«Баспасөз – қоғам айнасы»

«Қазіргі қазақ журналистикасы: жаңа трендтер мен технологиялар» тақырыбындағы медиа -конференция ауқымында өткен секциялық бөлімнің тақырыбы «Баспасөз – қоғам айнасы» деп аталды.

????????????????????????????????????

Бүгінде баспасөз қоғамдық пікірдің ұйытқысы ғана емес, тіл тазалығын сақтаушы, мәдениетін қалыптастырушы міндетті де атқаруда. Сондықтан, секция отырысында сөз сөйлеушілер мәселенің осы тұсына басымдық берді.

– Тіл – жанашырлықпен қарасаң, ажары кіріп, құлпыра түсетін тірі ағза секілді. Осы тұрғыдан келгенде, орашолақ аудармаларды ана тілімізден аластатқан жөн-ау. Бұл бүгінгі қоғамның айнасы саналатын баспасөзге қатысты мәселе. Бұрын салют Жеңіс күні ғана көкті көмкеретін. Ал, қазір фейерверк деген таңсық болудан қалды. Үйлену тойы мен жеке адамның қуаныштарында да аспанға атылып жатады. Осы фейерверкті біз отшашу деп жүрміз. Меніңше, сәтсіз аударма секілді. Өйткені, қазақ арасында «от шашу, күл шашу» деген сөз тіркестері жағымсыз мағына береді. Ұсынысым, фейерверкті аталмыш құбылыстың поэтикалық-романтикалық табиғатына сай «жұлдызжауын» десек жарасады-ау. Ақпарат құралдарында, оның ішінде баспасөзде көрініс тапқан аудармалар халықтың санасында солай қалыптасады. Сондықтан, журналистер қауымы тіл тазалығына ерекше маңыз беріп, білімді, білікті аудармашылардың еңбегіне сүйенуі қажет деп ойлаймын, – деді Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

– Осыдан біраз бұрын Маңғыстау облысына жаңа басшы келді. Ақпарат құралдарының бәрі ол кісінің қызметін тек жақсы жағынан жазды. Келеңсіз көріністер көрсетілген жоқ. Содан араға уақыт салып, басшы өзгергенінде БАҚ-қа өзгеше талап қойылды. Сын жазу қажет болды. Қалыптасып қалған теріс жағдай осы тұстан көрінді. Журналистер аяғына жем түскен аттай өмірдің өзгеше көріністерін жаза алмай қиналып қалды. Осындай біржақтылықтан сақтанғанымыз дұрыс, – деді «Маңғыстау медиа» ЖШС директоры Сағындық Рзахметов.

Баспасөзде үлкен тәжірибесі бар Ертай Ашықбаевты ақпарат құралдарының қоғамдағы орны ерекше толғандырады екен.

– Өмір қалай өзгерсе, баспасөз де солай өзгереді. Қазіргі заманның келбетіне сай көптеген жағдайлар түбегейлі жаңарды. Бұрынғы баспасөз ұрпақты тәрбиелеуші басты құралдың бірі еді. Тіл көркемдігіне, түрлі жанрларға маңыз берілетін. Бүгінде ол ақпарат таратушы көзге айналып отыр. Сонымен қатар, ақпарат құралдарының бірі тек жақсы дүниелерді жазса, керісінше, келесісі жаманды ғана теріп жазады. Бұл көпшілікке екіұдай пікір қалдырады. Ақиқатында, өмірдің өзі ащы мен тұщыдан тұрады емес пе? Дегенмен, жанымызға жат құбылыс, жиіркенішті жақтарын жазуға ынтық болмағанымыз дұрыс секілді. Осындай дүниелер жиі жарық көрсе, халықтың оған еті үйренеді. Бұл мәселе осы себептен журналистердің жауапкершілік танытуын қажет етеді, – деді Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*