Электр энергиясы шығынының төмендеуі су тарифінің жөнсіз өсуіне де жол бермейді, – деген қала басшысы «Атырау Су Арнасының» алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

«Атырау Су Арнасы» КМК-да 191 энергия үнемдеуші сорап агрегаттары мен 500 салқын және ыссы суды есепке алатын топтық тораптар ауыстырылған. Энергия үнемдеуші жаңа құрал-жабдықтарды жеткізген «Эргономика» ЖШС бас директоры Сергей Полищук бұл құрылғыларға бес жыл  мерзімге кепілдік берілетінін ашып айтты. «Атырау Су Арнасы» КМК-мен бұрыннан бірлесе жұмыс жасап келеміз. Бүгінгідей ауқымды істің ортасында біздің компанияның да болғанына қуаныштымыз. Мемлекет басшысы көтеріп жүрген «Жасыл экономикаға» қатысты бірден-бір іс осы деп білемін. Әсіресе, таза судың тұрғындар денсаулығына тигізер әсері зор. Осы мақсатта су тазалау құрылғыларының орнатылуы, қала тұрғындары үшін үлкен жаңалық болмақ» деді.

Сондай-ақ, ол Авангард ықшамауданына тәжірибе ретінде жаңа су есептегіш құрал қойылғанын, ол оң нәтиже берген жағдайда мүмкіндігінше қаланың қалған аудандарына да орнату көзделіп отырғандығын жеткізді.

Атқарар рөлі зор су жаңа құрылғылардың қызметтерімен таныстырған «Атырау Су Арнасы» КМК директоры Андрей Ташлыков жаңа сорғылар орнатылғаннан кейін электр энергиясы шығыны азаятынын, арнайы кестелерге сүйене отыра айтты.

«Электр энергиясы шығынына байланысты қаржы үнемделетін болғандықтан, атқарылған жұмыстың маңызы зор деп білеміз. Жаңарту ісі экономикалық тиімділігінен басқа, кәсіпорын жұмысының маңызды принцпінің сақталуын, яғни, адамдарды сапалы және тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге алып келеді,» – деген ол бұл жұмыстар тұрғындардың су шығынына төлеген қаржысына жүргізілгенін мәлім етті. Бір айта кетерлігі, жаңғырту жұмыстарының ең бастысы халыққа еш кедергісіз әр аптаның төртінші күні түңгі сағат 12:00 мен таңғы 6:00 аралығында жүргізіліп келген.

Атырау тұрғындарымен қатар, мақаттықтар да бұл істің нәтижесін көрмек. Электр энергиясы шығынын төмендетіп, су сапасын жақсартатын құрылғылар бұдан былай тарифтің орынсыз өсуіне жол бермей, халықтың қаражатын үнемдеуіне септігін тигізбекші.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*