БАСТЫ МАҚСАТ – ӘДІЛ ТӨРЕЛІК

Елеулі өзгерістер баяндалған мақалада «Сот жүйесінің және судьялардың мәртебесі» туралы конституциялық заңға көптеген өзгерістер енгізілгендігі, жаңартылған заңнамалардың қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал ететіндігі айтылды. Елдегі соттарды реформалаудағы басты мақсат – сапалы судьялар корпусын жасақтау болып табылады. Сол себепті, қазір «судья боламын» деген кандидатқа қойылатын талаптар да  жоғары болып отыр.

Атап айтар болсақ, судьялыққа кандидат жоғары білімді иеленуімен қатар, бес жыл сот отырысының хатшысы, кеңесші, сот көмекшісі, прокурор, адвокат қызметтерін атқарған немесе заң саласында он жылдан кем емес қызмет жасаған адам болуы тиіс. Тағы бір өзгерісі – ол полиграфиялық зерттеуден өту.

Ұлт жоспарындағы тапсырмаларды іске асыруда Азаматтық процессуалдық кодекске де көптеген өзгерістер енді. Оның ішінде істі қарауға әзірлеу кезінде тараптарға көптеген мүмкіндіктер берілді. Қойылған талапқа қатысты бітімге келу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Апелляциялық сатыдағы істер үш судья құрамымен қаралады. 

Жаңадан  енгізілген партисипативтік ұғымы  бітімгершіліктің бір түрі саналады. Ол – тараптардың адвокаттарының өзара келісуі негізінде жүргізілетін келісім.

Сот реформасының маңызды қыры – сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйеге өтуі. Атап айтқанда, жаңа өзгерістерге сәйкес іс бірінші сатыда, апелляциялық және кассациялық сатыларда қаралады.

Бүгінде сот процесінің ашық түрде өтуі қолға алынды. Бұл ретте сот залдары аудио және бейне құралдарымен жабдықталып, кез келген сот ісі міндетті түрде осы құрылғылар арқылы жүргізіледі. Мұның бәрі – соттардың халыққа бір қадам жақын болуы бағытында жасалған шаралардың бірі. Бұл – әлемдік тәжірибеде өзін ақтаған үрдіс және мемлекет осы талаптарды жүзеге асыру үшін барлығын толық іске асыруы қажет.

Сот төрелігінің ең лайықты, әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлермен жүзеге асып, құқықтық заңнаманы жетілдірудің мемлекет тарапынан қолға алынуын озық отыздыққа қосылуға бастаған жарқын жол деуге әбден болады. 

Алтыншаш МАҒЗОМОВА, Исатай аудандық сотының төрайымы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*