Баспана – баршаға!

Әр қазақстандықтың жеке баспанаға ие болып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғызу – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыда тәуелсіздік жылдарында көптеген бағдарламалардың қабылданып, еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа үйлердің бой көтергені белгілі. «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» сынды түрлі ипотекалық бағдарламалар аясында бір ғана Атырау қаласында «Алмагүл», «Нұрсая» сынды жаңа мөлтекаудандар бой көтерді. Қазіргі таңда «Береке» ықшамауданы алып құрылыс алаңына айналды.

Баспана – баршаға!

Азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де айрықша үлес қосып келеді. 2006 жылдан бері мемлекеттік бағдарламалардың басты операторы саналатын аталмыш банктің Атырау облыстық филиалындағы салымшылар саны бүгінде 52 094-ке жетті. Ресми мәліметке қарағанда, аталмыш банктің Атырау облыстық филиалынан алынған кредиттік база – 17 млрд. 391 млн. теңгені құраған.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 630 адам пәтерлі болды. Олар рәсімдеген ипотекалық несие көлемі – 6 млрд. 300 млн. теңге. Тар-қатып айтар болсақ, бір ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 млрд. 291 млн. теңге көлемінде тұрғын үй заемы рәсімделді. Қазіргі таңда тағы да 21 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоба бойынша, 13 үй «Береке», 8 үй «Нұрсая» ықшамауданынан берілуі тиіс.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы қаржыландырылған кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 12 жаңа үйдің құрылысы аяқталды. Оның ішінде, 4 үй – Балықшы кентінен, 2 үй – Вокзал маңы мөлтекауданынан, 6 үй  «Тұлпар-2» ауданынан берілді. Осылайша, 677 отбасы қоныс тойын тойлады.

Гүлнар ҮМБЕТҚЫЗЫ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары:

Жылдық үстеме – 7 %

– Бүгінгінің басты жаңалығы сол, елімізде «7 – 20 – 25» бағдарламасы іске қосылды. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясындағы аталмыш бағдарламаға баспанасы жоқ азаматтар қатыса алады. Ресми кірісі бар әр жұмыс істейтін азамат 20 пайыздан аспайтын мөлшерде бастапқы жарна салу арқылы, 25 жылға дейінгі мерзімде ипотека рәсімдей алады. Жылдық үстеме 7 пайыздан аспайды. Аталмыш бағдарлама аясында жаңа үйлерге ғана ипотекалық несие рәсімдеу қарастырылған. Қазіргі таңда филиалда дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынған «Өз үйім» бағдарламасы аясында 270 пәтерлік бес үй тапсырылады деп күтілуде. Жаңа пәтерлер өз иелерін «Береке» ықшамауданында күтеді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Атырау қаласының Талғайраң елдімекенінен үш типтік жоба бойынша, үйлер салына бастады. Жаңа баспана барлығы 80 жер учаскесіне тұрғызылады деп күтілуде. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы – 120 мың теңге.

Дайындаған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*