БАСТЫ БАҒДАР, БАЙЫПТЫ ҚАДАМ

Жолдау өркениет жолында жаңа технологиялық даму жетістіктерін игере отырып, халық тұрмысы мен мүмкіндігін жақсарту, күшейту арқылы әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына ену бағдарламасын егжей-тегжейлі баяндауға арналды. «Нұрлы жол» жастардың болашаққа деген сенімін айқындап, қажырлы еңбек ете отырып, келешекті кемел ету жолында үлесі зор болатынын баса көрсетті, – деді Мейірім Жоламанұлы.Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында Елбасының тікелей тапсырмасымен түрлі бағдарламалар қолға алынды. Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарға әлемдік бәсекеге түсуге жол ашылды.

«Ересек өмірге қадам басқан әрбір бозбала мен бойжеткен қажыр-қайраты және еңбегінің нәтижесінде сапалы кәсіби білім алуға, жоғары жалақысы бар тұрақты жұмысқа тұруға, отбасын құру үшін жеке баспаналы болуға, салауатты өмір сүруге қажетті мүмкіндіктерге ие болуға тиіс» деген еді ел Президенті «Жас Отан» жастар қанаты құрылтайында. Осы орайда, ауыл-аймақтағы маман тапшылығы мәселесінің оңтайлы шешілуіне «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы үлкен септігін тиігізуде. Жас мамандардың тұрақты жұмысқа орналасуына, ауылдардың маман кадрларға деген мұқтаждығының белгілі бір дәрежеде шешілуіне осы бағдарлама жол ашып отыр.

– Елбасының «Нұрлы Жол» Жолдауында жұмыссыздықпен күрес мәселесі өткір қойылды. Осы орайда, жұмыссыз жүрген жастарды қоғамдық жұмыстарға тартуда нендей шаралар қолға алынып жатыр?

– Стратегиялық құжатта көрініс тапқан көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытудың кешенді жоспарын, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытуды көздейді. Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, тек жол салу арқылы ғана 200 мың жұмыссыз жұмыспен қамтылады деген сөз. Бұл да жастардың жұмыспен қамтылуына мол мүмкіндік берері хақ. Облысымызға ойысар болсақ, соңғы бес жылдан бері индустриялық-инновациялық бағдарламалар аясында Атырау өңірінде 42 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыс жасауға жаңа салалар ашылып отырғанын көрсетеді.

Өткен жылы уәкілетті жұмыспен қамту органдарына 6928 жас хабарласқан, оның 3147-і ауыл жастары болса, 3781-і қала жастары. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Жастар тәжірибесіне 1337 жас түлек орналастырылды. Былтырғы жылы жастар тәжірибесін 790 адам аяқтаса, оның 346-і тұрақты жұмысқа қалды. Халықтың нысаналы тобына арналған әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 635 адам жіберілді, соның 212-сі жастар санатынан.

 – Стратегиялық құжаттағы жаңа тұрғын үй бағдарламасы көпшіліктің назарын аударды. Бұған дейін де жас отбасыларды баспанамен қамтуға қатысты Үкіметтің бірнеше бағдарламасы болған еді. Әйтсе де, баспана мәселесі толық шешімін таппай келді. Осы орайда, өңірдегі жас отбасыларды баспанамен қамту жайы қаншалықты жүзеге асуда?

 – Соңғы кездері жастар үшін өткір мәселе ретінде баспана машақаты тұрғаны рас. Бүгінде ол проблема да шешімін тауып келеді. Елбасының стратегиялық құжатында 2015 жылдан бастап жас отбасыларға бастапқы жарнасыз және төмен пайыздық көрсеткіште үйлер салуға 180 миллиард теңге қаражат бөлінетіні айтылды. Әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, баспана мәселесі және оның қатардағы азаматтарымызға, әсіресе, жастарымызға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бағдарлама қабылдауды да тапсырды. Елбасымыз ұсынып отырған тың бағдарлама қаншама қазақ жастарына үміт отын жағып қоймай, армандарының орындалатынына көз жеткізгендей. Жастар баспаналы болса, жұмыссыздар саны азайып, жұмыспен қамтылады деген сөз.

Осы орайда, облыстық бағдарламалар да бастауын алған болатын. Мәселен, облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жас отау» бағдарламасы бойынша салынған 90 пәтерлік үй ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп отырмыз. Биылғы 90 пәтерлік үйдің әр пәтеріне 14 адам құжат тапсырған. Жалпы мемлекеттің жастарды баспанамен қамтамасыз етуге байланысты саясаты дұрыс, қаражаты жақсы бөлінгенімен, жоғарыда көрсетілген саннан сұраныс әлі қанағаттандырылмай отырғанын байқауға болады.

Үстіміздегі жылы «Жас Отау – Атырау» жобасы аясында жиынтық табысы төмен жас отбасыларға арналған 150 орындық жатақхана және 120 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталады. Бұған қоса, жетім және жағдайы төмен отбасыларға арналған 240 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріледі.

– Президент кезекті Жолдауында алдағы жылдарды жан-жақты экономикалық сараптай отырып, Жаңа Экономикалық Саясатты жариялады. Ең алдымен шағын және орта бизнесті экономикамыздың күретамырына айналдыру мақсатындағы жұмыстарға жаңа қарқын бере отырып, кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу қажеттілігі баса айтылды. Жастарды кәсіпке баулуда атқарылып жатырған жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз?

– Жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Самұрық» Жастар кәсіпкерлер лигасы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған әлеуметтік қызмет – «Co-working» орталығының жұмысын ұйымдастырды. Сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Жас кәсіпкерлер мектебі» ашылып, жұмыс жасайды.

Қыркүйек айында кәсібін жаңа бастаушы жастар арасында «Жастарды қолдау орталығы» ҚБ «АтамекенStartUp» ұйымымен бірлесіп, StartUp байқауын өткізді. Байқауға 100-ге жуық жас қатысып, өз жобаларын таныстырды. Нәтижелі жобалар бағалы сыйлықтармен қоса, мемлекеттік қолдауға бағытталған кеңестер алды.

Кәсіпкерлікке бет бұрып, жеке ісін ашқан жастар да жетерлік. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына облыс бойынша барлығы 56 кәсіпкер қатысқан болатын. Оның ішінде 11 жас кәсіпкер субсидиялармен қамтылды. Айта кету керек, аталған бағдарламаның гранттық қаржыландыру бағытына қатысушылардың басым бөлігі де жастар. Облыстық кәсіпкерлікті және индустриалды-инновациялық даму, жастар саясаты мәселелері басқармалары Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді. Болашақта тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар отансүйгіш жастар ғана бар белесті бағындырары хақ.

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*