БАСТЫ МІНДЕТ – ӨНДІРІСТІ ӨРКЕНДЕТУ

Өндірісті өңір басшысының жылдық есебінде аталып өткендей, Мақат ауданы бойынша мұнай мен газ өндіру деңгейі 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда төмендеген. Басты себеп «қара алтын» өндіруші компанияларда мұнай көлемінің азаюы, өндірілген өнім бағасының күрт төмендеуінен болып отыр. Теміржол бойымен жүк тасымалдау көлемі де былтырғы деңгейден 25 пайызға кеміді.

Дегенмен, есепті мерзімде аудан бойынша бюджетке 1,7 млрд. теңге салық түсіп, жоспар 102 пайызға орындалды. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 21,9 млрд. теңгені құрады. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғандағыдан 14,3 пайызға артық.

Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде құны 1,8 млрд. теңге болатын «Ескене вагондық сервис орталығының» құрылысы жүргізілуде. Алайда, аталған жобаның негізгі қондырғылары украиналық компанияларымен жасалғандықтан, бұл елдегі ахуалға байланысты кедергілер туындауда. Жобаның аяқталу мерзімі 2017 жылға белгіленген. Болашақта бұл жерде 422 адам жұмысқа тартылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Бәйгетөбе елді мекенінен логистикалық орталық ашу жобасының тиісті құжаттары әзірленді. Құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын жоба іске асқан жағдайда 30 адам жұмыспен қамтылмақшы.

Аудандық емханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Доссор селолық ауруханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жуырда аяқталмақшы. Бәйгетөбеде фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Доссор кентінен 280 орындық балабақша құрылысын салу үшін облыстық құрылыс басқармасымен жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Жиын барысында жарыссөзге қатысқан аудан тұрғындары – зейнеткер Бөлекбай Досалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов, Доссор поселкесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дінғали Дәулетбаевтар Астрахан-Атырау-Ақтөбе автомобиль жолының тездетіп іске қосылуына ықпал етуді сұрады. Сондай-ақ, мақаттық Гүлжан Бекбосынова, доссорлықтар Гүлзия Ерғалиева, Марат Шайконов ауыл ішіндегі жолдарды салу, ауыз су жеткізілуі мен Доссордың теміржол вокзалында перрон салу мәселелері шешімін тапса деген өтініштерін жеткізді.

Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов активке қатысушыларды алдымен өткен жылғы есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы туралы хабардар етті. Бұдан соң ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты міндеттерге тоқталып, өндірісті өңірді өркендетуге байланысты нақты тапсырмалар берді.

 Бақтықожа Салахатдинұлы еліміз әлемдік дағдарыстың қиындықтарын бастан кешіп тұрса да, халықтың әлеуетін түсірмеу, әлеуметтік міндеттерді орындау мақсатында ауқымды шаралардың қолға алынып жатқандығын қаперледі. Аймақ басшысы «Ембімұнайгаз» ӨБ тарапынан, «Теңізшевройл» және басқа да ірі өндірістік кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлердің жұмыстан қысқаруына еш негіз жоқтығын кесіп айтты. Сондай-ақ, ол ауданда 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысының сәуір айында басталатынын, О.Сарғұнанов орта мектебі мен балабақша құрылысының ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға берілетіндігін, Доссордың инфрақұрылымын жаңғырту шараларына 2 млрд. 350 млн. теңге қаржы бөлініп отырғанын айтып, көпшілікті қуантты.

– Биыл аудан бойынша жарықтандыру жұмыстарына 28 млн. теңге қаржы бөлініп, іске асыру жоспарланған. Кенттегі Шапағат, Болашақ, Ынтымақ, Құрылысшылар, Бірлік ықшамаудандарына ауыз су жеткізу жобасы жасақталып, оған 295 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Аудан орталығында вокзал маңынан демалыс саябағын жасау, кенттегі «Жеңіс» саябағын қайтадан қалпына келтіру шаралары ағымдағы жылы жүзеге аспақшы, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Аудан активінің жиналысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ермек Алпысов қатысып отырды.

Есеп беру жиынынан соң  аймақ басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан Алтыбаев.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*